ӘЛЕМДІК ЖЕТІСТІКТЕР КӨРМЕСІ

142

0

ӘЛЕМДІК ЖЕТІСТІКТЕР КӨРМЕСІЕгемен еліміздің елордасы –
Астана қаласында 2017 жылы адамзат ақыл-ойының қазіргі күнге дейінгі қол
жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады.

Өркениет
биігіне батыл қанат қаққан тәуелсіз Қазақстан, әлемнің алдыңғы қатарлы 161
мемлекеті мүше болып табы­ла­тын Халықаралық көрмелер бюросының ала­ман
бәйгесінде Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өткізу құрметін жеңіп алуы төрт
құбыласы түгел дамыған елдердің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Бұл
жеңіс – егемен еліміздің еркіндік алғаннан бергі жылдар ішіндегі салиқалы
саясатын, «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін мойындау,
төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналған
Астананың жеңісі. Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір
атанған Астананың айтулы эстафетасы енді Дүниежүзілік көрмелер алаңы –
ЭКСПО-2017-ге ұласпақ.

Дүниежүзілік
шаралар тұрғысындағы өзін­дік маңызы жағынан бұл көрме осы уақытқа дейін Астана
қаласында өткізілген жаһандық оқиғалардың ешқайсысынан артық болмаса, кем емес.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев: «Өзінің ауқымы жөнінен ол
Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары
немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен пара-пар шара болып табылады. Оның
үстіне бұл – Қазақстан экономикасының болашақ дамуына үлкен септігін тигізетін,
дүниежүзілік тәжірибелерді Қазақстанға алып келетін, елімізге инвестицияны
еселеп тартуға ықпал ететін шара», – деп атап көрсеткен болатын. Соңғы 20
жылдан бері Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросының тұрақты мүшесі болуымен
қатар, дүниежүзілік беделді ұйымның іс-шараларына белсенді қатысып келеді. 2008
жылы Испания Корольдігінің Сарагоса қаласында «Су және тұрақты даму» айдарымен
ЭКСПО-2008 көрмесі өткен болатын. Оған қатысушы әлемнің 104 мемлекеті
павильондарының арасында Қазақстан Республикасының павильоны «С» дәрежесі
бойынша қола жүлдені жеңіп алды. Осы «ЭКСПО-2008, Сарагоса» Халықаралық
көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан Елбасы сол жылы алғаш рет Қазақстанда
Бүкіләлемдік көрме өткізу идеясын жария етті.

Бүгінде Италияның Милан
қаласында «Әлемді азықтандыру. Өмірге арналған қуат» тақырыбымен ЭКСПО көрмесі
өтіп жатыр. Оған арнайы сапармен барған Елбасы Н.Назарбаев
ЭКСПО аясындағы Қазақстан павильонын аралап көріп, өз ризашылығын берді.

«EXPO Milano 2015»
Бүкіләлемдік көрмесіндегі Қазақстан павильоны туристер арасында аса танымал
болып отыр. Павильонды тамашалау үшін күніне 4500 адам келеді. Осындай үлкен
қызығушылықты тудыруы оның сәулеттік шешімінің бірегейлігімен ғана емес,
сондай-ақ, мағыналы дүниелер ұсынылып отырғандығымен байланысты.

Негізінде,
көрмеге қатысушы елдер ұлттық күндерін өткізуді дәстүрге айналдырған. Expo
Milano 2015 көрмесіне қатысушы 147 елдің 110-ында өз елдеріне арналған павильондар
бар. Ұлттық күн – өз еліңді таныстыруға, оның тарихы мен дәстүрлері туралы
баяндап беруге мүмкіндік беретін ЭКСПО көрмелерінің ажырамас бір бөлігі.
Қазақстан Дүниежүзілік көрмеге 2005 жылдан бері қатысып келеді. Алайда,
еліміздің биылғы павильоны айрықша орынға ие болып отыр. «EXPO Milano 2015»
көрмесіндегі алғашқы екі ай ішіндегі жұмысы туристер мен көрме қонақтарының
елімізге деген қызығушылықтары аса жоғары екендігін байқатты. Немістің Factsand
Fiction компаниясы салған павильоны «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» атауымен таныстырылып
жатыр. Италия БАҚ-ның мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан павильоны туристерді
жинаған көрмелердің бестігіне еніп отыр. Бір мезгілде 80 адамды қабылдайтын
павильонға келушілердің қарасы тым көп. Күніне 4500 адам кезекке тұрып
Қазақстанның табиғат және ауылшаруашылық қорларын қорғау мәселесімен,
мәдениетімен және еліміздің ұмтылып отырған тұрақты даму туралы идеяларына
қызығушылық танытып отыр.

Қазақстан
Миланда екі мақсатты қойып отыр. Оның біріншісі өзгелерге елімізді лайықты
деңгейде танытып, дүниежүзілік жәрмеңкедегі басты көрікті орынға айналу болса,
екіншісі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде қонақтарды осы көрмеден еш кем
түспейтін үлкен шоу күтіп тұрғанын дәлелдеуге саяды. 3000-нан аса шаршы метр аумақты алып жатқан, қос қабатқа
орналасқан павильон «Жер шаруашылығы», «Мал шаруашылығы», «Қазақстан туралы
қызықты деректер», «Қазақстандағы аквамәдениет», «Қазақстан экологиясы» және
«Ауылшаруашылықтың келешегі» атты тақырыптармен экспозициялық аймақтарға
бөлінген.

Жуырда
Елбасы Астана қаласында құрылысы салынып жатқан жаһандық көрменің жұмыстарымен
танысты. «Ұлттық жоба» аталған ғасыр құрылысын салу міндеті сеніп тапсырылған мердігер
құрылыс ұйымдарының басшыларына ерекше жауапкершілік пен келелі міндеттерді
жүктеді. «Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді
көрсету үшін сіздерге, мердігерлерге оның дайын­ды­ғына қатысуға сенім
білдірілді. Сіздер өз қабілет­тері­ңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отан­дық
компаниялар, сондай-ақ, біздің елімізде жұ­мыс істейтін шетелдік мердігерлер
бұған дейін еш­қашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақы­тында және
сапалы атқаруға тиіс», – деп атап көрсетті Президент.

Сонымен,
егемен еліміз үмітін үкілеген ғасыр құрылысы келер жылдың күзіне дейін берілуі
тиіс. Ауқымды жобаның негізгі құрылымдарын салу биылғы жылдың қазан айында
аяқталып, одан әрі павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. ЭКСПО
қалашығының «нөлдік кезеңін» мердігерлік құрылыс ұйымдары белгіленген кестеден
ерте бітіруді жоспарлап отыр. Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес,
Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың
тұрғылықты жерлерін қамтамасыз ететін болады. Қонақтарға 1300 пәтер
қарастырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300 техника мен 700 құрылысшы
жұмылдырылған. Кешеннің жалпы ауданы –173,4 гектар. Ал көрме аймағы – 148,5 га. Негізгі
нысандары – Ұлттық павильон, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік
павильондар. Сондай-ақ, сауда және ойын-сауық ғимараттары болмақ. Астана көрмесінің
басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бүгінде бұл бүкіл адамзатты толғандырып
отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Дүниежүзілік көрмелер шежіресін
саралайтын болсақ, сол заманның озық жетістіктерін паш еткен көрмелердің басты
ұраны – адамзатты толғандырып отырған мәселелерді шешу болып табылады.

Жұмыр
жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық
тапшылықтың күннен-күнге белең алып бара жатқанын, сұранысы артқан экономика
үшін энергия өндірудің экологияны тығырыққа тірегенін ашық мойындап отыр. Ұрпақ
болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатынын күн тәртібіне
барынша батыл қойып отыр. Ендеше, «Астана ЭКСПО-2017» аясында энергетикалық
қуат көздерінің болашағы шешілмек.

Қазақстанның
балама энергия көздері бойынша әлеуеті зор. Экспорттық зерттеулер негізінен
алғанда, еліміздің құрамына гидроэнергия, жер және күн энергиясы кіретін
ресурстық әлеуеті 1 триллион кВт/сағат мөлшеріне тең деп жобалануда. Қазір
елімізде өндірілетін электр қуатының көлемінде «жасыл энергияның» үлесі аз.
Сондықтан Мемлекет басшысы индустрияландыру стратегиясында «жасыл энергияға»
сара жол ашып отыр. Елімізде соңғы деректер бойынша «жасыл энергия» қуатын 2000
МВт-ға жеткізу жөніндегі бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы
қолға алынды.

Еліміздің инноваторлары энергия тиімділігі
және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты өз шешімдерін ұсынып жатыр. Дарынды
өнертапқыштарға арналып «Online Expo-2017» байқауы өткізіліп жатыр.

Байқаудың басты
мақсаты, отандық өнертапқыштарды өз жұмыстарымен таныстыруға, ноу-хауларымен
бөлісуге ынталандыру. Байқау оларға өз жобаларын жүзеге асыру үшін инвесторлар
табуға өте жақсы мүмкіндіктерді ұсынады. Бұл ынтасы жоғары өнертапқыштарға
новаторлар ретінде өздерін танытып, «гаражда жасалған өнертабыстар» деп
аталатын дүниелердің дамуына қозғау салады. Байқауға келген жұмыстардың ішінде қоғам
үшiн үлкен маңызға ие қолжетiмдi әрi орындап шығарылуы оңай қарапайым
әзiрленiмдер де ұсынылып жатыр. Қазіргі күні «OnlineExpo-2017» байқауына
қазақстандықтардың атынан шамамен 450-дей өтінім келіп түскен. Осындай байқау
ЭКСПО-2017 көрмесі басталғанға дейін жыл сайын өткізілетін болады, оның
қорытындысы бойынша Болашақ энергиясы форумы шеңберінде Шағын ЭКСПО көрмесін
өткізу жоспарланып отыр.

ЭКСПО-2017
көрмесіндегі Ұлттық павильонның тұжырымдамасы аясында ең жаңа технологиялар
көмегімен және еліміздің энергетикалық әлеуетін кеңінен ашып көрсетілетін
болады. Көрмеге келушілерді Қазақстанның жерімен, мәдениетімен, тарихымен,
бүгінгі жағдайымен және келешегімен таныстыру мәселесі қамтылады. Көрменің
символдық орталығы Үздік тәжірибелер аймағы болады. Онда энергетика саласында
сәтті ендірілген әдістер, жобалар мен технологиялар таныстырылады.

Жақында «Астана ЭКСПО-2017»ҰК Халықаралық көрмелер бюросының БасАссамблеясы отырысында көрме дайындығы туралы
есеп берілді.
Онда,
ғ
имараттардың іргетасын және жертөле қабаттарын салу сияқты жұмыс бөлігінің
аяқталғанын хабарлады. Жалпы бүгінгі күні барлық құрылыс-құрастыру жұмыстарының
35%-ы жүргізілген.

Париждегі отырыс
барысында күзде Астана қаласында өтетін «Болашақ энергиясы» форумын өткізу
туралы ақпарат ұсынылды. Биылғы форум көрменің екінші тақырыпшасы «Энергия
тиімділігіне» арналады. «СО2 шығарындыларын азайту» тақырыбындағы алғашқы форум
былтыр өткенін айта кеткен жөн.

Елдің
еңсесі тіктелді, рухы көтерілді. Елбасы Жол­дауында өзі атап көрсеткеніндей, ел
дамуының «жасыл» жолына көшуде ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс береді. Бұл ұлы іске қызылордалықтар
да өз үлесін қосатын болады.

«ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесіне келетін туристер легін қабылдау үшін «Қорқыт Ата»
мемориалды кешені қайта құрылымдау, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Байқоңыр
қаласының жанында «ЭКСПО-2017» орталығы құрылысының орны анықталды.

«Байқоңыр»
ғарыш кешені, «Қорқыт Ата» мемориалды кешені, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан
Сығанақ, Шырық Рабат, Жент, Жанкент және Жетіасар алқабы сияқты орта ғасыр
қалалары арқылы аймақтың алдағы туристік кластерін дамыту жоспарлануда.

Өркениет
өріне ұмтылған адамзаттың ақыл-ойы әлемге барлық ұлттар жетістігін паш ететін
ұлы көрмені берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 160 жылдан астам
тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің
жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі
Эйфель мұнарасы және Александр ІІІ көпірі, Лион вокзалы, Венадағы Ротонда –
әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме
павильоны нақ осындай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Астанада
өтетін ЭКСПО-2017 көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын
ЭКСПО мұрасы – көрме символы нысанының бой көтеретініне сенеміз. 2017 жыл ел
жүрегі – Астана үшін айрықша айтулы жыл болмақ. Бұл жылы Елордамыздың 20 жылдық
мүшел тойы аталып өтіледі. Арқа төсіндегі ару қала төрткүл дүние көз тігетін жаһандық
оқиға алаңына айналады. Яғни, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі
аралығында көрмеге әлемнің 100 елі мен 10 халықаралық ұйымнан 5 миллионға тарта
турист келмек. Бұл Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін бұрынғыдан да
арттырып, Астананың атағын тағы да жаһанға жария ететін болады.

Нұрбек Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз