ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ

57

0

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІЖексенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал және Қазалы
аудандарында жұмыс сапарымен болды.

Облыс әкімі алдымен Арал ауданына қарасты Сексеуіл
кентіне келіп, жақында ғана ашылған жаңа балабақшаның жұмысымен танысты.
«Балапан» бағдарламасы бойынша бой көтерген «Алма Рай» тәлім ордасы заман
талабына сай салынған. Бөбекжай ашу туралы бастаманы жеке кәсіпкер Алмагүл
Еңсепова көтеріп, 2014 жылы құрылыс жұмыстары басталыпты. Нысанның негізгі
жұмыстары биыл аяқталып, маусым айында қолданысқа берілді. Соның арқасында 40
адам жұмыспен қамтылған.

160 орынға лайықтап салынған балабақша талапқа сай
жабдықталған. Мұнда ыңғайлы төсек-орыннан бас­тап, ойыншықтың түр-түрі бар.
Сондай-ақ, балабақшада сәбидің жан-жақты жетілуіне толықтай жағ­дай жасалған.
Алдағы уақытта сәби­дің сауатына сәуле түсіріп, танымын кеңейтетін арнайы
сыныптар ашылмақ. Яғни, бөбектерге үш тілде тәлім беру көзделуде.

Бұдан соң аймақ басшысы кент тұрғындарымен кездесіп,
өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, жыл сайын шамамен 250 бала
дүниеге келетін кентке жаңа перзентхана керек. Бірақ аймақ басшысы бұл өтініш
әзір орындалмайтынын айтты. Өйткені, тиісті талап бойынша, туу саны 500 баладан
асатын елді мекендерде ғана перзентхана салынады. Сондықтан, сексеуілдіктер
аудан орталығындағы және жақында пайдалануға берілген Байқоңыр қаласындағы
ауруханаға баруына тура келеді.

Кездесуде газ мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі
Сексеуілге 2017 жылы көгілдір отын берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, елді
мекендегі ауыз су және электр подстанциясының құрылысын салу мәселелері де
оңтайлы шешілмек. Жобасы да, қаржысы да дайын.

 

Аймақ басшысының сапары одан әрі Қазалы ауданында
жалғасты. Әуелі Жалаңтөс батыр ауылына барып, 90 орындық «Сәуле» бөбекжай
балабақшасының ашылуына қатысты.

– Біздің облыс «Балапан» бағдарламасын мер­зімінен
бұрын аяқтап, өткен жылы қызыл­ордалық балғындарды балабақшамен 100 пайыз
қамтыдық. Енді міне, батыр баба атындағы ауылда да жаңа балабақша ел игілігіне
беріліп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деген аймақ басшысы Жалаңтөс
батырдың 440 жыл­дығы аясында осы ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін
және жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталатынын жеткізді.

Ауыл ақсақалы Дәуіт Сайын немерелерінің жаңа
балабақшаға баратынын айтып, игі іске ұйытқы болған ел азаматтарына ризашылық
білдірді.

– Жалаңтөс батыр ауылы көркейіп келеді. Жаңа
ғимараттар бірінен соң бірі салынып жатыр. Айталық, елді мекенде жаңа емхана ха­лыққа
қызмет көрсетеді. Балаларымыз жаңа мектепте сапалы білім алуда. Ауылдық клуб
бой көтереді деген қуанышты хабарды қазір естіп отырмыз. Балабақша мәселесінің
де шешімі табылды. Ауыл ішінен заманауи үлгідегі зәулім ғимарат салынып,
балапандарымыздың жан-жақты тәрбие алуына мүмкіндік туып отыр, – деді қария.

Пайдалануға берілген нысанның құрылысына 264 млн 212
мың теңге жұмсалған. Екі қабатты ғимаратта спорт залы, үйірме бөлмесі, асхана
және басқа да бөлмелер бар. Сондай-ақ, мұнда жиырмадан астам ауыл тұрғыны жұмыс
істейді.

Жаңа балабақшаның меңгерушісі Зағипа Құрманайдың
айтуынша, бөбекжай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті,
компьютер тілін үйренетін бөлме де қарастырылған. Ал тәлімгерлер өздерінің
жұмысында бүлдіршіндерді ұлттық тәрбиемен сусындатуға басымдық бермек.

Облыс әкімі Жалаңтөс батыр ауылынан кейін Әйтеке би
кентіне келіп, Қ.Пірімов көшесіне аялдады. Мұнда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов
аймақ басшысын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазалы ауданында атқарылып
жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Жоба бойынша Қ.Пірімов көшесі
кеңейтіліп, Әйтеке би көшесінен №234 мектепке дейінгі аралыққа демалыс алаңы
орналасады. Бұл алаңға толық кеспе тастар төселеді, балалар ойын алаңы, су
бұрқағы салынады, түнгі жарықшамдар, орындықтар болады. Алаңда Бегім ана мен
Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады. Бұған қоса,
биіктігі 25 метр
болатын Тәуелсіздік монументі қойылмақ. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25
жылдығымен тұспа-тұс келген даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 440 жылдығына
орай, Қ.Пірімов көшесі мен Әйтеке би көшесінің қиылысында батыр бабаның мемориалдық
кешені бой көтереді. Қазір бұл жұмыстардың барлығы басталып кетті, құрылыстар
қызу жүруде.

Аудан әкімі Нажмадин Шамұратовтың айтуынша, демалыс
алаңы қазыналы Қазалының терең тарихынан сыр шертуі тиіс. Сондықтан, жаңа
алаңда халық жай серуендеп қана қоймай, өнеге мен тәлім алады.

Бұдан
соң, облыс әкімі Қазалы спорт клубында «Спортшылар күні» мерекесіне орай
өткізілген шараға қатысты. Спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған аймақ
басшысы Халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне қаржылай сертификат пен саланың
дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға Алғыс хат табыс етті.

Айта
кетейік, спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға
қатысқан қазалылық спортшылар жыл басынан бері 17 алтын, 20 күміс, 26 қола
медальға қол жеткізді. Жалпы, өткен жылы ауданда тұрақты түрде спортпен
шұғылданушылар саны 19084 адамға жетті. Бұл көрсеткіш аудан халқының 25 пайызы
деген сөз.

Солтүстік
аудандар сапарына Парламент Мәжілісінің депутаты Генадий Шиповских қатысты.

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз