КӘСІПТІ МЕҢГЕРУГЕ ІСКЕРЛІК ТЕ, БІЛІМ ДЕ КЕРЕК

135

0

КӘСІПТІ МЕҢГЕРУГЕ ІСКЕРЛІК ТЕ, БІЛІМ ДЕ КЕРЕК«Артық болмас білгенің» деп жатамыз. Бұл – өмірдің өзі туын-датқан қағида. Оған қоса, бүгінгідей ілім-білім бірінші кезекте тұрған ғасырда іздену мен үйренудің маңызы арта түспекші. Әрі мұндай қадамның барша салаға қатысты екені тағы рас. Әсіресе, оң жамбасына келген кәсібін өрге сүйреп, шаруасын дөңгелентіп отырған іскер қауымға біліктілік деңгейінің жоғары болғаны бек жарасымды. Қызылорда облысының Кәсіпкерлер Палатасы Қазалы ауданындағы филиал директоры Ермек Жұмажанұлы Аймахановпен жасаған сұхбатымыз осы бағытта өрбіген еді.
– Ермек Жұмажанұлы, кәсіпкерлікті дамыту үшін іскерлікке қоса сауаттылық та ауадай қажет екені баршаға аян. Олай болса, сұхбатымызды қазіргі таңда жиі қозғалып жүрген кәсіпкерлік негіздеріне оқыту шараларынан бастасақ… 
– Ел кәсіпкерлерінің білімді де білікті болуы бизнес саласында аса маңызды фактор. Нақты кезеңде бұл мәселеге мемлекет те зор мән беріп отыр. Үкімет қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды іске асыру Ережесі бекітілді. Қалың оқырмандарға түсінікті болуы үшін осы Ережеде қандай ұғымдар пайдаланылатынына тоқтала кетсем. Бағдарламаның операторлары – еліміздің Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ал қаржылай емес қолдау операторы – «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы. Жергілікті жерде – Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы және оның филиалдары болып саналады. Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша Кәсіпкерлер Палатасы тарапынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беруді үйлестіру міндеттерін іске асырырады.
 «Бастау Бизнес» жобасы бойынша іске асыру тетігі Ережеде көрсетілгендей, республика бойынша 80 аудан, оның ішінде Қызылорда облысынан 5 ауданнан жеке тұлғалар – жұмыс істейтін және бастаушы кәсіпкерлер, кәсіпкерлікке тіркелген сәтіне 3 жыл толмағандар кәсіпкерлік негіздерін оқытуға қатыса алады. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту орталықтарына тіркелгеніне қарамастан, жұмыссыздар және кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен ауылдық елді мекендерде, аудан орталықтарында тұратындар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытудың қатысушылары болып табылады. 
– Енді «Кәсіпкерлік негіздеріне оқу үшін кімге жолығу керек, оқу ақысы қалай болады?» деген көпшілік көкейіндегі сауалды жеткізе кетсем…
– Кәсіпкерлер Палатасының аудандық филиалы, ауылдық округтің әкімі үміткерлердің құжаттары мен өтініштерін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына береді. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы үміткерлердің тізімін «Бастау Бизнес» жобасының нысаналы тобына сәйкес келуі тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады және үміткерлердің тізімін Кәсіпкерлер Палатасының аудандық филиалына ұсынады. Жобаға қатысушылар үшін оқу тегін жүргізіледі. Ереже талаптарына сәйкес жеке тұлға «Бастау Бизнес» жобасына бір жыл ішінде бір мәрте ғана қатысуға құқылы. Ал сертификаттың жарамдылық мерзімі – екі жыл. Бағдарлама қатысушыларды жаппай кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру принциптерін оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын қолдауға бағытталған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мақсатында филиал тарапынан өткен жылы 22 кооперативтің барлық құжаттары рәсімделіп, әділет басқармасына тіркеуден өткізілген болатын. Ал, биылғы жыл басынан бері 4 кооператив мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, құжаттары дайындалып берілді. Қызметтің барлығы тегін көрсетілді.
– Ендігі кезекте жобаға қатысушыларды таңдау тәртібі (тестілеу) барысына тоқталсаңыз…
– Бағдарлама талабына сәйкес, халықты жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті атқарушы орган бекіткен жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, бизнес-бастамасы бар тұлғалар мен бастаушы кәсіпкерлер тестілеу кезеңіне жіберіледі. Тестілеуге қатысуға жіберілу үшін жеке тұлғалар міндетті түрде жеке куәлік көшірмесін, мекенжай анықтамасын, өтініш және сауалнама анықтамасын өткізулері керек. Кәсіпкерлер Палатасы  қатысушылардың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасын анықтау үшін тестілеуге техникалық қолдау көрсетеді, сондай-ақ тестілеуден өту процедурасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпкерлер Палатасы-ның филиалы жанынан тестілеу нәтижесін қарау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия төрағасы Кәсіпкерлер Палатасының аудандағы филиал директоры, мүшелері облыстық Кәсіпкерлер Палатасының сарапшысы, бизнес-тренер, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері, жұмыспен қамту орталығының өкілі мен хатшысы аудандық координатор болып бекітілді. Оқуға жіберілу үшін шектік мән 100 балдық жүйенің 55 балл көлемінде анықталады. Шектік мәннің өзгеруі туралы шешімді Кәсіпкерлер Палатасының филиалы жанынан тестілеу нәтижесін қарау жөніндегі комиссия қабылдайды, бұйрықпен бекітіледі. Қаржылай емес қолдау операторы тестілеу аяқталғаннан соң 2 жұмыс күні ішінде комиссияның тестілеу қорытындыларымен хаттамасын электронды пошта немесе телефон шалу және жергілікті БАҚ-та, сондай-ақ, қаржылай емес қолдау операторының ресми интернет ресурсында жарияланатын болады. Тестілеуге қатысушы төмен нәтиже көрсеткенде қайта тестілеуден өтуге құқылы. Қатысушы тестілеуге бір жыл ішінде 2 реттен артық қатыса алмайды. Егер екі ретте де өте алмаған қатысушыларға Бағдарламаға сәйкес басқа оқыту бағдарламалары ұсынылады.
– Басқа оқыту бағдарламасы деген сөздің мәнісін тереңірек ұғындырып өтсеңіз…
– Бұл дегеніміз – екікүндік «Бизнес Кеңесші» оқу курсынан өту. Нақты дерекке тоқтала кетсем. Кәсіпкерлер Палатасы арқылы «Бизнес Кеңесші» оқу курсынан аудан бойынша 2015 жылы – 149 адам, өткен жылы – 49 адам, биылғы жылдың 2-3 наурыз күндері өткізілген оқу курсында 40 адам арнайы оқудан өтіп, сертификат иеленді. Барлығы 238 кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ниеттілерге арнайы сертификаттар табыс етілді. Екікүндік «Бизнес Кеңесші» оқу курсы алдағы тоқсанда да жалғасатын болады. Тестілеуге қатысқандардың арасында төмен шектік мәнді жинай алмай, бірақ нақты бизнес-идеясы болса, ерекшелік жағдай ретінде оқуға қабылданады.
Тестілеу қорытындысы шығарылғаннан кейін Кәсіпкерлер Палатасының филиалы 3 (үш) жұмыс күні ішінде қатысушылар арасынан топ құрып оқыту басталады. Ережеге сәйкес топтағы қатысушылар 15-тен кем емес және 70-тен көп болмауы керек. Алғашқы тестілеу Қазалы көлік-техникалық колледжінде осы жылдың 4 сәуірі күні интернет жүйесі арқылы, комиссия мүшелерінің қатысуымен өткізілді. Нәтижесінде сынақ тапсырған 40 адам толық өтіп, оқуды бастады.
Жоспар негізінде аудан бойынша 222 қатысушы оқытылатын болады. Бүгінгі күнге ауданда жұмыспен қамту орталығының ұсынып отырған 168 қатысушы, ал филиалға өз өтінішін берген 22 қатысушы, әзірге барлығы 190 оқуға ниеттілер жасақталды. Оқыту мерзімі ағымдағы сәуір айынан бастап желтоқсан айына дейін оқытылатын болады. Әр айда 37 адамнан оқытылады.  Қатысушы топты тәжірибелік оқытудың жалпы ұзақтығы 80 сағат, жұмыс күндері 4 сағаттан кем емес күнделікті жүктемемен өткізіледі. Бизнес-тренер бір топты бір ай мерзімде оқытады, бір мезгілде 4 сағаттық оқу (түске дейін), ал қалған 4 сағатында (түстен кейін) жеке кеңес береді. Оқытуды бизнес-тренер оқу жоспарына сәйкес заманауи оқыту әдістемелерін пайдалана отырып, интерактивті түрде жүргізеді. Оқыту кезінде жоба қатысушыларының қажеттілігіне қарай кәсіпкерлік қызметті жүргізу негіздері, салық салу режимдері, маркетинг негіздері, талап етілетін бизнес-жобалар жайында, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі ақпараттық-әдістемелік материалдар, қаржы алуға арналған құжаттар үлгілері, маркетингтік зерттеулер нәтижелері, стартаптарды іске қосудағы халықаралық тәжірибе бойынша ақпараттар ұсынылатын болады.
Сөз соңында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға талаптылар толық мағлұмат алу үшін біздің аудандық Кәсіпкерлер Палатасына келіп, кеңес алуға болады демекпін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз