ҰЛТ ТАРИХЫ – ҰЛЫЛЫҚ БАСТАУЫ

94

0

ҰЛТ ТАРИХЫ – ҰЛЫЛЫҚ БАСТАУЫЖиырма мемлекеттің, екі империяның мұрагері саналатын
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау ел тарихындағы ең маңызды шаралардың
біріне айналды.

Мерейтой аясында бабаларымыздың елдік мұратына
қайтадан терең үңілдік. Тарихымыз біршама түгенделді. Тың деректер табылды.
Нәтижесінде, алыс-жақын шетел жалпыадамзаттық гуманистік құндылықтарды,
әділеттілікті қару еткен көшпенділердің ерлігіне бас иді, ал біздің елдің
азаматы бай тарихын мақтан тұтты. Ұлы тойдың мақсаты да осы болса керек. Елбасы
айтқандай: «Бұл той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету
және тағдырдың сан алуан қиын­дықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым
алу үшін өткізіліп отыр”. Сондықтан, еліміздің барлық өңірлері, соның ішінде
Сыр елі де ұлы тойға атсалысты. Күні кеше Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінде «Қазақ хандығы: тарихи және әдеби деректер мұрасы» атты
республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев және Қазақстанға танымал тарихшы ғалымдар қатысты.

Конференцияда сөз сөйлеген Қырымбек Елеуұлы ғылыми
басқосудың маңызына тоқталды. «Елордасы Астанада жасалған той бабалар рухына
тағзым белгісі болса, тарихтан алар тағылым үшін той тойлаумен бірге ой ойлауға
шақыратын зиялы ортаның бүгінгідей мәслихаты қажет», – деген түйінді ойын
жеткізді.

– Кеше Еділден айырылған қазақ Есілден айырылайын деп
тұрғанда тәуелсіз ел болды. Осының қадіріне жету үшін тарихтан тағылым алуымыз
керек. Кейбір көрші мемлекеттерде «қазақтың тарихы жоқ», «мемлекет болмаған»
деген кезде біз Қазақ хандығының 550 жылдығы тойын Елбасының ұсынысына сәйкес
атап өтіп жатырмыз. Қазақтың тарихы тек 550 жылда тұрған жоқ. Одан арғыдан
бастап бергіге дейін дұрыс білу, игеру, үйрену жаңа ұрпақты қалыптастыруда өз
септігін тигізеді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Қырымбек Елеуұлы Қазақ мемлекеттілігін
нығайтуға Сыр өңірінің қосқан үлесі туралы баяндап берді.

– 15 ғасырдың 70-жылдарында Қазақ хандығы Сырдария
бойы­мен жүріп отырып, Қаратаудың бөктеріне жет­ті. Хандықтың территориясы
кеңейіп, оған түкпір-түкпірден туыс рулар келіп қосылып жатты. Қазақ хандығының
құрамына алғаш қосылғандардың қатарында Сырдың жағасындағы Созақ пен Сауран
қалалары бар еді. Қасым хан жас мемлекеттің астанасы етіп, экономикалық әрі
стратегиялық маңызы жоғары Сығанақ қаласын таңдады. Соның нәтижесінде, тоғыз
жолдың торабында орналасқан Сыр бойының қалалары гүлденіп, көркейе түсті. Ал
Тәуке хан тұсында Сыр бойындағы қалалардың саны 32-ге жетті.

1635 жылы Моңғолия территориясында Жоңғар хандығы құрылып, олардың қазақ даласына діттелген
шапқыншылығы басталды. Жоңғарға қарсы жүргізген ұзақ жылғы күрес, шын мәнінде,
тұтас қазақ елінің Ұлт-азаттық соғысына айналды.

1643 жылдың қысында жоңғар және қазақ әскерлері Жоңғар Алатауындағы Орбұлақ шатқалында
бетпе-бет келді. Бұл шайқас ел тарихына ерлік пен отаншыл өрліктің жарқын
мысалы болып кірді. Осы ұрыста Салқам Жәңгір әскерлеріне 20 мың сарбазбен
көмекке келген Сырдың тумасы, Самарқанның билеушісі Жалаңтөс баһадүр
жоңғарларға ойсырата соққы берді.

Жоңғар шапқыншылығының зардабын тартқан халық
тұс-тұстан ауып келіп, алты Алаш Сыр бойын паналаған. Осы жерде ес жиып, күш
жинап, ілгері ұмтылған. Сондықтан да, Сыр өңірі қазақ хандығының
саяси-экономикалық және рухани-мәдени орталығы ретінде ұлтқа пана болған Ұлы
Даланың киелі пұшпағы болып табылады. Елбасының Сырды Алаштың анасына балайтыны
да содан! – дей келе, облыс әкімі бүгінгі және келешек ұрпақтың міндеті бабалар
аманатына адал болып, Ұлы Дала елінде тәуелсіздікті мәңгі ету екенін атап өтті.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология
институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжановтың
айтуынша, Қазақстан жеріндегі мем­лекеттіліктің тарихы 3000 жылдан асады.
Сондай-ақ, Қазақ хандығының іргесі берік қала­нып, өзге елдермен терезесі тең
халықаралық қарым-қатынас жа­са­ған. Тарихшы ғалым Қазақ хан­дығының салтанат
құрған дәуірімен қоса, ыдырау кезеңін де сөз етті.

– XVIII ғасырда Ресей артиллериясы мен ағылшындардың
кеме­лері ғылыми-техникалық даму­­дың ең жоғары жетістігі деп саналған. Ал
Қазақ хандығы технологиялық тұрғыда мешеу қалып қойды. Осы және елдегі сая­си
бытыраңқылық хандықтың ыдырауына әкеп соқтырды, – деді ғалым. Десек те, оның
пікірінше, Қазақ хандығынан қазіргі Қазақстан мемлекетіне екі байлық мұра
болды: бірі – ұлан-байтақ жер, екіншісі – рухани-мәдени құндылықтар.

ҚР Ұлттық ғылым академия­сының корреспондент-мүшесі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет
Кәрібаев Қазақ хандығы құрылуының жазбаша және ауызша деректері тақырыбында
баяндама жасады.

– Ғылыми тұжырым деректерге негізделеді. Ғылыми-зерттеу
жұмысымды бастағанда, Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты 50-ге жуық
деректер жинақтадым. Оны екіге бөліп қарастырдым: мәселеге тікелей және
мәселеге жанама қатысы бар деректер. Тікелей қатысы бар алты еңбекте Керей мен
Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп, көшкені туралы жазылады. Ал солардың
ішіндегі ең маңыздысы – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы. Онда
Қазақ хандығының құрылу датасын нақты жазады. Егер бұл еңбек жазылмаса, қазақ
елі өзінің мемлекетінің қалай құрылғанын, қалай басталғанын білмеген болар еді,
– дейді Б.Кәрібаев.

Берекет Бақытжанұлы Қазақ хандығының 550 жылдығына
орай, Сыр өңірінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас­тамасымен ауқымды
шаралар ұйымдастырылып, насихат жұмыстары күшейтілгенін айрықша тілге тиек
етті. «Соның бір көрінісі – «Қазақ хандығының құрылу тарихы» тақырыбындағы
бейнедәрістің жазылуы. Дәріске өзім де белсене атсалыстым. Нәтижесінде, 25
сериядан тұратын бейнедәріс шығарылып, ғалымдар мен ізденуші жастарға таратылып
отыр. Осы қолдауы үшін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғыс айтамын, – деді
баяндамашы.

Бұдан бөлек, конференцияда Мұхаммед Хайдар Дулатидың
«Тарих-и Рашиди» атты шығар­масы парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударған
ғалым, SDU профессоры Ислам Жеменей қазақ сөзі «Зафарнаме», «Бабырнаме»,
«Тарих-и-Рашиди” еңбектерінен кездесетінін жеткізді. Бұдан бөлек, ғалымның
айтуынша, парсы елінің мұрағаттарында шаң басып жатқан қазақ тарихынан сыр
шертетін деректер әлі де бар, соны Қазақстанға алдыру, қазақ тіліне аудару
жұмыстары жалғасын табады.

Ал Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, тарих ғы­лым­дарының
докторы Мұхтар Қожа ғылыми басқосуда тың тарихи жаңалықтың шетін шығарды.

– Ғылымдағы ұстазым Кемал Ақышев: «Мысыр тарихы үшін
Ніл өзені қандай маңызды роль атқарса, Қазақстан тарихында Сырдария өзені
сондай роль атқарған», – деп тұжырым айтқан еді. Себебі, Қазақ хандығының
негізгі тірегі осы Сырдария аймағы болған. Біз 25 ханның сүйегі жатқан
пантеонның Түркістанда орналасқанын білеміз, ал дәл сондай пантеон Сыр жерінде
Қазалы мен Қармақшының шекарасы тұсында болған-ды. Дәлірек айтсақ, Ақжар деген
жердің аржағында Қуаңдарияның бойында. Онда Әбілқайыр хан мен Ералы хан
жерленген. Ал басқалары бізге беймәлім. Мұны зерттеу керек, – деді Мұхтар Қожа.

Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ғалымдары
Оңғар Бермаханов пен Ұлжан Жанбершиева да тарихтағы тың деректермен бөлісті.

Конференция соңында жасал­ған баяндамалар және
айтылған ойлар мен тұжырымдар негізінде ұсынымдар қабылданды.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз