
Мұнан кейін форум жұмысын ашқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева осыдан үш жыл бұрын, яғни, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні белгіленгенін атап өтті. Шындығында әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі аса ауқымды. Олар дүниеге келген сәбиден бастап ақылман қарияларға дейін қамқорлық көрсетіп, өз қызметтерін адалдықпен атқарып келеді. Осы орайда айта кету керек, біздің өмір сүруіміздің сапасы, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамның молшылығы көп жағдайда әлеуметтік қорғау саласының даму деңгейіне тікелей байланысты.
Бүгінде облыста бұл бағытта түрлі салалық бағдарламалар бойынша кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Әрі олар жеміссіз де емес.

Сала қызметкерлері мен форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова әлеуметтік сала қызметкерлерінің атқарып отырған қызметтері үлкен екеніне тоқталды. Атап айтқанда, олар көмекті қажет ететіндердің жанынан дер кезінде табылады. Әрі қолдарынан келген қайырымдылық көмегін де аямайды. Бүгінде облыстың әлеуметтік саласында 1800 адам жұмыс істейді. Олар 200 мыңға жуық адамды өз қамқорлығына алып, көмек көрсетуде. Жалпы әлеуметтік қызметкерлер қоғамдағы адамдар өмірінің сапасы жақсы болуына айрықша көңіл бөледі. Сондықтан да олар сонысымен ерекшеленеді.


Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі күні облыста 27 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың өмір сапасын жақсарту үшін облыста көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Осы орайда айта кету керек, облыс әкімінің тапсырмасына орай 2013-2014 жылдарға арналған жол картасы дайындалды. Осы бағдарламаға орай, келер жылы атқарылатын жұмыстарға 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Мұнан кейін мінберге көтерілген тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөніндегі Қызылорда аймақтық қорының атқарушы директоры, «Сыр мейірімі» жобасының жетекшісі Сапура Абдрахимова соңғы үш жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауымен аталмыш жобаның жүзеге асырылып келе жатқанын тілге тиек етті. Анығын айтқанда, «Сыр мейірімі» жобасын іске асыруда. Сыр елінің азаматтары ауызбіршілік танытып, тұрмысы төмен азаматтарға ұдайы көмек қолын созып, көмек көрсетуде белсенділік танытып келеді. Жалпы жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп, адам баласына тек қана жақсылық жасап жүрген абзал да қайырымды жандарға арналған форумда сөз сөйлеген «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің басшысы Анар Ізден мен «Домашний персонал» агенттігінің директоры Ажаркүл Боранбаева және «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында несие алып, кәсібін дөңгелентіп отырған Алтынай Іздіқұлова өз жұмыстары жөнінде айтып берді.
Форум соңында облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова әлеуметтік салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын табыс етті. Ол сондай бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын да табыс етіп, әлеуметтік қорғау саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп жүрген сегіз азаматқа аймақ басшысы арнайы белгілеген 500 мың теңгенің сыйақы сертификатын тапсырды.
***
Осы күні кәсіби мерекеге орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында дөңгелек үстел өткізілді. Оған қатысқан басқарма және департамент басшылары мен мамандары жұмыссыздық деңгейін төмендету мен зейнетақы жүйесін жаңғырту және зейнетақы қорларының жұмысын жандандыру секілді бірқатар мәселелер жайында хабарламалар жасап, олар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!