ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ САЙ КЕЛЕДІ

52

0

Тәуелсіздігін ширек ғасыр ғана бұрын алған еліміз бүгінде саяси және экономикалық жаңғыруларды тиімді жүзеге асырып келеді. Бірақ әлемдік жаһандану үдерісінде экономикалық әл-ауқаты ғана емес, сонымен қатар, рухани жаңғыру мен ұлттық сана да бәсекеге түсетін уақыты.
Осы тұста Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы уақыт талабынан туындағын зор рухани дүние деп білемін. 
Мемлекет басшысы дәл көрсеткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды айқындау мен оны сақтай білу болмақ. Яғни, әлемдік кеңістікте ұлтымыздың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Ол – компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық және т.б.
Ұлтымыздың өзіндік кодын сақтап қалу үшін Елбасы «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деп атап өтті. Сонымен бірге, мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылуымыз да керек. Ол жершілдік және рушылдық екені белгілі. Еліміздің бәсекеге қабілетті озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін ұлтымыздың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуымыз – уақыттың талабы. 
Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріскен дұрыс деп санайды. Жалпы, латын әліпбиіне көшу еліміз үшін құнды және мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келеді деп ойлаймын.

Уалихан ИБРАЕВ,
«Қоғамдық келісім» КММ директоры,
 тарих ғылымдарының кандидаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз