ӘЛЕМ ТАНЫҒАН КӨШБАСШЫ

261

0

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН КӨШБАСШЫЕлбасы мемлекет алдында тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып,
Қазақстанның «Нұрлы жол” Жаңа Эконо­микалық Саясат туралы Жолдау жариялады. Бұл
уақыт тудырған өміршең мәселе.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының өзі атап көрсеткен «Алдымен
экономика, сосын саясат” дейтін қағида бүгінгі әлемде орын алған ахуалға
байланысты жаңа мазмұнға ие болады.

Мемлекет
басшысы әлемдік экономикада туындаған қиындықтарға орай Ұлттық Қордан бөлінетін
қаржының жұмсалатын бағыттарын айқындап берді. Ел алдында жүзеге асырылатын
маңызды жобаларды атап көрсетті.

Әлем
өзгеріп жатыр. Жай өзгеріп жатқан жоқ, сонымен бірге оның біз күткендегіден
жылдам, сүреңсіз, мазасыз, алаңдаушылық сипатта өзгеріп жатқанын да ашық
мойындауға тура келеді. Ал біз үшін бүгінгідей әлемдік жаһандану үдерісі
барынша үдеп тұрған кезеңде әрқайсысымыздың ерік-жігерімізден тыс өмір тудырған
осынау өзгеріс атаулылардан айналып өте алмайтынымыз тағы да мойындауға тура
келетін бүгінгі күннің ащы шындығы. Ал осы бізге тосыннан кездескен
кедергілерден қалай шығуға болады? Елбасының бүгінгі ұстанған саясатының
негізгі бағыт-бағдары осы сауалдың жауабын іздестіруге бағытталған дәйекті
шешімдер қабылдау мақсатын көздейді.

Президент
2012 жылдың өзінде ел алдындағы жаһандық сипаттағы осы күрделі мәселелерді
бүкпесіз баяндап берген еді. Сөйтіп, Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік
жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты сан тараудан
тұратын мақсат-мүддесі барынша анық айшықталған мазмұнды мақаласын жариялады.
Мемлекет басшысы мақаласында біздің барлығымыз болып 20 жылдық ауыр жолды, ел
өміріндегі сындарлы кезеңді еңсергенімізді атап көрсетті. Шын мәнінде қазір
еліміздің алдында жақсы перспективалар ашылды. Иә, Қазақстан төрткүл дүниеге
танылды, қиын асулар алынды. Біз алдымен тәуелсіздікпен бірге санамызға енген
нарықтық қатынастардың бұралаң жолдарынан өттік. Ал, бұл жол бізге мүлдем
бейтаныс еді. Қиындықтар болды, өзге жұрт бізге сынай қарады, бойымыздан мін
іздеді. Ел болып кететінімізге күмәнмен қараған мысықтілеулілер қаншама болды
десеңізші?! Бүгінгі Қазақстан өркениетті елдердің алғашқы легіне енуге таяды.
Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекетке айналды. Осының барлығы әлем
саясатшылары мойындаған Елбасының дәйекті, сындарлы саясатының, елдегі
татулықтың, бірліктің жемісі еді.

Сонымен,
біз бүгін қандай деңгейге жеттік? Табыс бар, тұрмысымыз жақсы, алайда бүгінгі
әлем біздің ойлағанымыздан күрделі, жаңа сындарға тап болды. Ал оған төтеп беру
үшін біз, әрқайсысымыз тап-тұйнақтай дайын болуымыз керек. Осы орайда Президент
толғанады, еліне ой тастайды, жаңа уақыттың сындарлы кезеңіне қарай жаңа
міндеттер жүктейді. Ол ел алдындағы үлкен жауапкершілікті, Президент көтеретін
зілбатпан жауапкершілікті сезіне отырып, әлемде қалыптасқан күрделі
қарама-қайшылықтарға орай, өз ой-толғамдарын бүкпесіз ортаға салады. Осыдан бір
жыл бұрын Президент: «Мен Жолдауымның орындалу қарқыны мен сапасына
қанағаттанбаймын», деп жазды мақаласында. Неліктен? Жаңа ғасыр тудырған
әлемдегі тұрақсыздық, дағдарыс салқыны Елбасын толғандырады. Осы орайда ол
өткен ғасырдың 60-жылдарындағы тұтынушылық қоғамның психологиясынан бүгінгі
ұрпақтың ада болғанын қалайды, осы қауіптен сақтандырады, сақтандырып қоймай ел
алдында міндеттер жүктейді. Бұл идеология әлемнің дамыған елдерінде масылдық
психология тудырғанын атап өткен Елбасы оның дағдарыстың себебі болғанын, ал
бүгінде оған қарсы тұратын идея – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» екенін атап
көрсетті.

Елбасы
байлық, игілік атаулының алдағы уақытта қаржы институттарымен емес, адамның
еңбегімен жасалатынын дәйекті ұстаным ретінде қарастырады. Президент
дәйектемесі санаға қонымды, шындығында әлемде 2008 жылы орын алған дағдарыстың,
бүгінде Еуроодақты дүрліктіріп жатқан алда болуы ықтимал берекесіздіктің
себеп-салдарына, шығу тегіне біршама талдау жасаған экономистердің,
саясаткерлердің өзі бұл турасында ашық айтқан жоқ па еді? Айтпақшы, олардың
алғашқы қатарында Қазақстан Президентінің болғанын айту – біз үшін мақтаныш,
мәртебе. Елбасы сол 2008 жылдың өзінде-ақ «Российская газетада» «Дағдарыстан
шығудың кілті» атты мақаласын жариялады. Қалыптасқан жағдайға талдау жасады.
Сөйтіп, өзінің әрдайым уақытпен бірге үндесіп отыратын прагматикалық көзқарасын
білдірді.

Уақыт өз
дегенін істеуде. Біз сол дағдарыстан әлемдік деңгейде пәлендей қорытынды шығара
алмадық. Дүниенің әр түкпірінде әлемнің – 8, арагідік 20 дамыған мемлекет
басшылары бірнеше рет бас қосты. Хаттамалық деңгейден аса алмайтын шешімдер
әлемдегі ахуалды сауықтыруға дәрмені жетпеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан
Президенті бұл турасында бірнеше рет мәлімдеді. Өзін толғандырған сауалдарға
әртүрлі деңгейдегі әлемдік басқосуларда ашық ойын білдірді.

Қазір
өндіру мен тұтыну көлемі арасындағы алшақтық, қаржы айналымына бақылаудың
бетімен жіберілуі «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін өміршең ұлы қағиданың өзіне
құлай берілетіндердің өзін күмәнді ойдың жетегімен алып барады. Бұл
базбіреулерді бас ауыртып, балтырын сыздатпай-ақ ақша табуға итермелейді. Күллі
Батыс осы келеңсіз үрдіспен өмір сүреді. Қарыз алады, қарызға белшесінен
батады. Банктер құрдымға кетеді. Сөйтіп, нақты өнім өндірумен үйлестірілмеген
ақша тасқыны күллі Еуропаны бүгінде тығырыққа тіреп, одан шығудың жолы күн
сайын күрделене түсуде. Қазір бүкіл әлемнің белді экономистері ұдайы қарызға
өмір сүрудің неге әкеліп соқтыратынын ашық айта бастады.

Елбасы әлемде
орын алып отырған күрделі ахуалды сарапқа сала отырып, барлығына жан-жақты
талдау жасайды. Осы жолы Мемлекет басшысы өзінің дәйекті тұжырымдарға бекем
екенін тағы да дәлелдеді. Сайып келгенде, бұл елдің мүддесі үшін мүмкін болатын
келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты міндеттер болып табылады.
Дәйектілік дегеннен шығады, Елбасы 2011 жылғы Жолдауында еңбек өнімділігі, оны
көтеру жолдары туралы нақты міндеттер жүктеген болатын. Сайып келгенде, еңбек
өнімділігі кешегі посткеңестік жүйеде болған мемлекеттердің барлығына тән
күрделі мәселе. Кеңестік жүйеден қалған масылдық психология, құрал-жабдықтардың
ескіруі, тағысын-тағылар еңбек өнімділігін тежейтін негізгі факторлардың бірі.

Мақала
жарияланғаннан кейін Мемлекет бас­шысы елді әлеуметтік-экономикалық дамы­ту
мәселесіне арналған кеңес өткізді. Елбасы экономикадағы өсім жағдайын айта
келе, өз мақаласында атап көрсетілген Қазақстанды жаң­ғыртудың 20 қадамына
қатысты ойларын тағы да сабақтады. Қазақстанда әртүрлі әлеуметтік төлемдерді,
жәрдемақы мен зейнетақыны шамамен 4,2 млн. адам алып отыр. Мұндай төлемдер со­ма­сы
1,4 трлн. теңге болды. Шындығында, мұн­дай тиімді әлеуметтік саясат жүргізуге
көп­теген мемлекеттердің шамасы жетпейді. Елба­сының атап өткеніндей,
тапсырмаларды жүзеге асыру көп қаржыны қажет етпейді. Бұлар заң шы­ғару және
ұйымдастыру шаралары болып табылады. Ал, Елбасының Қазақстанның даму жолы­ның
«Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» атты кең ұғым­ға сия­тын жаңа идеясы біздің таяу
болашаққа ба­ғыт­талған негізгі міндет-межеміз болып табылады.

Мемлекет
басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы үшінші
сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздің «Қазақстан – 2050»
стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ басқанын атап көрсетті. Бұл Стратегияның
алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру.
Осы орайда Президент әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп
кеткенін, жұмыссыздықтың өсуі, халық табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың
үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – әлемнің көптеген елдеріндегі нақты
жағдайлардан көрініс беріп отырғанын мәлімдеді. Ал, Қазақстандағы ахуал олардың
көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда артықшылығымен ерекшеленеді.

2013 жылдың
алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің өсімі 5
пайыздан асты. Қазақстанның Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғандағы
халықаралық резерві қазір 80 миллиард долларға жетіп жығылады. Алайда,
халықаралық жағдайдан туындап отырған көлденең кедергілер салдарынан Қазақстан
экономикасының өсімі 2014 жылдың қорытындысымен 4 пайыздан астам болады деп
күтілуде. Бұл жаман
көрсеткіш емес.

Президент бүгінгі таңда ЭКСПО-2017
аясында өтетін шараларға айрықша мән беруде. Ал, бұл энергия тиімділігі мен
энергия жинақтауға қатысты маңызды мәселе болып саналады. Энергия жинақтаудың
жаңа мәдениетін, экономика тәрізді күнделікті өмірде де жаппай қалыптастыру
мақсатында Президент Жарлығымен «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы
бекітілді. Тұжырымдама бойынша Қазақстан 2020 жылға дейін энергия үнемдеуді жыл
сайын 2,5 пайыз, ал 2020 жылдан кейін 3,5 пайыз көлемінде қамтамасыз етуі
қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың энерготиімділігінің қажетті деңгейіне
жетуіне мүмкіндік беріп, «жасыл экономика» аясындағы міндеттерді орындауды
қамтамасыз етеді.

Президенттің зейнетақы жүйесін
реформалауға қатысты жаңа қадамдары көп елдерге үлгі болатын әлеуметтік
бағыттағы маңызды шешім болып табылады. Алдағы уақытта жұмыс істейтін
әйелдердің бала туу және бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңінде
міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаттары есебінен субсидиялау
қамтамасыз етіледі. Бұл бірде-бір мемлекетте қолға алынбаған теңдесі жоқ қадам.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
өткен жылы Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумында:

– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы
ішінде орасан жолды жүріп өтті. КСРО тарағаннан кейін экономика 30 пайызға,
АҚШ-тағы Ұлы депрессиядан да төмен құлдырады. КСРО республикалары арасындағы
аутсайдерден біз орнықты экономикалық өсім магистраліне шықтық. Бүгінде
экономикалық өсім қарқыны бойынша біз ТМД елдері арасында көшбасшылар қатарынан
көріндік. Қазақстан XX ғасырдың бірінші онжылдығында 9-10 пайыз, ал осы жылдар
ішінде орташа 6-7 пайыз қарқынмен дамыды, ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда
600 доллардан биыл 12 500 долларға өсті. Адам әлеуеті дамуының жаһандық
индексінде біз жоғары нәтиже көрсеттік, әлемдік білім беру кеңістігінің
бөлігіне айналған Қазақстанның білім беру жүйесі сенімді дамуда. Мысалы,
технологиялық жабдықталуы мен кәсіби кадрлар деңгейі бойынша Қазақстан
медицинасы алдыңғы қатарға шықты. Орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы 8 жылда 5
жасқа ұзарып, бүгінде оның шегі 70 жасқа артты. Бала туу артты, демографиялық
өсу байқалуда, – деп еліміздің бүгінгі қол жеткен жетістіктерін дәйекті
мысалдармен атап көрсетті.

Тарихтың әр дәуірінде, халық үшін
сындарлы шақта елін қиындықтан қайыспай алып шығатын жол табуға дәнекер болатын
ұлы тұлғалар өмірге келген. Айталық, АҚШ Президенттігіне 4 рет сайланған
Франклин Рузвельт өткен ғасырдың 30-40-жылдарындағы ұлы депрессия кезінде
Америка халқын қиындықтан алып шықты. «Социализмшіл» деп кінә таққан Америка
шонжарларының өзі оны мойындауға мәжбүр болды. Айтқанын істеді, мәмілеге келді.
Ресей үшін қиын-қыстау кезеңде Yкімет басшысы болған Столыпин өз реформасын
дәйекті бастағанымен, оны кейінгі революциялық толқулар басып тастады. Сөйтіп,
Ресей өсіп-өркендеудің жолынан бірнеше ондаған жылдар қалыс қалды. Әлемде
мұндай тұлғалардың есімдері көптеп саналады. Біз бүгінгі қысқа мақалада оның
барлығын тізбелеп жатуды жөн санамадық. Ең бастысы, Елбасы өз халқына өзінің
жүрегінен шыққан шынайы, өміршең бағытты ұсынды. Ал, бұл бағыт біздің
әрқайсысымыздың табанды іс-қимыл, белсенді әрекетіміз арқылы ғана жүзеге асатын
болады.

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз