Ұлт бірлігінің идеологиялық тұтқасы

211

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ел бірлігін нығайтуға басымдық беріп келеді. Соның арқасында еліміз әлемдік қоғамдастықтан өзінің орнын тауып, саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани бағыты айқын, мақсат-мүддесі әлемдік ауқымда қолдау тапқан іргелі мемлекетке айналды. Осынау табысқа қол жеткізу жолында атқарылған жұмыстар барша қазақстандықтар үшін аса құнды. Бұл орайда Елбасының бастамасымен құрылған, қоғамымызда рухани келісім мен этносаралық ынтымақтың берік орнауына барынша үлесін қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша.
Көп этностылық еліміз үшін сын-қатер емес
Кезінде, дәлірегі Кеңес Одағы тұсында «халықтар достығының лабораториясы» деп айдар тағылған Қазақстанның бірінші кезекте әрдайым ішкі бірлікке баса назар аударуы өзінің оң нә­ти­жесін көрсетіп отыр. Тағдырдың талайымен, түрлі тарихи оқи­ғалардың себебімен көп этносты елге айналған мемлекетіміздің ішкі ынтымағын, татулығын нығайту үшін тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап әбден ойластырылған, пысықталған сауатты саяси бастамалардың қолға алынуы «қазақстандық лабораторияны» қатерге ұрын­дырмай, апатқа душар етпей, оның ортақ мүдде орайында сәтті «жұмыс істеп кетуіне» жол ашты. Осылайша, бәзбіреулер ой­лағандай көп этностылық елі­міз үшін сын-қатер емес, бас­ты байлыққа айналды. Ел татулығын нығайту ба­ғы­­­тында атқарылған басты ша­ра­­лардың бірі әрі бірегейі ретінде Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының құрылуын айтуға болады. Алматы қаласында ел тәуел­сіздігінің бір жылдығына ар­налған Қазақстан халқының тұңғыш форумында Елбасы аталған іргелі институтты құру идеясын жария еткен болатын. Осы алқалы жиында баяндама жасаған Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған елдер қатарынан көрінуі, халқымыздың әл-ауқаты жақсаруы ел ынты­мағының жарасым табуына тіке­лей байланысты екенін атап көр­сеткен еді. Елбасының сол кезде айтқанын халқымыз жылы қабылдап, бірлік пен татулықты ту етіп, ынтымақтың ауылына түбегейлі бет бұрған-ды.  Елбасының Қазақстан халқының тұңғыш форумында халық жүрегіне жеткізе айтқан сөздерінен кейін рухани келісімді, бірлікті нығайтуды, этностардың мәдениетін дамытуды мақсат еткен қоғамдық ұйымдар еліміздің барлық өңірлерінде құрылып, өз міндеттерінің шеңберінде қызмет көрсете бастады. Уақыт өте келе бұл ұйымдардың қоғамымыздағы жарасымдылық пен бірліктің нығаюына, еліміздің мәдени-рухани тұрғыда дамуына оң әсерін тигізе бастағаны анық бай­қалды. Осы оң үрдіс ескеріліп, 1995 жылдың 16 ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысы елдегі ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында жаңа қоғамдық институт құрудың уақыты келгенін атап көрсетті. Іле, дәлірегі 1995 жылдың 1 нау­рызында Қазақстан Президенті жанынан консультативтік-кеңесші орган мәртебесін бере отырып, ҚХА-ны құру туралы Елбасының Жарлығы шықты.  Бүгінде бұл институттың маңыздылығын барша қазақ­стандықтар, сондай-ақ әлемдік дең­гейдегі саясаткерлер, халық­аралық ұйымдар мойындап отыр. Өйткені көп этносты, көп конфессиялы мемлекетімізде мұндай құрылымның болуы аса қажет еді.  Ассамблея ә дегеннен өз қыз­меті шеңберінде еліміздегі жал­­пыұлттық бірлікті дамыту ба­ғы­тындағы жетекші құры­лым ретінде мойындалып, қоға­мымыздағы этносаралық байланыстарды ілге­рілету саясатының жүйелі түрде жүргізілуіне атсалысып ке­леді. Әсіресе азаматтық қоғам­ды дамыту ісіне қатысты стра­тегиялық құжаттар қабыл­дануына мұрындық болды әрі ру­хани келісім бағытында көпте­ген тиімді ұсыныстарымен ха­лық ықыласына бөленуде.  Мәселен, Ассамблея еліміздің демократиялық бағытын айқындаған маңызды мәселелерді күн тәртібіне шығарып, соның нәтижесінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың қағидаттары бекітілді. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеу, құрбандарды ақтау мәселелерін көтерді. 2002 жылы ҚХА-ның ұлттық келісімді басты назарда ұстаған стратегиясы қабылданды. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, 2007 жылы Ассамблеяға Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы беріліп, оның қоғамымыздағы рөлі мен жауапкершілігі артты. Ал 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде институттың нормативтік-құқықтық негіздерін нақтылап берді.
Ел бірлігін нығайту – ортақ мүдде
Мемлекет басшысының Ассамблеяға еліміздегі барлық этностардың мүдделерін бір арнада түйістіруші, азаматтарымыздың этностық және діни наным-сенім тұрғысындағы ерекшеліктеріне қарамастан, олардың құқығы мен бостандығын сақтаушы саяси құрылым деп баға бергенінен көп жайтты аңғаруға болады. Сондай-ақ, шетелдік сарапшылар да Ассамблеяны елімізді біріктіруші күш ретінде қарастырып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымына теңеуі жайдан-жай емес.  Жалпы, Ассамблея қызметінің салмағын арттырып, оның қоғамдық келісімді қамтамасыз етуші органға айналуына саяси тұрақтылық және қазақстандық патриотизм ұғымдарының Ата Заңымызда бекітілуі зор ықпалын тигізді. Ұйым мемлекеттік органдармен бірлесе отырып экстремизм мен радикализм құбылыстарына қарсы күресуде, халықтың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруда көптеген шаралар өткізіп келеді. Бұл шаралардың барлығын Ассамблея этномәдени орталықтарды жұмылдыра отырып жүзеге асыруда. Бүгінде елімізде 1 338 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, 41 достық үйі ашылды, 3 мыңдай қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқарады. Бұдан екі жыл бұрын мұндай ұйымдардың құрамында 900-ге жуық адам болған. Қазіргі таңда олардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Негізінде, ҚХА өткізген шаралардың барлығының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, бейбітшілікті, татулықты ту еткен бұл шаралар қоғамымызды бір мүддеге ұйыстыра түсуде. Олардың барлығы этномәдени бірлестіктер жанынан шығарылатын газет-журналдарда бірнеше тілде жарық көріп келеді.  Бүгінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мән-маңызын барша қазақстандықтар терең түсінеді. Бұл құжаттан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда ҚХА-ға үлкен міндеттер жүктелген. Нақтылай айтсақ, Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты бөлімінде көзделген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдау, «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім» ұлттық жобаларын, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру сынды міндеттерді атқару бағытында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Өміршең бастамалар
Еске сала кетейік, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, сондай-ақ Мемлекет басшысына оның іске асырылуы туралы жыл сайын есеп берілуі заңдық тұрғыдан бекітілді. Бұл өз кезегінде Ассамблея рөлінің күшейе түсуіне әрі «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қайырымдылық туралы» Заң қабылданды. Бүгінге дейін 500 мыңнан астам адам, 18 мыңнан астам ұйым 4,1 миллиард теңгеден астам қаражат көлемінде қайырымдылық көмек алды.  Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, барлық атқарылып жатқан шаралар ғылыми-талдамалық тұрғыдан зерттеліп барып жүзеге асуда. Бұл зерделеу жұмыстарына ҚХА-ның жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін Ғылыми-талдамалық кеңес, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, Достық үйлері қатыстырылады. Жалпыұлттық бірлікті өркендетуде бұл құрылымдардың әрқайсысының атқаратын рөлі зор. Елімізде Алғыс айту күні белгіленіп, ол дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. ҚХА-ның ХХІІІ сессиясында сөйлегенде сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл мерекенің маңыздылығын таратып айтып берген-ді. Негізінде, Алғыс айту күні бүгінгі берекелі өмірге қалай жеткенімізді ұмытпауымыз үшін аса қажет. Бұл мереке – кезінде талайларға қамқор болған қазақ халқына, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосқан көптеген этнос өкілдеріне разылық білдіру мүмкіндігі.  Қазіргі таңда БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сынды ең белді халықаралық ұйымдар біздің Ассамблеямен тығыз байланыс орнатып отыр. Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей тағы басқа да көшбасшы елдердің жетекшілері қоғамдық келісім орнатудың қазақстандық моделіне жоғары баға беруде әрі оны өз елдеріне енгізуге мүдделілік танытуда. Сондай-ақ, Ресей халықтары Ассамблеясымен ынтымақтастық туралы келісім жасалды, Лондондағы қазақстандық бейбітшілік пен келісім орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумға, Испанияның Бейбітшілік пен шиеленістер институтымен ниет хаттамасына қол қойылды. Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тіпті, Ассамблеяның әлем елдерімен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының тұтас тарихы қалыптасты деп айтуға толық негіз бар.  Еліміз үшін де, Ассамблея үшін де биылғы жыл өте сәтті өтуде. Биылғы елеулі оқиғаның бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халықтың санасына серпін берді. Осы орайда, халықты төл тарихы арқылы тәрбиелеу, жалпыұлттық мүддеге жұмылдыру, патриотизмді қалыптастыру сынды идеяларды іске асыру, қазақстандық бірегейлікті нығайту мақсатында ҚХА-ға бірқатар міндеттер жүктелді. Бұл ауқымды міндеттерді аталған ұйым жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді.  Қорыта айтқанда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудың бірегей моделін құрған Қазақстанның дамуында Ассамблеяның қызметі ерекше. Тәуелсіздік жылдарында көптеген саяси күштермен тығыз байланыс орната білген ұйым бүгінде елмен бірге өсіп, ауқымын кеңейтіп, конституциялық органға, ұлт бірлігінің идеологиялық тетігіне айналды.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз