ҰЛТ ЖАДЫНЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

123

0

ҰЛТ ЖАДЫНЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫКеше облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешовтің қатысуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын түсіндіруге арналған идеологиялық актив отырысы өтті. Оған Қызылорда қаласы мен аудандар активтерінің мүшелері, аумақтық, облыстық басқармалар басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты.
Ел Президентінің мақаласына қатысты баяндама жасаған Қ.Ысқақов  оны «Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет іске асырылған рухани жаңғыру бағдарламаларының нәтижелеріне тоқталды. «Мәдени мұра», оның ішінде Сыр өңіріндегі ескерткіштердің жаңғыртылуы, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіштің енгізілуі үлкен жеңіс болды. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы әлемнің әр қиырындағы архивтерден төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелеп жинауға жол ашты. Бұл ауқымды істер еліміздің экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани-мәдени жағынан да қатар дамуын қамтамасыз етті.
Ұлттық кодты сақтап, замана сынына төтеп беру, озық дәстүрлерімізді табысты жаңғыртуда Сыр өңірінің орны ерек. Баяндамашы өлкеміздегі өнер көшінің  даму қарқыны, тарихи жәдігерлердің жаңартылуы тұрғысындағы бастамаларды атап өтті. 
Әлемдік кеңістікте табысты болу үшін тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Бұл ұрпаққа білім берумен, тәрбиелеумен астасып жатыр. Осы ретте аймақ басшысының тікелей бас¬тамасымен 400-ге жуық түлек Ресейдің беделді жоғары оқу орындарында, 500-ге жуық тұрмысы төмен, әлжуаз отбасыларынан шыққан, талапты да талантты мектеп түлектері облыс әкімінің грантымен білім алып жатқанын айтуға болады. 
Елбасы өткен дәуір қатпарларынан қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойымызды арылтып, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізуіміз қажеттігін айтты. Жаһандану үрдісінің басты талабы – әлемдік тілдерді меңгеру, латын әліпбиіне көшу, қоғамдық, гуманитарлық ғылымдар бойынша «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы рухани жаңғыруға тірек болатыны сөзсіз. Ұлт көшбасшысы ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Туған жер» бағдарламасы бізді өркениетті әлемнің ажырамас бөлігіне айналдырмақ. 
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов Елбасы мақаласында қойылған міндеттерге сәйкес тиісті атқарушы органдар мен басқармаларға жүктелген тапсырмаларға тоқталды. Құзырлы орындар ұлттық салт-дәстүрлерді, тіл мен музыканы, әдебиет пен мәдениетті жаңғыртуға, өңірдің тарихи киелі жерлерін кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарын аз уақытта жасауы тиіс. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына ұсыныстар енгізіп, облыс тұрғындары мен жастар арасында туған жердің табиғатын сақтау тұрғысында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. 
Ұлттық кодты, ұлттық мәдениетті сақтауға шақыратын материалдарды ұйымдастыру, тұрғын¬дар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алу керек.  Алдағы уақытта «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасы әзірленеді. Келесі жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар даярланып, тұрғындар арасында латын әліпбиін үйрету оқулары, арнайы сабақтар, «Туған жерге тағзым» акциялары ұйымдастырылады. Бұл ретте өлкетану, туған жердің тарихын оқыту, мәдени жетістіктерді әлемге таныту, мәдени өнімдерді тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен шығару бағытында ұсыныс енгізілуі керек.
Жиында сөз алған облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ш.Әбдікәрімов Елбасы мақаласын тарихи құжат деп атады. Тоқсаныншы жылдардың орта шеніндегі кітапханалардың, мәдени ошақтардың, әлеуметтік нысандардың, балабақшалардың жабылуы рухани бағдарымыздың бағытын адастырды. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында өмірімізді рухани жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтап қалдық. «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Ұлы дала ұлағаттары», «Мәңгілік ел» арқылы әлемдік технократияның, жаһанданудың толқынына далалық демократия¬¬мызды қарсы қоя алдық. Ақын  ұлттық кодты сақтау, рухани құндылықтарды жаңғырту, латын әліпбиіне көшу туралы ойларымен бөлісті. 
Қорқыт ата атындағы мемлекеттік универ¬си¬теттің «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедра¬сының меңгерушісі Н.Мыңжасов рухани жаңғыруда әлемдік тәжірибелерден сабақ алып, өз жолымызды айқындаудың маңызына тоқталды. Елбасы айтқан сананың ашықтығы осындайда аса қажет. Таяудағы 10 жылда біздің өмір салтымыз түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Біз бұған дайын болуымыз керек. Керітартпалықтан қашық болу, өзгенің артықшылықтарын алу, ең озық жетістіктерді қабылдау – табыс кілті. Ұлттық мәдениеттің кемел¬денуі оның өзге мәдениеттерді қабылдауымен анық¬талады. Қазақтың мәдени қалпында біз ұялатындай ештеңе жоқ. Салт-дәстүр, ырымдар, тыйымдар тарих сынынан өткен, екшелген. 
Уақыт сынынан өтпей қалғандары ұмытылды. Осындай ауқымды мәселерді қозғаған Елбасы мақаласы бөлінгенді бүтіндейтін рухани тірек ретінде қабылданып отыр. 
 Білімнің салтанат құруы – бүгінгі заманның сұранысы. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов білім саласының жас ұрпақтың рухани кемелденуіне жауапты екенін атап өтті. Білімді болуға ұмтылу жастардың басымдық беретін бағыттарының алғашқы сатысында тұруы тиіс. Құндылықтар жүйесінде білімді барлығынан биік қоятын ұлт қана табысқа жетпек. 
Қазіргідей білім берудің мазмұны өзгерген кезеңде Сыр елінің түлектері де үлкен жетістіктерге жетуде. Баяндамашы облыс көлеміндегі инновациялық мектептердің, жаңа бағыттағы педагогтарды даярлаудың табыстарына тоқталды. Соңғы жылдары, яғни, 2014 жылы мектеп түлектерінің 88,3 пайызы, 2015 жылы 93 пайызы, 2016 жылы 95 пайызы мемлекеттік грант және ақылы негізде ЖОО-лар мен колледждерге түскен. Түлектердің оқу гранттарын жеңіп алу көрсеткіштері де артып келеді.     
Латын әліпбиіне оралудың артықшылықтарына тоқталған Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің профессоры А.Абасилов бұл қадам арқылы тіліміздің табиғи заңдылықтары сақталатынын айтты. Латын әліпбиі ана тілімізді осы заманғы ғылыми-техникалық үдеріске икемді етеді. Тілімізді дамытуға кедергі келтіретін факторлар жойы¬¬лады. Профессор әліпби ауыстыру арқылы осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктер жойылатынына тоқталды.  
 Кирилл жазуына негізделген қазіргі қазақ жазуы ұлттық сипатынан ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жатыр. Қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупі бар, ал дәстүрлі нормасынан айырылған тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды. Тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфография¬сын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге орыс графикасынан гөрі латын алфавиті қолайлы. 
Жиында «Қоғамдық келісім» орталығының басшысы У.Ибраев Мемлекет басшысы көрсеткен жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды айқындау мен оны сақтай білудің маңызына тоқталды.  Мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылатын уақыт келді. Жершілдік пен рушылдықтың зардаптары болашақ ұрпаққа тимеуі керек. 
Актив жиынында Елбасы мақаласындағы «Ұлттық сана», «Туған жер», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «100 жаңа есім» тақырыптары талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылды.  
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз