ӘЛЕУЕТI МОЛ АКВАПАРК

79

0

көпшіліктің көзайымына айналады

ӘЛЕУЕТI МОЛ АКВАПАРКЖiбек жолы даңғылының бойында түрлі-түсті көріністерімен айшықталған құрылыс нысаны көпшіліктің назарын еріксіз өзіне аудартады. Бұл – қалалық жағажайға қарсы бетте бой көтеріп жатқан спорттық ойын-сауық кешені. Мұндағы құрылыс күн сайын қарқын алып, нысанның кескін-келбеті уақыт өткен сайын құлпыра түсуде. Жақсыны көрмек үшін дегендей, әрі құрылыс барысымен таныспақ ниетте оған ат басын бұрған едік. Бізді нысанды салып жатқан бас мердігер «Мелиоратор” ЖШС-ның осы құрылыстағы бөлімше бастығы Нұрлан Динаев қарсы алды.

Ол ойын-сауық кешені құрылысымен таныстыра жүріп, оғанқандай қызмет түрлері кіретінін айтып өтті. Мұнда демалушыларға аквапарк, аттракционды саябақ, клуб-мейрамхана, балалардың ойын алаңдары, фитнес клубы мен жаттығу залы, СПА орталығы (сұлулық салоны), картинг жолдары, жедел тамақтану дәмханалары, түрік моншасы, ана мен бала бөлмесі, сауда орталығы секілді басқа да орындарөз қызметтерін ұсынатын болады. Қысқасы, қала тұрғындары мен қонақтарының барлық жастағы өкілдеріне демалуға толыққанды жағдай қарастырылған. Тіпті онда мүгедектердің арбасымен емін-еркін қозғалуына да жағдайжасалған.

Аквапарктің су аттракциондары тек балаларды ғана емес, үлкендерді де қызықтырып тартатын орта болмақ. Мұндай
аттракциондар ғимарат ішінде де, сыртында да бар. Олардың кейбіреулерінің
биіктігі он метрден астам. Бұл үш қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Мұндай
биіктіктен сырғанап келіп, бассейнге күмп ете қалудың әсері қандай десеңізші!
Оны сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Жалпы, ойын-сауық орталығында
бассейндерге молынан орын берілген. Бассейндердің жалпы саны он болса, оның
төртеуі ғимарат ішінде, қалғандары ашық аспан астында. Даладағы су аттракциондары
тек жаз мезгілінде ғана жұмыс істейтін болса, ғимарат ішіндегілері жыл бойы
жұмыс істеуге арналған. Демек, спорттық ойын-сауық кешені толық іске
қосылғаннан кейін барлық маусымда да
келушілерге есік ашық болады деген сөз.

Нысанның
жобасын жасаған алматылық белгілі фирма – «Компания КБК project” ЖШС.
Жобалаушылар демалыс аймағы орналасқан орнының ерекшеліктері барлығын ескерген
екен. Ойын-сауық кешені Сырдария өзенінің бұрынғы арнасы жағалауындағы
жартыаралға орналасқан. Алып жатқан аумағы бес гектардан астам. Оны үш жа­ғынан
су қоршап жатыр. Бар­лық коммуникациялардан алыс жатса да келетін жолдарды
жақсы ойластырып қойыпты. Оған үш бағыттан келуге болады. Оның екеуі автокөлік
жолдары болса, біреуі жаяу жүргіншілер жолы. Автокөліктер үшін үл­кен автотұрақ
болады. Ал комму­никацияның басқа түрлері бойынша барынша автономдылық жағдай
жасалынған. Бұл жерде өзінің электр қосалқы станциясы мен газбен жылытатын
орталығы да бар. Аквапарктегі бассейндерге, монша мен душқа жер астынан
алынатын және қалалық су жүйесінен келетін су жіберіледі. Бұл су мұнда
жіберілмес бұрын арнайы сүзгілерден өткізіледі. Сонымен қатар, барлық
бассейндердегі су үнемі айналыста болады және сүзгілерден өткізіліп тұрады.
Мұның бәрі демалушылардың ден­саулығын ойлағандықтан жасал­ған. Ал, кешендегі
ғимараттар өз кезегінде мәрмәр тастармен, металмен, шынымен, ағашпен қапталып,
ерекше сән бермекші.

ӘЛЕУЕТI МОЛ АКВАПАРКЖалпы,
мұндай нысан Қызылорда қаласында алғаш бой көтеруде. Учаске бастығы бұл
«Мелиоратор” ЖШС директоры Бердібек Мыхановтың қызылордалықтар демалатын
осындай демалыс орнын салып берсем деген идеясынан туындаған құрылыс екенін
жеткізді. Бұл қатардағы құрылыстардың бірі емес, өзіндік күрделілігімен
ерекшеленеді. Ал «Мелиоратор” ЖШС-на осындай көпсалалы құрылысты атқаруға
өзінің мықты базасы көмекке келуде. Кәсіпорынның өз кірпіш зауыты және
темір-бетон өндірісі, сондай-ақ металл конструкцияларын жинайтын цехы жұмыс
істейді. Құрылысқа қажетті бетон өзінің бетон зауытынан жеткізіледі. Бетон құю
жұмыстарында өте үлкен дәлдікпен жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін итальяндық
құрсаулар пайдаланылады. Серік­тестік мамандары да талай күрделі нысандар
құрылысын жүргізген мол тәжірибесі бар майталман шеберлер екенін айта кеткен
ләзім.

Өткен жылы
басталған құрылыс жұмыстарының қазір­гі күні сексен пайыздайы атқарылған.
Құрылыс басында бас мердігермен қатар мердігер мекемелер жұмысшылары да тынбай
жұмыс жүргізуде. Келесі жылы толық пайдалануға берілетін ойын-сауық орталығының
кейбір бөліктерін биылғы жылы іске қоса беру межесі бар. Атап айтқанда, алдағы
тамыз айында аквапарктің даладағы сырғанау аттракциондарын пайдалануға беру
ойлас­тырылып отырса, қыркүйек айында аквапарк пен мейрамхана келушілерге
қызмет көрсете бас­тайды деп жоспарлануда.

Сонымен,
«Арай” демалыс аймағы Қызылорда тұрғындары үшін отбасылық және достар
арасындағы демалыс орны болатынына күмән жоқ. Кешен толық іске қосылып жұмыс
істей бастағанда қала қонақтарының да көңілінен шығары сөзсіз. Соңғы уақытта
«Қызылорда күн сайын құлпырып барады” деген сөзді жиі еститін болдық. Біз сөз қылып
отырған нысанның да осындай оң пікірлерге үлес қосатыны анық. Олай болса,
бәріміздің көз қуанышымызға айналатын нысанды салып жатқан құрылысшылар
қауымына сәттілік тілей отырып, алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты
болсын дегіміз келеді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз