ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ АРАЛҒА НАЗАР АУДАРАДЫ

122

0

ӘЛЕМДІК  ҚАУЫМДАСТЫҚ АРАЛҒА НАЗАР АУДАРАДЫӨңірлік коммуникациялар орталығында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы директоры Болат Бекнияз БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында Сыр елінде өтетін Арал өңірін тұрақты дамыту жөніндегі «Арал-2017» форумы жайлы айтылды.
Ағымдағы жылдың 30-31 мамыр күндері аймақта «Тұрақты дамудың Халықаралық Арал форумы» өтеді деп күтілуде. Екі күнге созылатын жиынға еліміздің және шет елдерден мәртебелі меймандар мен танымал ғалымдар келеді. Форум Арал өңіріндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша баршаның танымын  арттыру, тұрақты дамудың ғаламдық мақсаттарына сәйкес әлем жұртшылығының назарын оның өзекті мәселелеріне аудару мақсатында ұйымдастырылып отыр.
 Облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлының айтуынша, соңғы жылдары Арал өңірінің мәселесі өз шешімін тауып келеді. Бірақ кейбір өзекті мәселелер Қазақстанның өз күшімен шешімін таба алмайды. Сондықтан, мамыр айының соңғы күндері өтетін басқосуда түйіткілді мәселелерді әлем қауымдастығымен бірлесіп шешудің жолдары талқыланады.
– 1993 жылы Орта Азия және Ресей ме쬬лекеті басшыларының қатысуымен өт-кен жиында Елбасының бастамасымен «Халықаралық Аралды құтқару Қоры» құ-рылған болатын. Келер жылы аталған қордың 25 жылдығы атап өтіледі. Елбасының қолдауымен Арал өңірінің проблемасын шешуде бұл жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. Олардың ең маңыздысы «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы. Нәтижесінде, Арал қаласынан 100 шақырымға дейін қашықтаған теңіз айдыны 17 шақырымға жақындады, балық шаруашылығы қайта өркендеді. Өңірден басқа аймақтарға қоныс аударған жергілікті тұрғындар да оралып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Бірақ әлі де бұл аймақтағы кейбір мәселелерге көңіл бөлінуі қажет. Жалпы Арал проблемасы – тек бір мемлекеттің ғана емес, дүние жүзіне ортақ мәселе. Сондықтан, шешімін табатын басқа да мәселелерді Қазақстанның бір өзі жүзеге асыра алмайды. Алдағы басқосудың негізгі мақсаты осы бағытта атқарылатын жұмыстарға әлемдік қауымдастықтың назарын аудару болып табылады, – деді Серік Қожаниязов.      
Өңірде өтетін форум екі бөлімнен тұрады. Бірінші кезең теориялық-әдістемелік және тұжырымдамалық болып табылады. Сондай-ақ, Арал өңірінің ең өзекті мәселелері бойынша ақпараттық және ғылыми баяндамалардан, басқа да әлемнің экологиялық аналогтары бойынша ақпараттардан тұрады. Онда орталық мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар басшылары баяндама жасап, көрнекті ғалымдар мен беделді ғылыми-зерттеу институттары еңбектерінің, бағдарламаларының және жол карталарының тұсауы кесіледі. Ал келесі кезеңде Орталық Азия аймағы мен Сырдария өзені бассейнінде, Арал өңірінде іске асырылған жобалар туралы ақпараттар қамтылады. Арал теңізі мен іргелес аумақтарды қайта жандандыру бойынша жаңа қолданбалы жобалардың тұсауы кесіледі. Сонымен қатар, Арал теңізін қайта жандандыру, биотүрлілігін  сақтап қалу, көгалдандыру және шөлейттенуден сақтау, жолдар және өндірістік нысандар салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты мәселелер бойынша инвестициялар көздейтін келісім-шарттарға қол қойылады. Форумға Қазақстаннан басқа Орта Азия мемлекеттері және БҰҰ мен  БҰҰДБ, ОБСЕ өкілдері, ҚР Орталық мемлекеттік атқарушы орган басшылары, Ресей, АҚШ, Италия, Япония, Корея, Белоруссия, Иран мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдік басшылары және Дүниежүзілік Банк, Ислам даму Банкі, Қазақстандағы  Еуропаның Қайта құру және Даму Банкі, Қазақстандағы Германдық халықаралық әріптестік жөніндегі қоғамы, Халықаралық әріптестік жөніндегі  Жапон агенттігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары қатысады деп күтілуде.
Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры ¬Болат Бекнияздың айтуынша, қор бүгінде 70-тен астам жаңа жоба дайындаған. Аталған жобалар әртүрлі бағыттағы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Оның ішінде 3-і елімізде бұрын-соңды жүзеге асы¬рылмаған тың жобалар қатарына жатады. Алғашқы жоба ғылыми-туристік орталық ашу¬ға бағытталған. Яғни, алдағы уақытта Қор¬дың бастамасымен Қамыстыбас көлі жағасында ғылыми туристік орталық салынады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар басталып, көл жағасына 3 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал екінші жоба Арал өңірінің табиғатын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында Аралдың шығыс жағына 5-6 қатарлы көшет отырғызылып, жасыл аймаққа айналдыру жұмыстары қолға алынады. Тағы бір жоба аймақтағы киіктер санын арттыруды көздейді. 
Жалпы, форум алаңы, ең алдымен,  Арал теңізінің тұрақты дамуының өзекті мәселелерін, су ресурстарын бірлесіп пайдалануда мемлекетаралық келіспеушіліктердің алдын алуға, жаңа технологиялар негізінде болашағы зор идеялар мен көзқарастарды жылжытуға ықпал етеді. Мұнда Арал теңізінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларымен қатар әлемнің басқа аймақтарының да өзекті мәселелері қаралады. Алдағы уақытта Арал өңірінің дамуына арналған инвестициялық және гранттық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдардың және бизнес құрылымдардың қызығушылықтары артады деп күтілуде. Осының барлығы Арал өңірінің ғаламдық проблемаларын кезең-кезеңмен шешудің маңызды шарты болып табылады. Серік Қожаниязовтың айтуынша, биыл алғаш ұйымдастырылып отырған форум алдағы уақытта өз жалғасын табады. 
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).    
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз