КӨЗІ – ОЙЛЫ, АЖАРЫ – АЙ, ЖҮЗІ – КҮН

264

0

КӨЗІ – ОЙЛЫ, АЖАРЫ – АЙ, ЖҮЗІ – КҮНМырзан Кенжебай – 1947 жылы 31 тамызда Арал ауданы Құланды ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған.Әр жылдарда «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақ мемлекеті», «Аманат» газеттерінде тілші, республикалық «Қайнар» баспасында редактор, «Таң-Шолпан» журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазір «Мәдениет» журналында редактор болып қызмет атқарады. 
Ақынның өлеңдері «Мерейлі мекен» ұжымдық жинағына енген. «Жоғалған өлең», «Жазым өтіп барады» жыр жинақтары жарық көрген. 
Біз жетпіс жасқа толған жерлесіміздің шығармашылығынан бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
АЙДЫҢ ӨЗІ ЖЫЛАП ТҰРЫП ЖҰБАТТЫ

(кенжем Әбді-Нәжімге ғұмырнамалық өсиет)
Жібімеді-ау, – деп жүргенде, – бұл жалған
Алла берген Ай да болған, Күн болған
Әбді-Нәжім! Жарығым-ау тыңдап ал, 
Әкең қандай күн өткерген? Кім болған?
Қозғаса да қай қуаныш, қай шерін,
 Әкең ешбір сөз айтпайды «жәй», «тегін»,
Сенің жиырма беске толған күніңе
Жете алмайтын сияқтымын, қайтемін?!
Бұл заманның көтере алмай салмағын,
Жабырқасаң, жанашырсыз жан-жағың.
Мен өлгенде сен нешеге келеді деп,
Білгім келеді қанша күнім қалғанын.
Алла оңғарып тағдыры мен талабын,
Ержеткенін көрсеткей – деп баламның,
Оңашада анаң жоқта, сен жоқта
Көз жасымды төгіп-төгіп аламын.
Татпасам да тірліктің бал, шекерін,
Сен ержеткен шаққа мүмкін жетерім,
Сені ойлап сенделемін бұл дүние
Білгендіктен рахымсыз екенін.
Мен кеткесін тек Алла жар десем де,
Уайымның у батпағын кешем кеп
Жарығым-ай, біреулерден таяқ жеп,
Зәбір көріп, жылап жүрсе нетем? – деп.
Сонау сәби кезімнен-ақ кекілді
Өмір маған өгей шеше секілді
Құшақтар дос, не пышақтар дұшпан жоқ,
Жалғыздық жеп келеді жүрек-жетімді.
Жоқ дұшпанды кейде «өзім сұрап ап»
Жіберсем де жүз қателік, мың ағат,
Арбалмадым, сандалмадым  табам деп,
Байлық деген салдақыны қуалап.
Жылу көрмей дүние жалған-жарықтан, 
Жылап тұрған сәби көрсе қамыққан
Жаным солғын күзгі раушан секілді
Тұман жапқан жарты әлемдей жабыққан.
Арсыздығы алға түскен арындап,
Замандаспен мекенім – бір, жаным – жат,
Күзгі аспаны сұп-сұр, жері боз қырау
Тұлабойым уайым толы – табиғат.
Күн болғаным! Тыңдап алшы күнім-ай,
Мен қайтейін бұралқы иттей ұлымай,
Алақтадым «Кінәм не?» – деп,
Жат түгіл
Ең жақыным жүргенде іші жылымай.
Көз алдымда керуен-өмір көсіліп,
Үзілгенде үздіктірген бос үміт,
Өлең жазып күбірледім,
Көз жасым
Шыныаяқта шараппенен қосылып.
Аз дегендей маған түскен сынақты 
Ақ жүрекпен сүйгендерім жылатты,
Бұлттар аяп, маған қарап күрсініп,
Айдың өзі жылап тұрып жұбатты.
Күн болғаным! Ақылдым да көріктім!
Есі барым, әрі ерке еріктім!
Жер бетінде мені ұнатқан ешкім жоқ
Көп адамға көрі жоқ бір өлікпін.
«Осы өмірдің бар ма, –  деп те – керегі?»
Жабырқаған сәтте жанның желегі
Шағым айтып марқұм әке-шешеме
Әлі еңіреп құшақтағым келеді.
Болса-дағы еш мұқтажы жоқ мейлі,
Адам күллі арманымен көктейді
Жету үшін мендік биік арманға
Жүз адамның ғұмыры да жетпейді.
Бақыт деген кімге – сүйеу, кімге – сын,
Бар болса, сол бірде – өтірік, бірде – шын,
Өлмей келем,
Қайғы деген досыммен,
Өрлігім де қатар өмір сүргесін.
«Жоқ болғасын кескін-келбет, дерегі,
Сол бақыттың бар ма, – десем, – керегі?»
Қайғы әумесер бөркін теріс киіп-ап,
Құрдасымдай қылжақтаумен келеді.
Жаратқасын ойы еркін адам ғып,
Келмей ешбір қалыбына қамалғым,
Ұясына у құйғым кеп тұрады,
Өрісі – кең, пейілі тар заманның.
Әкең емес бірге жылап, бір күлген
Өмір сайқал бір күн өзге  бір күннен
Балам менен өрлікті үйрен,
Қалғанын
Не болса да үйрен заман-түлкіңнен
БIЛМЕГЕН СОҢ БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ ЕКЕНIН
 
«Көңіл қалды жақыннан да, жаттан да,
Көңіл қалды кәріден де, жастан да.
Бір түкіріп, кетейікші дүниеден”,–
Деп жүрегім аттан салып жатқанда.
Сені берді Жарылқаушым – бір Алла,
 (Тұтқын едім тастай қалың тұманға)
Алла берді
Нәжім деген атың да,
Жазулы тұр қасиетті Құранда.
Айтпасам да ешкімде есем кетті деп,
Тағдыр мені тастаған ғой тепкілеп,
Сәл ауырсаң, зәре-құтым қалмайды,
Жарығымды аман қылшы деп тілеп.
Жарығым-ау, жарығым-ау, жарығым!
Бұл әкеңе бәрі қайғы,бәрі мұң.
Ішкізіп ап, тағы отырам түнеріп,
Залалы мен зәрін ойлап дәрінің.
Қайдан ғана көрсетіп ем, шиенің
Жұтып қойып жүрмесе екен сүйегін.
Орындықтан құлап кетсе қайтемін,
Аламын деп домбыраның тиегін?
Жұрт айтатын мені батыл, албырт деп,
Ит өмірден қорқақ болып қалдым тек.
Анаңа да сенбей, өзім тексерем
Айраныңды жылы, әлде салқын деп.
Ойнамады бұл бала деп ертелі,
Қызуыңды екі-үш өлшеп ең кемі,
Ұйықтатқан соң анаңа да байқатпай,
Жабам әкеп тағы да бір көрпені.
Мейлі бұл жұрт сенбесе де, сенсе де.
Шошып кетем арқаң шып-шып терлесе.
Түніменен кірпік ілмей, төрт рет
Көйлегіңді алмастырдым мен кеше.
Шаңырағыма сен келгесін, жарығым,
Бұл өмірдің тәтті екенін таныдым.
Шемішкенің аршып қоям әр дәнін,
Жұтып қойып жүрмегей деп қабығын.
Шайыр Құлжан, Нұрмағанбет, Нұртуған
Атаң Сахи байлық емес, жыр қуған.
Текті ұрпақсың,
Сәйкес болғай соларға
Ақыл-ойың, парасатың, түр-тұлғаң.
Білмеген соң бақыт деген не екенін,
Деуші едім-ау: «Соны іздеп не етемін?!”.
Сен туған күн сол бақыттың өзі кеп,
Біздің үйден тапты тұрақ-мекенін.
Көзі – ойлы, ажары – Ай, жүзі – Күн,
Бірде жуас, бірде тентек бұзығым.
Алла сенің аман қылсын жаныңды,
Сонда менің таусылмайды қызығым.
ӨЗІМЕ АҚЫЛ АЙТУ
Тұла бойың қырық жамау, жүз кетік
Қаңғы қиял ноқтасы жоқ құр аттай,
Өтті өмір,
Беймәлімнен із кесіп,
Сахарадан су табатын мұраптай.
Өмірді әлі сүйесің-ау, жарқыным,
Жүрегіңе тырнап жазған жазуын,
Дөңгеленіп батқан сайын әр күнің,
Әрбір таңың ақситады азуын.
Салдауыры суға кеткен кемеше
Таппасаң да айдынның бір тұрағын
Ит-өмірге құрып сонша емешең,
Неге ғашық болдың Мырзан шырағым?
Мына жұртың азғынын да асыл деп,
Айырмаса ағы менен қарасын,
Жер бетінде не досың, не қасың жоқ,
Енді кіммен табам дейсің, жарасым.
Бар мінімнің табамын деу күнде емін
Қате екен ғой, (кештеу болды-ау білгенім!)
Адамға ортақ ақымақтық болмысты
Ойлаппын-ау, мінім ғой деп бір менің.
Кеш те болса өз құныңды біл енді,
Қан құстырған көп қатеңді түсін де,
Жүрмін деп біл қисабы жоқ кілең бір
Шуылдаған байғұстардың ішінде
Қош айтысты әлдеқашан балаң жыр,
(Саған бауыр басқан мұңға не дерсің?!)
Бүкіл пенде сіңіп кеткен сонау бір
Көк түнекке сен де бір күн кетерсің.   
                         
 ОН АЛТЫ ЖАС
«Шалқардың» шеті құмтөбе, қалың құмшағыл,
Құмшағыл іші шашырай шыққан шырша кіл,
…Он алтыда едік, оңаша қалдық екеуміз,
Отауымыз – шырша, отынымыз болып сұр шағыр.
Сол жерде, сол күн көп сиыр жүрген жайылып,
Бір бұқа бізге қарады мойнын қайырып,
Дедім мен. «Неге қарайды саған мөлиіп,
Әкетпек пе екен өзіңді менен айырып?»
Сыңқылдап күліп, бұқаға таман жақындап,
Бауырына қол сап: «Баласың, – деді, – ақымақ,
Бұл – өгіз, ал сен, білмейсің бұқа не екенін,
Сөйлейсің босқа, тіліңді безеп, тақылдап!
Деп жүрсің мені ештеңе әлі білмейді,
Сен құсап бұқа қиялдап бекер жүрмейді»
Сен құсап бұқа, Сен құсап, мына Сен құсап,
Сиырды сипап, ернінен сорып, сүймейді».
Арсыз ғой адам, ұяттан сірә, өлер кім?!
Мәңгіріп тұрдым, қызардым әлде көгердім,
«Сен – сиыр емес, мен – бұқа емес…» дегенше
– Құрышы бар, – деп, жүгіріп ала жөнелдің.
Сонан соң барып бір батыл сезім тұтанып,
Жүргенде сол бір «ақылыңды» әбден құп алып,
Арада бір жыл өткен соң тап боп Таня қыз:
Үйретті маған болатынын қандай бұқалық.
ЗӘУРЕШ
Шолсам-дағы түгел жырақ-жақынды,
Жерден саған теңеу таппай татымды,
Өзім ғана білетін бір жұлдызға.
Енші тағып бергем сенің атыңды.
Көз ілгенше таң алдында тыныстап,
Түніменен тілсіз, үнсіз ұғысқан –
Ол да басқа әлемге бет бұрады
Дәл сен құсап кейде ренжіп ұрысқан.
Бүгін тағы қиялыммен бір жүзген.
Бір түнімді жалғастырып күндізбен,
«Мені енді өткен шақпен жырла» – деп,
Араласып кетті ол сансыз жұлдызбен.
Түнгі аспанға оймен салып көпірді,
Жұлдыз жайлы қиял кешіп не түрлі,
Жердегі бар шаруамды бітіріп,
Соған қолым жетпей қалған секілді.
Келбеттім де, көріктім де кескіндім
Сен екенін әттең, дүние-ай кеш білдім,
Ессізіме ес кірсін деп тілесем,
Бір Құдайдан басқа мұны естір кім?!
Болашағы әр күнімен бірге өлген,
Мені қойшы, мен бәріне үйренгем,
Сені ойлаймын, сені аяймын аңқауым,
Ізін  аңдып, атқан талай сұм мерген.
Сенсіз мына қаңыраған бос кеуде
Бір күні әлі-ақ «Қош бол, дүние, қош!» – дер де,
Мен боп саған сыңсып құстар сыр айтар
Күзгі кеште Құс Жолымен көшкенде.
Сонда нәзік жаныңа бір мұң ұйып,
Күзгі желден тітіркеніп, бұйығып,
Мені есіңе ап, көкке қарап тұрарсың
Жанарыңа ыстық жасты үйіріп.
ЖЕТЕУ
Жеті қырдың астынан
Жеті жынын шақырып,
Қыс та өтті мас құдам
Ақ қар, көк мұз қақырып.
Жеті обал жасап ап,
Жуасқа да асауға,
Жүз күнәсін тасалап,
Жеті сауап жасауға
Жаз боп еді балмағыз
Жазирама құт толып,
Жұтты осы жалмауыз
Жеті түрлі жұт болып.
Түн еңсеріп күндізді
Албастыдай ызғарлы
Желкеме әкеп мінгізді
Жеті түрлі мұң-зарды.
Келіспеген ұсқыны
«Киік матау» – кімге сын?
Күз-көңілді қыс қылып,
«Тоқсан» келіп кіргесін.
«Күн тоқырау», «Қараша»
Қайтып,
«Үркер батқаны»
Жетінші амал санасаң,
Далаға «мұз қатқаны»
Білсем жеті атамды–
Тарихым да – бір азап,
Түзетер ме қатемді
Жетінші ұрпақ – туажат.
Жеті ғашық қайғысы
Жеті жұртта жырланды.
Батиха еді деп Ләйлісі
Кім еске алар Мырзанды?!
Тіршіліктің түрі көп
(Кім қайсыған бас иеді?!)
«Жеті қазынаның» бірі боп,
Үру де бір «қасиет».
«Үміт күтер бітті шақ»,-
Десе тағдыр нетесің?
Жетінші қазына ит құсап,
Ұлуменен өтесің.
Жеті мүшел жасқа да
Шіркін өмір жетсең-ау.
Жеті қат көк жаққа ана
Сосын ұшып кетсең-ау.
ҚҰМАРЛЫҚ
Қақсап бір қасаң, қанжылым әнді,
Жүйкеңді жеумен қайта да қайта,
Жүрекке көмген жаңғырықтарды
Ығыр қылдым-ау, айта да айта.
Құбылып өткен қырғауыл қанат
Қызыққа толы ғұмыр сүріппін,
Маған, мен жазған жырға бір қарап,
Ұқтың ба мені, қыңыр қылықтым.
Түсінбейтіндер кінәласын тек,
Қыңырсың жаным, еркесің-ақ тым.
Саңылаулы жан ғой, сығаласын деп,
Көмулі көңілдің көрпесін аштым.
Тартып ең бір сәт сәл ысып құшақ,
Аспаннан түскен айға баладым,
Сен аңсап жаттың ақ мысық құсап,
Басқа бір жанның аймалағанын.
Өзіңді алдап бекерден-бекер
Кеткен соң өтіп әнді ұғар жас бір,
Оралмай мәңгі өтер де кетер
Махаббат деген Алдияр тақсыр.
Ақ тәнің асыл құндыз да болса,
Тартқанын талай жармасып қасқыр,
Білсем де басты игізді-ау сонша
Құмарлық деген албасты басқыр.
                                                                             
АҚЫНДАРҒА АҚЫЛ
Сапқа тұрсаң ақын деген санатқа
Бар арманың, бар үмітің сол-ақ па?
Абайла, сен!
Басқада жоқ ауру бар
Қолыңдағы қалам мен ақ парақта!
Ойлай көрме, саламатпыз, саумыз деп,
Ойнамай көрме, дауасы жоқ дауды іздеп.
Баламыз, біз – аңқау, аңғал сәбиміз
Бәрімен дос, жауыздықпен жаумыз тек.
Табиғаттың тез қурайтын гүліндей,
Тасқайрақтай морт сынатын үгілмей,
Қалбалақтап қайыршының алдында,
Хан алдында тік тұрамыз бүгілмей.
Жоқшылықтың дауысы жоқ дауынан
Шаршаса да, ойлайтыны сауық, ән–
Аурумыз біз, ақ параққа біз жазған
Ақылдың да ауруы көп сауынан
Бұл сөзімді дей алады бекер кім:
Ой орман боп өтер талай, өтер түн
Хұжыраңды көк түтін қып отырып,
Жөтелсең де есіттірмей жөтелгін.
– Әй, қияли, әй кеңкелес, миғұла!
Ояттың ғой, бала жатыр ұйқыда,–
десе қатын, – жөтелді тый, сол сәтте
Сосын көз сал айнадағы сиқыңа!
Өйткені біз, жеп-жеңілміз, желеңбіз,
Өмір менен Өлім жайлы өлеңбіз
Бірақ, бірақ… өлер болсақ, тек қана
Сұлулыққа ғашық болып өлерміз
      
ТОРАҢҒЫЛЫ САЙДАҒЫ СЫР
Тораңғылы сайға топ бала түнде барғанда,
Тобылғы жағып, шіркейге түтін салғанда,
Ақборық жүзің албырап алау отымен,
Мен салған әнге мұңдылау бір ән қосып ең,
Орайлас екен орындалмайтын арманға.
– Осы сен, Мырзан, боласың, сірә, ақын деп,
Ойлы бір көзбен отырдың сосын жақын кеп:
Ақынның жаны көктейтін мәңгі көктем ғой,
Байғұстар, бірақ бақытсыздау боп өткен ғой,
Басқаға сыйлап шарапат, шапағатын тек.
Сөйлеп бір кеттім мен де, үнсіз қалмайыншы деп
(Ол кезде бірбет, бүкпесіз едік, шыншыл ек):
Шын ақын, шіркін, Жұлдыз ғой, Ай ғой, Жарық қой,
Сұлулар сендей сол үшін туған халық қой,
Табынсын бізге талансыз туған мың жүрек…
…Тоқтата алмай тұншығып жүрген ой лебін,
Үздігіп жүрген үрзада үнмен сөйледім.
Ақындықты айтып, басқа сөз қалып жайына,
Сөйледім келіп айтулы ақындайынан-ақ,
Тоқтаттың кенет, «Қайталық енді, қой»,- дедің.
Жалғыз-ақ сөзбен жиғызып маған есімді,
Тобылғы отын топырақ сеуіп өшірдің
Бет алып сосын қаланың мың сан шамына:
«Ақынсың, айттым, ал қайттық!»-деп ап тағы да,
Көп қызға барып көңілсіздеу боп қосылдың.
Жүрілмей әлі жатқанмен қанша жол алда,
Сол түндей бір түн болар ма енді, болар ма?
Еске алсам қинап қамкөңіл жүрек жетімді,
Сөндірсең де сен қоз болып жатқан секілді
Тораңғылы сайда тобылғыдан қалған қоламта
ҚҰЛАНДЫМ – ТЕМІРҚАЗЫҒЫМ
Көзімді алғаш ашқанда
Көргенім болған Құланды.
Іңгәлап жылап жатқанда
Жөргегім болған Құланды.
Шырқатса жас шақ – ғазал бақ
Сыр-сарын толған бір әнді
Жыр арнап өзім, саз арнап
Іңкәрім болған Құланды.
Басқа бір бала жатпаған
Бесігім болған Құланды.
Әлемге алғаш аттаған
Есігім болған Құланды.
Жалғаны бетін жасқаған
Жаралы ұлыңмын Құланды.
Басын имейтін Басқаға
«Қарағымыңмын» Құланды.
Қиялмен көкті құшсам да
Бас ұрам саған Құланды
Кеудемді қайғы қысқанда
Асығам саған Құланды.
Сен жайлы жыр мен әнімді
Құлағына құйып пысықтап,
Ұйықтатам  балапанымды
Топырағыңмен сенің ұшықтап.
Ұрпағыңа медет керек қой
Арманға артса иегін,
Киеңмен өзің демеп қой,
Құланды деген киелім!
Көрінбей кетсем келмей тым,
Тағдырда жатыр жазығым,
Сен жанып тұра бергейсің
Жердегі «Темірқазығым!»
 
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз