КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ КЕЛЕЛІ МІНДЕТІ

72

0

Қызылорда
облысы әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің соңғы отырысы жаңа құрамда өтті.

 

– Бұған дейінгі кеңестің құрамындағы кәсіпкерлердің
үлесі 61 пайыз болса, жаңа құрамдағы кәсіпкерлердің үлесі 71 пайызды құрады.
Кәсіпкерлердің көбейтілуінің басты себебі, олар саладағы жүйелі мәселелерді
нақты біліп, оның шешу жолдарын жақсы түсінеді. Кәсіпкерлік саласын тиісті
деңгейде дамыту үшін біз әрдайым кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс
жасауымыз керек, –деді кеңес төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Аймақ басшысы сонымен бірге осы мақсатта облыстағы
барлық мемлекеттік органдар жанынан 69 консультативтік-кеңесші органдар
құрылған болса, оның ішінде кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын 43-не жергілікті
кәсіпкерлер мүшелікке енгізілгенін жеткізді. Яғни, аталған кеңестердің
құрамындағы кәсіпкерлік өкілдерінің үлесі 50 пайыз және одан жоғары деңгейде
қамтамасыз етілген. Сол секілді, биылғы жылдан бастап облыстық мәслихат жанынан бірінші рет кәсіпкерлік
мәселелері жөнінде тұрақты комиссия құрылды. Айта кету керек, облыстық
мәслихаттағы 29 депутаттың 17-сі
кәсіпкерлер. Оны кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің
төрағасы Асқар Махамбетов басқарады. Ол Өңірлік инвестициялық орталығының
бақылау кеңесінің төрағасы, СПК Байқоңырдың директорлар кеңесінің мүшесі және
облыстық бюджеттік комиссиясы кеңесінің мүшесі болып табылады.

Облыс басшысы мамыр айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының
төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен
өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда облыстағы
кәсіпкерлік саласының дамуы мен олардың проблемаларын шешу бойынша өңірлік
кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарылған жұмыстар талқыланғанын айтты.
Кеңесте 15 тармақтан тұратын іс-шара жоспары бекітілді. Осылайша кәсіпкерлік саласын дамытуға аса мән берілуде.

Әйтсе де, аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы әлі де
алаңдатады. Өңірде ШОБ саласын қаржыландыру көлемі едәуір артқанымен,
кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері жөнінен біз республикада соңғы орындарда
келеміз.

Кеңесте саладағы проблемаларды шешу жолдары туралы
облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев өз баяндамасында келтіріп өтті. Ол
аймақта кәсіпкерліктің дамуының әлі де төмен болуының басты себептерінің бірі
бизнестің негізінен Қызылорда қаласында шоғырлануынан екенін айтты. Сараптаулар
көрсеткендей, ШОБ саласын дамыту және экономика құрылымын түбегейлі өзгерту
үшін жаңа бизнес түрлері мен жаңа салалық білім қажет. Ол үшін екі жол бар.
Алғашқысы, жобаларды бірлесіп, оның ішінде «Асар» әдісімен де жүзеге
асыру. Екіншісі, шетелдік инвесторлармен
негізгі жобаларды белсенді жүзеге асыру. Мәселен, құс фабрикасы, жылыжай,
көкөніс қоймасы, көкөніс өңдеу, май шығару немесе майлы дақылдарды қайта өңдеу
секілді жобалар.

Бүгінгі күні облыс аумағында туризм саласында бірқатар
жо­баларды (Қамбаш көлі жағасында демалыс аймағын салу, Бай­қоңыр қаласы
іргесінде қонақ үй құрылысы, Қызылорда қаласы маңында және Жаңақорған ауданында
жол бойы сер­вис­тік қызмет желілері, Шиелі ауданындағы Ханқожа көлі жа­ға­лауында
демалыс аймағын құру), агробизнес саласында (Қар­мақшы ауданында жылына 1500
тонна құс етін шығаратын құс фабрикасы, көкөніс сақтау және өңдеу өндірісі
(салқындату, вакуумды қаптау, консервілеу және т.б) жүзеге асыру жоспарлануда.

Көп жағдайда жергілікті бизнес мұндай жобаларды қысқа
уақыт ішінде жүзеге асыра алмайды. Біз жобалардың 3 жылдай қағаз бетінде қалған
мысалдарын да білеміз. Осы жобаларды жүзеге асырамыз деп уақытты құр жіберіп
алған кәсіпкерлерден жер учаскелерін қайтарып алу мәселесін де тездетіп шешу
қажет болады. Мұның өзі созылып кетуі мүмкін. Бизнесті мемлекеттік қолдау
немесе сүйемелдеу турасында айтқанда мемлекет барлық жағынан көмектеседі деген
стереотип қалыптасқандығын да айта кеткеніміз жөн. Бұған тамшылатып суғаруды
енгізу барысында көз жеткіздік. Барлығы да тегін жасалады деген ой қалыптасқан.
Алайда, олай болмайды ғой.

Проблеманы шешу үшін алғашқы кезекте жүзеге асырылатын
мерзімдері белгіленген нақты жобалар тізімін қалыптастыру қажет. Сол секілді,
жобаларды жүзеге асыруға қабілетті жергілікті кәсіпкерлер тізімін жасау керек.
Мемлекеттік қолдау және сүйемелдеу шараларын айқындап алған дұрыс. Қытай, Иран,
Ресей, Украина және т.б елдерден инвесторлар тарту тиімділігін берері сөзсіз.

Сол секілді бизнесті, атап айтқанда, сауда-коммуналдық
базарлар, жол бойы сервистік қызмет, логистика, көкөніс сақтау, жылыжай, өңдеу
өндірісін қолдаудың бірыңғай инфрақұрылымын құру қажет. Консорциум құру да
тиімді шешімдердің бірі болмақ. Аудандар бойынша әкімдер нақты көрсеткіштер мен
жобалар, оның ішінде инвестиция тарту да бар, көрсетілген бизнесті дамыту
жоспарын жасауы керек. Мейлі жылына бір-ақ жоба болсын, бірақ жүзеге асырылудың
нақты мерзімі болуы тиіс. Кімдермен жұмыс істеуге болатынын да айқындап алған
нағыз дұрыс шешім болмақ. Ол үшін ірі
кәсіпкерлер мен шаруашылықтардың және олардың мамандандырылған саласының
дерекқорын жасап қою қажет. Мұндай дерекқор шағын кәсіпкерлер мен жаңадан
кәсібін бастап жатқандар үшін де жасалғаны абзал.

Жұмысты ірі шаруашылықтар арқылы жүргізіп, олардың
дамуына көмек көрсету қажет. Зерттеулер әлеуетті өсу мүмкіндігі мол 10 түрлі
бизнес түрін көрсетіп отыр. Жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер саны 41 мыңды
құрайды. Жағдайды, көрсеткіштерді түбегейлі өзгертпей болмайды. Әрбір салада
500-600-ден жұмыс орындары бар. Бәрін қоса есептегенде 5-6 жұмыс орны болады.
Бұл жыл сайын 20-25 пайыз өсуді қамтамасыз етеді. ШОБ активтеріне – ғи­мараттар,
өндірістер, жер учаскелері кіреді. Мысалға, облыста меншікке берілген 100-ден
аса көлдің 10 пайыздайы ғана пайдаланылуда. Егер де көл жанынан тоған шаруа­шылығын
ұйымдастырса, оның өзі 1000 адамды жұмыспен қамтамасыз етер еді. Міне, отбасы
бизнесінің мысалы. Сондықтан, жұмыс жүргізбей отыр­ғандардың иелігінен алып,
мемлекет мен­ші­гіне қайтару мәселесін ойластырған дұрыс. Тағы бір бағыт –
сауда, аудандар орта­лығында көлік-логистикалық
орта­лықтар желісін құру қажет, яғни бизнес пен жаңа жұмыс орындары үшін
қосымша инфрақұрылым болмақ.

Ал туризмнің, оның ішінде экотуризмнің жүздеген жаңа
жұмыс орындары екенін біздің кәсіпкерлер әлі түсінбей отыр. Оған инвестфорум
кезінде Қамбаш көліне барғанда көзіміз жетті. Қазіргі заманның тенденциясы әртүрлілікке
қызығушылық екенін көрсетіп отыр. Біз оны жаяу және атпен саяхат, автокөлік,
квадрацикл сафариі, көл жағасында тынығу, су шаңғыларын пайдалану түрлерін де
ұсына аламыз. Ресейден келетін туристердің үлкен легі бар, оны пайдаланбау
ақылға сыйымсыз іс болар еді.

Ресей рыногына біздің көкөніс пен жеміс өнімдерімізді
жіберу бизнестің бір бағыты. Ағымдағы жылы қауын мен қарбыздың және көкөністің
үлкен партияларын жібере бастайтын боламыз. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге
болады.

 

Ал білім деңгейі мен сапасын және еңбек ресурстарының
біліктілігін көтеру мақсатында
жергілікті кәсіпкерлер үшін корпоративті оқытуды ұйымдастырған тиімді
болады деп санаймыз. «Сентрас Капитал» компаниясының бас директоры Эльдар Әбдіразақов
жақында жаңа әлеуметтік жоба «мини Гарвард», «Professionalize Kazakhstan» бағдарлама модулінің тұсаукесерін өткізді.
Бағдарламаның мақсаты – шағын және орта бизнесті әлемнің алдыңғы қатарлы
стандарттары мен тәжірибесіне сәйкес интеграциялау мен жоғары білімін жетілдіру
және топ-менеджментке кәсіби оқыту.

Бағдарлама жоғары білім жүйесіне, кәсіби оқыту мен
басқару курстарына қосымша тегін оқыту түрінде қаралады. Ол отандық
компаниялардың тәжірибелі топ-менеджерлерінің және өз ісінің шеберлері мен
алдыңғы қатарлы болашағы бар менеджерлердің білімі мен тәжірибесін жетілдіруге
бағытталған. Оқыту көпшілікке арналған лекциялар, сараптамалық талқылаулар, топтық тәжірибелік тапсырмалар
түрінде жүргізіледі. Оқыту 2 апталық бастапқы модульмен (шілде) басталатын
жылдық, жартыжылдық топтық тәжірибелік тапсырмалар, бір-екі күндік тоқсанаралық
сессия және соңында 2 апталық модульмен келесі жылы аяқталады. 2016 жылдың 30
мамырында тыңдаушылар қабылдауға хабарлама берілді. Оқу 2016 жылдың шілдесінде
басталады деп күтілуде. Алғашқы модуль 4-15 шілдеде өтеді. Бұл бағдарлама
аймақта кәсіпкерлік пен бизнестің дамуына қозғау салады деп ойлаймыз. Құжат
қабылдау мерзімінің соңғы күні – ү.ж. 20 маусым. Гүлжанат 8-7272-311-111
(пошта: k-pro@centras.kz). http://k50.kz/ сайтында анкета толтыруға болады. Алматы қаласы.

Кеңесте облыстық индустриялық-инновациялық даму
басқармасының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев «Бәсекеге қабілеттілік
көшбасшылары – ұлттық чемпиондары» бағдарламасының ұйымдастырылу барысы туралы
хабарлама жасады. Бағдарламаның бас­ты мақсаты – Қазақстанда экспортқа
бағытталған бәсекеге қабілетті шикізаттық емес сектордың өндірісін өңірлік және
әлемдік деңгейде компаниялар қалыптастыру арқылы құру. Бағдарламаның талаптары бойынша өңдеу
өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы қызмет көрсететін
кәсіпорындар қатыса алады. Сонымен қатар, компания түсімінің басым бөлігі осы
аталған салалардың біреуіне қатысты болуы және кәсіпорынның жылдық айналымы 5
млрд теңгеден басталып, 70 млрд теңгеден аспауы қажет. Басқарма тарапынан бағдарламаның талаптары
облыстың барлық өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарына жіберіліп,
түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорындарға бағдарламаға қатысуға қатынас
хаттар жолданған. Нәтижесінде, аталған бағдарламаға облыс көлеміндегі өңдеу
өнеркәсібі саласындағы 4 кәсіпорын қатысуға ниет білдіріп отыр («РЗА» АҚ, «Арал
тұз» АҚ, «СКЗ-U» ЖШС, «Қазақстанның мұнай-химиялық компаниясы «Кемикал» ЖШС-ның
Шиелі филиалы).

Р.Сұлтангереев инвестициялық жобалардың іске асырылу
барысы жөніндегі ақпараттарды қатысушылар назарына ұсынды. 2016 жылғы 4 айда
іске қосылған жобалар 6,4 млрд теңгенің өнімін өндірді, өткен жылдың осы
кезеңімен салыстырған­­да өнім көлемі 16,4 пайызға өскен. Оның ішінде, өңдеу
өнеркәсібінде 4,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен
салыстырғанда 10 пайызға өскен. 2016 жылғы 4 айда жалпы өңдеу өнеркәсібінде
өндірілген өнім көлемінде карта жобалары арқылы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген
өнім үлесі 16,6 пайызды құрады. 2015 жылдың желтоқсан айында өткізілген картаны
өзектендіру жұмыстары нәтижесінде ИИДМБ-2 аясында облыста жалпы құны 150,0 млрд
теңге құрайтын пайдалану кезінде 3928 жаңа жұмыс орнын құруды қамтитын 38 жоба
іске асырылуда. Жобалардың салалық құрылымына келсек, ең жоғары үлес – құрылыс
материалдарын өндіру – 44 пайыз, одан кейін тамақ өнеркәсібі – 14,5 пайыз,
қалған үлесі мұнай-газ және басқа салаларға тиесілі. Жыл басында биыл 4 жобаның
іске қосылуы жоспарланған болса, атқарылған жұмыстар нәтижесінде инвестиция
көлемі 2 млрд. теңгеден астам 9 жоба іске қосылатын болды.

Кеңес күн тәртібіндегі соңғы мәселе облыстағы
жекешелендіру, экономикалық және бәсекелестікті ынталандыру мәселесі бойынша
облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев айтып өтті. Ол
жекешелендірудің 2016-2020 жылға арналған кешенді жоспары қабылданып, оған
коммуналдық меншіктің 5 нысаны кіріп отырғанын жеткізді. Оның ішіндегі
денсаулық сақтау саласына жататын нысан төрт рет сатуға шығарылса да өткен жоқ.
Ал енді жекешелендіруге жататын нысандарды сату үдерісін жеңілдететін заң
актілері шығып отыр. Соның арқасында
нысандарды екінші немесе үшінші шығарылымда сату мүмкіндігі ұлғаяды. Басқарма
басшысы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жалағаш ауданында, Байқоңыр қаласында
коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп
жатқанын хабарлады.

Осы орайда аймақ басшысы Қызылорда қаласы және аудан
әкімдіктерінің коммуналдық мүлікті тиімді пайдалану және ауылдық жерлерде
кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бос тұрған нысандар бойынша түгендеу жұмыстарын
жүргізіп, ұсыныстарын 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін облыстық қаржы басқармасына
жіберуді тапсырды.

Кәсіпкерлік саласының дамуы мен проблемаларын
талқылаған кеңесті қорытындылаған Қырымбек Елеуұлы қазіргі кезде кәсіпкерлік
саласын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыратындығына қатысушылар назарын
аударды.

– Биылғы жылы облыстық бюджеттен 360 млн теңге,
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 300 млн теңге қаражат бөлініп,
«Микробизнес-Қызылорда» жобасын іске асырдық. Бүгінгі күннің өзінде, Өңірлік
инвестициялық орталығымен жалпы құны 216 млн теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.
Нәтижесінде 200-ден аса тұрақты жұмыс орындарын құрамыз деп күтудеміз. Бүгінгі
күні банк­тер пайыздық мөлшерлемені 19 пайызға дейін көтергенін ескере отырып,
күні кеше ғана өткен 7-ші Байқоңыр Инвестициялық форумында Даму қорының басшысы
Қаныш Тілеушинмен бірге «Даму-аймақтар» бағдарламасын іске асыру үшін екіжақты
меморандумға отырдық. Яғни, облыстық бюджет 500 млн теңге, Даму қоры 1 млрд
теңге бөліп, барлығы 1,5 млрд теңге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін
қаржыландыруға бағытталатын болады. Осыған орай, кәсіпкерлер несие қаражатын
8,5 пайызбен алуға мүмкіншілігі бар.
Сондай-ақ, облысымыздың кәсіпкерлері ақысыз негізде сервистік қызмет алу
үшін, биылғы жылы облыстық бюджеттен 10 млн теңге қаражат бөлдік, – деді аймақ
басшысы.

Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020»
бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 985 млн. теңге бөлінсе, биылғы жылдың өзінде
республикалық бюджеттен 1 млрд 675 млн теңге қаражат бөлінді. Айта кету қажет,
бүгінгі күннің өзінде биылға бөлінген қаражаттың 77 пайызы игерілген. Қазіргі
кезде, республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге (1,6 млрд теңге
субсидиялауға, 400 млн теңге кепілдендіруге) қаражат сұратып отыр. Бүгінгі
таңда министрліктен алдын ала келісім алынған. Республикалық бюджеттің
нақтылануы шілде айында өтеді. Ендігі кезекте, кәсіпкерлерді тек қана
қаржыландыру мәселесін ғана ойламай, олардың бастаған бизнесін аяққа тұрғызып,
дұрыс кеңес беріп, кездесетін әкімшілік кедергілерді болдырмауымыз қажет.

Сөз соңында облыс әкімі кәсіпкерлер кеңесінің үшінші
тоқсанына арналған жұмыс кестесі бойынша Қармақшы және Жалағаш аудандарының
2016-2017 жылдарға арналған Жол карталарына сәйкес, шағын және орта бизнесті
дамыту мәселелері және ауылдық жерлерде микробизнесті дамыту барысы қаралатынын
айтты.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз