ӘЛЕМ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ СЫРҚАТЫ немесе Н.Кондратьев циклдары дегеніміз не?

298

0

Капиталистік дүние тағы сүрінді. Сүрінгенде мықтап сүрінді. Әлемнің қаржы айналымының құлдырағаны соншалық, дүниежүзіндегі алымы жағынан екінші экономика – Қытай АҚШ долларына шаққандағы өз валютасын девальвациялауға мәжбүр болды. Қор рыногындағы сүреңсіз жағдай бүгінде алаңдаушылық туғызып, көптеген мемлекеттерді әрі-сәрі күйге түсірген сыңайы байқалады.
Дағдарыстың сипатын нарық экономикасының өз табиғаты мен болмысынан іздеу қажеттігін айтқан, шектен тыс пайданың тойымсыздық психологиясын тудырып, халықтың белгілі бір бөлігінің қайыршылыққа ұшырауына әкеп соқтыратынын күллі әлемге паш еткен Карл Маркс ілімін бүгінде Батыс шонжарларының өзі мойындай бастады. Біз күні кеше келмеске кетті деп санаған социализммен бірге есімін жадымыздан шығара бастаған К.Маркстың портреті әлемдегі санаулы экономистердің қатарында Кембридж және Оксворд университеттерінің көрнекті жерінде ілініп тұрғанын білеміз бе? Білмесеңіз бұл айтқандарымыздың тұп-тура ақиқат екенін қалың жұртшылықтың есіне сала кеткіміз келеді. Социализм идеясының авторы мойындалып жатса, ол қоғамның өзін жерлеу әзірге ертелеу болар дейміз.
Тосын құбылыс, әдетте, өткен тарихымыздың сүреңсіз, қайғылы оқиғаларына да қайта үңіліп, сана сүзгісінен өткізуге итермелейді. Бүгінде Ресейдің зиялы қауымы экономикалық ой болжамдары жағынан К.Маркстен кем түспейтін, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары әлем экономикасындағы өрлеу мен дағдарыс кезеңдеріне талдау жасап, әр дәуірдегі тоқырау мерзімін дөп басып айтқан орыс экономисі Николай Кондратьев есімін құрметпен атар еді. Зерттеушілердің, ғалымдардың пайымдауынша Кондратьев Маркстің «Капиталда” қорытындылаған тұжырымдарын сол «сақалды” кемеңгердің тоқтаған жерінен әрі қарай жалғастырып кеткен керемет озық ойлы ғалым еді. Кондратьев Ресейде Керенский басқарған уақытша үкіметтің мүшесі – азық-түлік министрінің орынбасары, кеңес өкіметі орнағанда В.Лениннің НЭП (жаңа экономикалық саясат) саясатын табысты жүргізген ғалым-экономист болды.
Өз талдаулары арқылы ғалымның есімі 20-шы жылдары бүкіл әлемге танылды. Бірақ капитализмді қайта жаңғырту идеясымен «айыпталған” Кондратьев сол жылдары қайта-қайта тұтқынға алынып, ақыр соңында 1930 жылы 8 жылға сотталды. Түрмеде жатып әлем экономикасының құлдырау, өсу динамикасына талдау жасаған ғалым өзіне дейінгі екі жүз жылдық ахуалды сараптан өткізді. Дағдарыстардың шарықтау шегі мен құлдырау нүктесінің динамикасын жасады. Оның себеп-салдарларын ашты, тіпті ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та басталған депрессияның мерзімін алдын ала дөп басып айтты. Түрмеден босану уақыты таяғанына қарамастан ауыр науқастан қажыған ғалым 1938 жылы атылып кетті. Ол кешегі 80-ші жылдары ақталды.
Кондратьев әлем экономикасының табиғатына қатысты қандай болжамдар айтты? Осыдан 80 жыл бұрын орыс ғалымы әлем экономикасындағы дағдарыстардың кейде 45-60 жыл уақытты қамтитын созылмалы сырқаттарын айқындап берді. Оның пайымдауынша осындай экономикалық циклдардың нәтижесінде әлемдік қауымдастықтың өндіргіш күштері өз мүмкіндіктерін сарқып бітіп, дамудың жаңа деңгейіне өту қажеттілігі туындайтын болады. Бұл ғылыми тұжырым ретінде Кондратьев циклдары деген атауға ие болып отыр. Атап айтқанда, ол созылмалы дағдарыс циклдары 2020 жылға дейін, одан кейін тым ұзақтау кезеңдерді – 2040-2060 жылдарды қамтуы ықтимал екендігін болжады. Ұзақ толқындар концепциясы деген атауға ие болған осы кезеңдерді бүгінгі ғалымдар Кондратьев есімімен байланыстырады.
Кондратьевтің циклдары бойынша әлем экономикасының төмендеу толқындары созылмалы түрде 2015-2025 жылдарды, өсу толқындары 2025-2045 жылдарды қамтуы ықтимал. Кереметтігі сол, алдын ала ұзақ жылдар бұрын айтылған болжамдардың бүгінгі таңда біршама шындыққа айналып отырғанын атап өтпеске болмайды.
Не істеу керек? Ғалымдар қандай идея ұсынады? Шындығында, егер дағдарыстың табиғатын капиталистік нарық экономикасының өз болмысынан іздейтін болсақ, онда бұл қатынастардың келешегі бұлыңғыр болғаны ма? Капитализм дүниесінің жанашырлары мұндай пікірге үзілді-кесілді қарсы, олардың пайымдауынша әрбір дағдарыс жаңа серпінді дамуға жол ашатын қақпа іспетті, яғни тоқыраудан өтіп, серпінді сілкініс жасау жаңа сапалы деңгейге көтерілудің кепілі болып табылады.
Бүгінгі таңда дағдарыс құбылысымен жаһандық нарықтағы барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отыр. Неліктен бұлай болды? Мұның басты себебі – соңғы уақытта 2008-2009 жылдары болған негізгі қаржы дағдарысының проблемалары толық шешілмеді. Қордаланып қалған мемлекеттік және корпоративтік қарыздар, қаржы саласы мен экономиканың нақты секторы арасындағы алшақтық осындай жағдайға әкеліп соқтырды.
Америкалық сарапшылардың пікі-рінше, 2007 жылы жаһандық қарыз 57 трлн. долларға өсіп, оның жалпы көлемі 200 трлн-ға жетті. Оның алдағы уақытта болжап болмайтын зардаптарға әкелетін көлемді құрап отырғанын атап өткіміз келеді. Бұл мәселенің дамыған және дамушы елдерге де қатысы бар. Қордаланған қарыз инвестициялық белсенділікті әлсіретіп, экономиканы дамытудың перспективаларына көлеңкесін түсірді.
2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін АҚШ пен Еуроодақ капиталдары даму қарқыны жоғары мемлекеттерге бет бұрды. 2009 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың маусымы аралығында әлемдегі 19 дамыған мемлекетке 2 трлн. доллар инвестиция құйылды. Ол әлемдік дамудың жаңа локомотивіне айналды. Көптеген сарапшылар Қытай, Индия, Бразилия, Индонезия мен басқа да елдер жақын арада АҚШ, Еуроодақ және Жапонияны жетекшілік позициядан ығыстырып шығарады деген болжам жасаған болатын.
Өкінішке орай, ауқымды капиталдар құйылған дамушы мемлекеттер де бұрын дамыған елдер де проблеманы бастан кешті. Қаржы мен жылжымайтын мүлік нарығында «көпіршік» құбылысы яғни материалдық игілікке негізделмеген ақша тасқыны пайда болды. Өндіріс пен экспортты дамыту, арзан жұмыс күшін қалыптастыру секілді экономикалық өсім моделі өз-өзін ақтамады. Себебі, экономиканың заңдылығына қайшы әрекетке барған алпауыт мемлекеттердің инвесторлары жұмыс қолы арзан жерлерге ұмтылыс жасай отырып, сатып алу қабілеті төмен халық тобының өсуін тездетті. Сөйтіп рынокта капиталистік дүниенің өндірген өнімін сатып алуға жағдайлары келмейтін кедейлер шоғыры қалыптасты. Әлемнің бар байлығы социализм көсемдері айта беретін ат төбеліндей дейтіндердің шексіз, шетсіз байлық көзіне айналды. Кедей барынша жарлыға айналып, ауқаттылар мен жоқ-жұқалардың тұрмыс деңгейіндегі айырмашылығы шарықтап кетті.
Жағдайды бағамдаған инвесторлар дамушы мемлекеттерден капиталдарын алып кете бастады. Мысалы, 2014 жылдың шілдесі мен 2015 жылдың шілдесі аралығында бұл мемлекеттерден сыртқа кеткен қаржы 1 трлн. долларға жетті. Бұл, әрине, әлемдік экономикаға да айтарлықтай әсер етті.
Экономикасы жағынан әлемде екінші орында тұрған Қытай қор биржасының құлдырауы бұл қомақты капиталдың сыртқа кетіп жатқанын байқатады. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Қытай билігі экспортты реттеп, экономиканы тұрақтандыру үшін юаньды девальвациялауды бастады. Индия, Индонезия, Оңтүстік-Африка республикаларында, басқа да ірі дамушы мемлекеттерде экономика өсімі баяулады. Капиталдың кетуі ішкі сұраныстың төмендеуіне әкеліп соқты, ал шикізаттың арзандауы дамушы мемлекеттер экономикасындағы кірісті жұтып жатқан сыңайы байқалады.
Әлемде үшінші мемлекет саналатын Жапонияда ішкі жалпы өнім төмендеп келеді. Осыған дейін қарқынды дамып келген Канада да рецессияға енді. Сарапшылар Австралияда келер жылы өсім тоқтап, рецессия басталатынын болжап отыр. Тек АҚШ-та экономикалық өсім байқалады, бірақ оның өзі алдын-ала болжанған деңгейде емес.
 Қазақстанның сыртқы саудадағы әлді әріптесі саналатын Еуразиялық Одақ бірінші жартыжылдықта экономикалық өсімді 0,3 пайызға дейін баяулатты. Оған қоса жұмыссыздық деңгейі 11 пайызға жетті. Жұмыссыздары көп елдер қатарын 25 пайызбен Грекия бастап тұр. Бұл көрсеткіш Испанияда – 22, Хорватияда –16, Португалияда – 13, ал Италияда 12 пайызға жетіп отыр. Ешқандай өсім көрсетпеген Франция стагнацияға енді. Ал Финляндия рецессия құрсауынан шыға алмай жатыр. Ең қиыны Еуроодақтың бас ауруына айналған Грекия оның құрамынан шығу қарсаңында тұр.
Экономикалық өсімді қалып-тастырудың бұлыңғырлау келешегі мен энерготұтынудың 20 жыл бұрынғы көрсеткішке дейін құлдырауы Еуроодақта жақын аралықта шикізаттық тауарларға сұраныс артады деген үмітке сенуге болмайтынын көрсетіп отыр.
Неліктен осылай болды деген сауалға қайта оралып, оның жауабын іздестіріп көрелік. 2008 жылы АҚШ-тан басталған әлемдік қаржы дағдарысынан шығу жолдары жөнінде бүгінге дейін аз айтылып келген жоқ. Міне, бүгінгі біз қайта душар болып отырған әлемдік экономикадағы сырқаттың басты себебі осы жүйенің өз заңдылығына сәйкес дамымай отырғандығынан туындайды.
Сәл шегініс жасайық. Сол жылдардағы дағдарыстан кейін, айталық, 2009 жылы Лондонда әлемдік қауымдастықтық алпауыт «жиырмалығы” бас қосқан жиында көптеген күмәнді ойлардың қара бұлты сейіліп, аталмыш мемлекет басшылары күллі дүниенің берекесін алған дағдарыстан шығудың тиімді жолына бастайтын шешімдер қабылдауға ынталылық танытқан еді. Рас, әлемді билеген американдық қаржы жүйесінің әмірінен бас тартып, АҚШ долларының үстемдігінен арылу жөнінде үзілді-кесілді шешім қабылданбаса да қол қойылған құжаттар сарапшылардың пікірінше, өркениет жолымен алға ұмтылып, қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық қаржы ұйымдарының құпиялық бет пердесін ашу бағытында жасалған оңды қадам ретінде бағаланған еді. Бірақ, осының барлығы өкінішке орай іс жүзінде дәйексіз, қағаз жүзінде қалған быламық болып шықты. Валюта жүйесінің эмиссиясы қадағаланбағандықтан әлемде триллиондаған доллар нөпірінің тасқыны жалғаса берді. Ол әлі де жалғасып жатыр. Тіпті алпауыт елдердің басшыларының өзі салықтандырудан тыс қалған қаржы операцияларын жария ету туралы да айтып қалды. Әлемдік алпауыттардың қыспағында қалған Швейцария банк құпиясына қатысты заңдылықтарын жұмсартуға, ал салық «жұмағын” орнатқан Андорра президенті үріккені соншалық, 2009 жылдың күз айына дейін банк құпиясы туралы заңды қайта қарауға уәде беріп, «бастан құлақ садақа” ұстанымына жүгінуге мәжбүр болған еді. Германия канцлері Ангеле Меркель мен Францияның сол кездегі президенті Никола Соркази оффшорлық (қазақша «жағалаудан тыс” ұғымын білдіреді), яғни, алыс-беріс операциялары бойынша әлемдегі салық жеңілдігі қарастырылған аймақтарға тексеру жүргізуді талап еткенде жандарын қоярға жер таппаған Люксембург, Кипр, Лихтенштейн, Монако, Сингапур, тағы басқа елдер басшылары әлемдік экономикалық қауымдастықтық «қара тізіміне” ену қаупінен қорқып, олардың талаптарымен келіскен сыңай танытқан еді.
Міне, содан бері бірнеше жыл өтті. Дағдарыс сипаты күрделеніп, ол жаңа мазмұнға ие болып отыр.  Сайып келгенде бүгінгі дағдарыс сол 2009 жылы шешілмеген түйіндердің салдарынан болған түйткілдердің жалғасы болып табылады.
Сонымен әлем экономикасында ахуал қашан жақсарады? Капиталистік дүниенің өз жүйесін қайта құруға олардың батылдары жете ме? Жоғарыда айтылған Кондратьев болжамдары, ол түзеген конъюнктура, яғни экономиканың өрлеу, төмендеу сипаты алдағы уақытта қандай сипатта дамитын болады? Бұл енді біздің санамыздан тыс, уақыт деген құдіреттің ықпалындағы өзекті мәселе болып табылады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз