ІЛГЕРІ ЖЫЛЖУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

43

0

ІЛГЕРІ  ЖЫЛЖУДЫҢ  БАСЫМ  БАҒЫТТАРЫ  АЙҚЫНДАЛДЫҚазақстанның әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндетін жүзеге асыру аймақтардың даму үрдісіне едәуір өзгерістер енгізуді талап етеді. Осы орайда облыс әкімінің тікелей бастамасымен облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарының қабылдануы маңызды құжат болып табылады. Маңызды құжат өткен жылы Елбасына оның Сыр өңіріне сапары кезінде таныстырылып, Мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болған еді.

Стратегия сан тараудан тұрады. Дамуымыздың өзекті бағыттарына аймақтың мүмкіндіктері барынша сараптан өткізіліп, оны сүзгіден өткізуге, талдауға облыстың ғалымдары жұмылдырылды. Осынау ауқымды жұмыстың басы-қасында Ресейдің белгілі ғалымы Абель Аганбегянның жүруі маңызды құжаттың сәтті жүзеге асуына ықпал жасайды деп ойлаймыз.
2020 жылға дейінгі стратегия нені көздейді? Облыс ұзақ жылдар бойы аграрлық сипатта дамып келді. Соңғы жылдары ғана дамуымызда өнеркәсіптің айшықты қадамы сезіле бастады. Бірақ, әлі де болса дүре соғылмаған тіршіліктер жеткілікті. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы серпінді дами алмай отыр. Өнеркәсіптің көптеген салалары ақсап тұр. Осыған орай стратегия бойынша экономиканы әртараптандыру маңызды мәселе болып табылады.
Стратегия бойынша әртараптандырылған экономиканың дамуына қажетті адам ресурстары қамтамасыз етілетін болады. Осыған сәйкес отандық кәсіпкерлер мен өнімді сыртқа шығарушыларға қызмет көрсетуге қажетті инфрақұрылым жасақталады. Стратегияда атап көрсетілгендей, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласы тау-кен өнеркәсібімен қатар экономика құрылымында лайықты орын алатын болады.
Әлбетте, бұл мәселелерді шешу үшін көптеген макроэкономикалық міндеттерді оңтайлы іске асыру қажет. Оның ең алдымен бағалары да тұрақтандыруға қатысты болатынын атап өтуіміз керек. Бұл салада облыста қазірдің өзінде біршама ілгері басушылық нышаны байқалады. Бағалар тұрақтанды. Жергілікті өнім өндірушілердің бағаны тұрақтандыруға ықпал етіп отырғанын атап өту маңызды. Осындай макроэкономикалық шараларды тиімді жүзеге асыру негізінде стратегия бойынша жылдар аралығында инфляция 6-8 пайыз деңгейінде сақталады деп күтілуде. Инфляция осы деңгейде сақталса, бұл өндірістің қалыпты жұмыс істеуіне едәуір ықпал жасайды. Болжанған межелерді өз мерзімінде орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыстың экономикасы республиканың орташа көрсеткішімен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр. Оны кез келген статистикалық деректерден айқын аңғаруға болады. Біз қабылданған стратегия бойынша өсудің біршама оңды тенденциясына қол жеткізе отырып, аймақтың  ішкі жалпы өнімін жыл сайын 8 пайыздық көлемге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде Қызылорда облысының үлесі 2012 жылғы 3,9 пайыздан 2020 жылға 4,6 пайызға артады. Ал жалпы өңірлік өнім құрылымында тау-кен өнеркәсібінің үлесі 46 пайызды, өңдеуші өнеркәсібінің үлесі кем дегенде 5 пайызды, құрылыстың үлесі 8,8 пайызды, көтерме және бөлшек сауда үлесі 9 пайызға дейін құрайтын болады.
Сонымен бірге жетекші салаларға инвестиция тарту маңызды міндет болып табылады. Инвестицияның жыл сайынғы нақты көлем индексінің өсуі 12 пайызды құрайтын болады. Міне, осының барлығы, сайып келгенде, облыстың республика көлеміндегі төменгі деңгейден алдыңғы қатардағы шептерге орнығуына мүмкіндік береді. 
Стратегия бойынша халықтың әл-ауқатын көтеруге айрықша мән беріліп отыр. Орташа айлық номиналды еңбекақы 2012 жылғы 93,3 мың теңгеден 2020 жылға 111,8 мың теңгеге жетеді, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемі 2012 жылға 293,3 мың шаршы метрден 2020 жылға 420 мың шаршы метрге дейін артады.
ІЛГЕРІ  ЖЫЛЖУДЫҢ  БАСЫМ  БАҒЫТТАРЫ  АЙҚЫНДАЛДЫСыр өңірінің ауыл шаруашылығын көтерудің мүмкіндіктері көбіне көп өңдеу өнеркәсібінің дамуына тікелей қатысты. Бізде бүгінге дейін ел өндірісінің өнімін өңдеу төменгі күйде қалуда. Бұл жалпы қосылған құны жоғары өнім өндіруге кедергі келтіруде. Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайтпай, облыстың экономикасын серпінді дамыту мүмкін емес.Стратегиядағы көзделген міндеттер бойынша 2020 жылға дейінгі басты бағыттар ретінде мұнай-газ саласын, металлургия мен уран кәсіпшілігін дамыту, агроөнеркәсіп кешенін кеңейту, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету белгіленген. Экологиялық жағдайды жақсартып, көліктік логистикалық жүйені қалыптастыру осы салалардың серпінді дамуына ықпал жасайтын болады. Айналып келгенде, халықтың өмір сүру сапасы артады. Туризмді дамыту біздің өркендеуіміздің басты бағыты болып табылады. Қазір туризмді дамыту бойынша сан-салалы жұмыстар қолға алынып жатыр. Байқоңыр және Арал өңірі Сыр өңіріндегі туризмді дамытудың тиімді өңірлері болып табылады.
Стратегияда өндірілуі жыл сайын қиындық келтіріп отырған мұнайды және ілеспе газды жаңа технологияларды пайдалана отырып, өндіру мәселесі де жан-жақты қарастырылған. Облыс әкімі бұл орайда Ресей Федерациясымен жан-жақты байланыс орнатуға батыл қадамдар жасады. Осы игі жұмыстар жуық арадағы жылдарда өз жемісін береді деп ойлаймыз. Қорыта келгенде, облыстың дамуында жаңа серпінді қадамдар басталды. Бұл қадамдардың сәтті болатынына біз кәміл сенімдіміз.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз