ҮЛКЕН ІСКЕ ҮЛЕС ҚОС

100

0

ҮЛКЕН ІСКЕ ҮЛЕС ҚОСОблыс бойынша жүргізіліп жатқан екіайлық сенбілікке байланысты шаралар Қызылорда қаласында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қалалық ардагерлер және белсенді жастар ұйымы үндеу қабылдап, БАҚ арқылы тұрғындарды жалпыхалықтық сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырды. Осы кезге дейін шамамен 20000-ға жуық адам тазалық шараларына атсалысты. Сенбілікке қатысушылар қала көшелеріндегі ағаштарды әктеп, арық жүйелері, жаяу жүргінші жолдары мен мекемелер аумағын тазартуға үлес қосуда.
Қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағы 20 секторға бөлініп, тазалық жұмыстары толықтай жасалуда.
1 наурыздан бастап шаһарда «Тазалық сақшылары» мобильді тобы құрылып, жұмыс жүргізуде. Аталмыш топ күн сайын рейдке шығып түсіндірме жұмыстарымен айналысуда. 
Өткен сенбілікте көше тазалығын сақтау, өскелең ұрпақты  ортақ іске жұмылдыру және қала гүлденуіне үлес қосу мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Қызылорда облысының жастар одақтары” ҚБ ұйымдастыруымен «Менің таза қалам!” атты тазалық акциясы өтті.
Акцияға жүзден астам жас жұмылып, «Коммунизм” шағын ауданына қарасты Жанқожа батыр көшесі мен «Светлый” каналында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, Оқушылар сарайының  қызметкерлері мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Тоқмағамбетов және Әйтеке би көшесінің бойы мен «Сарқырама” арығын тазартып, көшеттер отырғызды. Сондай-ақ, Жібек жолы көшесінің бойында «Ыбырай хан” серіктестігі 1500 түп шыбық отырғызды.
Жалпы, тазалық айлығы басталғалы бері шаһар аумағынан көлемі 17442 текше метр күл-қоқыс шығарылып,  мыңдаған дана көшет егілді. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз