КӘСІПКЕРЛІКТІ КЕҢЕЙТУДІҢ КЕЗЕҢІ КЕЛДІ КӨПТЕН КҮТКЕН КҮН

124

0

КӘСІПКЕРЛІКТІ КЕҢЕЙТУДІҢ КЕЗЕҢІ КЕЛДІ КӨПТЕН КҮТКЕН КҮНҰлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бес ауданға жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы әр ауданда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты актив жиындарына қатысып, тиісті тапсырмалар берді.
Аралдағы іссапар игілікті істің іргетасын құюдан басталды. Тозығы жеткен аудандық ауруханаға жаңа ғимарат салудың бірнеше жылдан бері орайы келмей жүрген-ді. Бұйыртса, аралдықтар келер жылдың қыркүйегінде заманауи талаптарға сай жаңа аурухана қызметіне жүгінетін болады. 
Ашып айтсақ, қазіргі аурухана 1989 жылы салынған. Жыл сайын 10 мыңға жуық тұрғынға стационарлық көмек көрсететін нысан уақыт ағымына сай келмей, 2012 жылы апаттық жағдайда деп танылды. Ал, бой көтерер жаңа ғимарат – 150 төсектік. Ол бес гектар аумаққа орналасады. Яғни, ауласы кең, тынысы мол орын болмақ. Бұл құрылысқа 5 млрд теңге қаржы қаралған. Бастысы – емдеу мекемесі тұрғындар сұранысын толық көлемде қанағаттандырмақ. Мәселен, аурухана құ¬рамына 65 төсектік геникологиялық және туу бөлімшелері бар перзентхана кіреді. Бұл аналардың аман-есен өмірге ұрпақ әкелуіне бар жағдай жасалады деген сөз.  
Жаңа аурухананың іргетасын құю рәсімінде аймақ басшысы сөз сөйлеп, жұртшылыққа мерекелік тілегін арнады. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған ағайынның атынан ардагер Шәкірат Дәрмағамбетов алғысын жеткізіп, батасын берді.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС – ТҰРАҚТЫ ЭКОНОМИКА ТҰТҚАСЫ
Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың күре тамыры. Бүгінде саланы дамытудың жан-жақты тетіктері іске қосылуда. Айталық, «2017 жылы Қы¬зылорда облысында кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасы» әзірленді. Аймақ басшысының қаты¬суымен аудан активінің жиынында аталған жол картасы таныстырылып, Аралда атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. 
Әлем елдері бүгінде қаржылық дағдарыстың құрсауынан әлі құтыла қойған жоқ. Оған қара алтын бағасының құбылуы өз әсерін тигізіп отыр. Аймақ басшысы актив жиынындағы кіріспе сөзінде оған арнайы тоқталып, қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Яғни, ел бюджетінің болжануы мұнай бағасымен байланысты. Баға болса әлі тұрақтанар түрі көрінбейді. Мемлекетіміз мұнай өндіру көлемін қысқартты, оның 70 пайызы біздің облысқа тиесілі. Енді қайтпек керек? Аймақ басшысы Елбасының жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау экономиканың дамуында елеулі рөл атқаратынын айтты. Сондықтан да, кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін беруіміз қажет. «2017 жылы Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасының» дайындалуы осы мақсаттан туындап отыр. 
– Кіші және орта бизнесті дамыту экономиканы тұрақтандырады. Бұл орайда әлемде Польша мемлекеті алға шығып отыр. Қаржылық қиындықтар кезінде біз де бұл саланы жетілдіріп, кең көлемде дамытуға мүдделіміз. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлік нысандарын ашудың өзектілігі жоғары, – деді аймақ басшысы.
Елімізде денсаулық саласында міндетті сақтандыру жүйесі іске қосылғалы жатыр. Яғни, жұмысы барларға төлемді жұмыс орны жасайды. Ал, жұмыссыздар есепке тіркеліп, мемлекеттен бөлінетін көмекке жүгінеді. Жеке кәсіпкерлер болса, сақтандыру жүйесіне табысынан бөліп береді. Аймақ басшысы бұл бастаманың қолданысқа енуі жұмыссыздар санының бірнеше есе өсуіне әкеп соқтыратындығына баса назар аударды. Бұл тығырықтан шығудың төте жолы – кәсіпкерлікті жаппай дамыту. Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «2017 жылы Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасын» таныстырды. 
– Жол картасының басты міндеттері – техникалық және кәсіби білім беру, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бірінші кезекте кәсіпкерлікке оқыту. Сондай-ақ, ауылдық жерлерді шағын несиемен қамту, ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Бұл мақсаттар үшін ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге, облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінген. Қаржы институттары мен екінші деңгейлік банктерден 28,7 млрд теңге, жеке инвестициядан 57,5 млрд теңге бөлінеді, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Жиында Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев ауданда кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
– Ел экономикасында болып жатқан қиындықтарға қарамастан, өнеркәсіпте өсу қарқыны өткен жылы сақталды. 2016 жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 7,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты көлем индексі 101 пайызды құрады. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі 120,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 111 пайызға артты. Жан-жақты қолдау шаралары нәтижесінде, аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3875 бірлікті  құрады. Оларда жұ¬мыспен  қамтылғандар саны  – 5634  адам. Ал  шағын  және  орта  бизнестен  2016 жылы аудан  бюджетіне  760  млн  теңге көлемінде  түсім  түсті, – деді аудан әкімі. 
Сондай-ақ, Мұхтар Әуесұлы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дайындалған «2017 жылға  арналған Арал  ауданы  бойынша  шағын  және  орта кәсіпкерлікті  дамытудың іс-шаралар жоспарын» таныстырып өтті. Яғни, Арал ауданында қысқа  мерзімде кәсіпкерлікті  дамытуға, жаңа  жұмыс  орындарын құруға  мүмкіндік  беретін 3  бағыт  айқындалған, онда  97  жоба  қамтылып отыр.
Жоғарыда аталған жол картасын жүзеге асыру негізінен кәсіпкерлік палатасына жүктеліп отыр. Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов баяндама жасады. Ол «Бастау» бағдарламасы аясында 200-дей адам кәсіпкерлікке оқытылатынын жеткізді. Яғни, бизнес-бапкерлердің көмегімен оқытылған, сертификат алғандар бизнес жоба ұсынып, несиелеуге қол жеткізеді. Асқар Махамбетов бұл орайда туындаған мәселе болса, тікелей өзіне хабарлауды жеткізді.
Аймақ басшысы баяндамашылар сөзінен соң тиісті тапсырмалар берді.
ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАР КӨБЕЮІ ТИІС
Облыс әкімінің Қазалы ауданына сапары барысында да кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы актив жиыны өтті. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «2017 жылы Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасын» таныстырып, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Аймақ басшысы кәсіпкерлікті дамытуға келгенде үйреншікті бизнес түрлерін емес, өндірістік жобаларды қолға алу қажеттігін атап өтті.
– Қазіргі таңда кәсіпкерлер өндірістік жобаларға қаржы салуға қызығушылық танытпайды. Оның орнына мейрамхана, сауна, асхана, көлік жуу орындарын ашу секілді үйреншікті бизнес түрлерін таң¬дайды. Сондықтан, әкімдік өнеркәсіп сала¬сында өндірілген өнімнің нарыққа шы-ғарылып, тұтынушыға жеткенге дейінгі про¬цесті қадағалауы тиіс. Барлығымызға да белгілі, 2017 жылдан бастап Үкіметпен әзір¬ленген «Нәтижелі жұмыспен қам¬ту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бағдарламаға сәйкес, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын 8 000 айлық есептік көрсеткіш немесе 18 млн теңге шамасында микронесиелер алуға мүмкіндік берілген.
Оған қоса, несие мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін жеңілдік мерзімі қаралған. Осы ретте, барлық деңгейдегі әкімдер жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, олардың қаржы сауаттылығын арттыруға  міндетті, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда Қазалы ауданында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4173-ке жетіп отыр. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артық. Кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына 2016 жылы аудан кәсіпкерлері белсенді қатысып, 9 жоба жүзеге асырылған. Осы жылдың өзінде құны 141,9 млн теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылған. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл Қызылорда қаласынан кейінгі көрсеткіш. 
Жиында, сонымен қатар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Махамбетов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінәжадин Өтеевтер сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ЖАУАПТЫ
Осы күні түстен кейін Қармақшы ауданына аялдаған облыс әкімі аудан активінің жиынына қатысты. Қос ауданда өткен мәжілістегі мәселелер мұнда да көтерілді. Яғни, кәсіпкерлік кең өріс алу үшін үкіметтік және өңірлік бағдарламаларды тиімді пайдалануға тиіспіз. Аймақ басшысы бұл орайда ауылдық округ әкімдеріне көп нәрсе байланысты екендігіне баса назар аударды.
– Барлық деңгейдегі әкімдерге белгілі, 2012 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасына» сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару екі кезеңде жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде – қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылып, ауыл әкімдеріне салықтың 6 түрі берілген болатын. Қазіргі таңда, Тұжырымдаманың жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамытуға бағытталған екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Дайындық жұмыстары басталып кетті, 2018 жылдан бастап 2000-нан астам халқы бар елді мекендерде өз бюджеті болады, – деген аймақ басшысы ауылдық округ әкімдерінің жұмысында кемшілік көптігін ашып айтты.
Мәселен, Қуаңдария ауылдық округінде әлі күнге монша, наубайхана жоқ. Сондай-ақ, Иіркөл ауылында тұратын 900 адамның 40-ы ғана жұмыспен қамтылған. 
– Елбасы «Қазақстанның әрбір өңірі кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті жаппай дамыту бойынша кешенді шаралар ұсыну қажет» екендігін атап өтті. Осы орайда, барлық деңгейдегі әкімдерге азаматтардың бағдарламаға белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауды тапсырамын. Атқарылған жұмыстар нәтижесімен ситуациялық орталық арқылы ай сайын әрбір әкімнің жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарып жатқанын көріп отырамыз. Рейтинг нәтижесімен ауыл әкімдеріне тиісті шаралар қабылданатын болады, – деді аймақ басшысы.
Жиында Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашев баяндама жасап, кәсіпкерліктің жай-күйін баяндады. Ол өз сөзінде Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласының даму барысы бәсеңдеу екенін, олқылықтың орнын толтыруға күш салынып жатқанын жеткізді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 159 млн теңге болатын 7 жоба несиелендірілген. 
Аймақ басшысы кәсіп бастаушыларға берілетін 4 млн теңге несиені «Ақтөбе и К» ЖШС секілді шаруашылықтар арқылы жүзеге асыруды тапсырды. Бұл тұрғындардың бизнес жобаларының сәтті жүзеге асуына жол салады.
ҚАРЖЫ БАР, ЖАҒДАЙ БАР, ТЕК ЕҢБЕКТЕНУ КЕРЕК
Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапарының екінші күні Жалағаш ауданында жалғасты. Аудан активінің мәжілісінде аймақ басшысы алдымен кәсіпкерлікті дамытудың өзектілігін арқау етті.
– Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша біршама міндет қойды. Оның бірі – шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін бірыңғай өңірлік Жол картасын әзірледік. Жол картаның басты мақсаты – барлық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған үкіметтік және өңірлік бағдарламаларды біріктіріп, оларды тиімді пайдалану болып табылады. Яғни, Жол картаға сәйкес ауылдық елді-мекендердегі жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, оларды тиімді шарттармен қаржыландырып, кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс орындарының санын ұлғайту және әрбір ауданда жаппай кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық кооперациясын дамыту көзделген, – деді аймақ басшысы.
Жалағаш ауданы – облыстағы кәсіпкерлік көрсеткіші ең төмен өңір. Сондықтан да, аймақ басшысы қатаң сын-ескертпелер айтып, алдағы уақытта кемшіліктерді жоюды талап етті. Индустриалдық алаң толыққанды жұмысын бастамаған, инвестиция көлемі азайған. Аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, аудандағы тіркелген кәсіпкерлік нысандарының 76 пайызы нақты кезеңде жұмыс істеп тұр. 36 мың ғана халық тұратын шағын ауданның шатқаяқтануына негіз жоқтығын айтты аймақ басшысы. 
– Мемлекет қаражаты тиімді жұмсалса, мұндай келеңсіздік болмас еді. Мүмкіндік бар, қаржы бар, жағдай бар, оны үйлестіру – әкімдердің жұмысы. Жыл аяғына дейін көрсеткішті бірнеше есеге өсіруге тиіссіңдер, – деді аймақ басшысы.
СЫРДАРИЯДА СЕРПІЛІС БАР
Сырдария ауданындағы актив жиынында аймақ басшысы өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына оң баға берді. Халыққа жағдай жасап отырған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Десе де, алдағы міндеттердің ауқымдылығын, тоқмейілсуге болмайтынын жеткізді.
– Тәуелсіздіктің ширек ғасырында жеткен жетістіктерді одан әрі жетілдіру үшін жұмыла тер төгуге тиіспіз. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы ғана облысқа 20 млрд теңге бөлініп отыр. Кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі экономиканы әртараптандырып, дамуға серпін береді, – деді аймақ басшысы.
Сырдария ауданында өткен жылы 1927 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 5734 адам жұмыспен қамтылған. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 704,5 млн теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға өскен. Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев өткен жылы инвесторлар, кәсіпкерлермен еркін форматта іскерлік басқосу, бизнес-форум ұйымдастырылғанын жеткізді. Нәтижесінде, ауданда  2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы аясында кент және ауылдық округтер бойынша жалпы құны 3,6  млрд теңгені құрайтын 83 жоба бекітіліп, 646 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 
– 2015-2016 жылдары «Өңірлік  инвестициялық  орталығы»  микроқаржы  ұйымы  арқылы  26 кәсіпкер  құны 167,5 млн теңгенің  несиесіне  ие болды. Нәтижесінде, ауданда монша, наубайхана, бильярд, омарта, құмблоктар шығару, жиһаз, темір бұйымдарын жасайтын, түрік  тәсілімен айран  өндіру  цехтары  ашылды. Ашылған кәсіпкерлік  нысандар аудандық  эксперттік  кеңесте қаралып, халық сұранысына  сәйкес  жасақталды. Ашылған жұмыс орындары иелеріне кәсіпкерлер тарапынан зейнетақы жарналары уақытылы аударылуда. 2017 жылы  орталықтың  айналым қаражаты есебінен 10 млн теңгені құрайтын 1 жеке кәсіпкердің  «Құс шаруашылығын дамыту» жобасы қаржыландырылып, 3 жұмыс орны ашылды, – деді аудан әкімі.
Жиында аудан кәсіпкерлері сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы өз кезегінде жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Түйін. Бес ауданның болмысына қарап, кәсіпкерлікті дамыту бойынша жағдай әркелкі екенін аңғардық. Мемлекеттік қолдау жеткілікті, ал оның жергілікті жерде бизнес жобаны жүзеге асыру бағытында кемшін тұстар айқын сезіледі. Аймақ басшысының айтар ойы – ұтымды ұйымдастыру мен дұрыс бағыт-бағдар берудің жолы жүйесін таппағаны еді. Осы негізде аудан, ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берді. Ендігі нәтижені уақыт көрсетеді.

Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз