ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ИДЕЯСЫ

44

0

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ИДЕЯСЫБіздің күн шұғылалы Қазақстан қазір әлемге таныла бастады. Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Әсем Астана салды, халық саны жылдан жылға көбеюде. Қысқасы, біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі күнге сеніммен қарайды. 

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – мұндағы әрбір сөз, сөйлем елдік мұраттарға жауап береді. Орта және шағын бизнесті дамыту, білім, ғылым, денсаулық сақтау саласын ілгері дамыту – ел болашағының кепілі. Жолдаудағы алдағы ондаған жылдардағы атқарылар істі әрбір азамат қоғамның одан әрі ілгерілеуіне күш жұмсауы керек.
Бір қуаныштысы Мәңгілік Ел – «Қазақстан-2050» стратегиясының түпқазығы. Индустрияны ғылыми негізде дамыту, еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру арқылы жарқын болашаққа нық қадам жасаймыз. Міне, Жолдаудағы басты қағида осы бағытқа арналған.
Біз белгіленген стратегия бойынша дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр.
Сыр өңірі ауыл шаруашылығын өркендетуге, қазба байлықтары жағынан кем емес өңір. Сондықтан аграрлық секторды дамытуға, өндірісті дамытуға күш жұмылдыруымыз керек.
Біздер ендігі жерде жұмылған жұдырықтай бірлікпен еңбек етіп, әрбір өнімнің сапасы үшін әлемдік стандартқа жетуіміз керек. Байлығымыз да бақытымыз – тәуелсіздік шаңырағын биікке көтеруге атсалысу парыз.
Бәрін шүкір дейікші, бар-жоғы 22 жылда Астана тұрғызып, енді алдағы бірер жылда қала халқы миллионға жуықтайды. Әлем назары осынау бой көтерген Астана ғимараттарына таңырқайды. Арғымақтардың аяғы жетпейтін алыс-жақын шетелдерде мыңдаған қазақ жастары білім алуға жол ашты. Ұшқыр қиял көкке қарай самғап барады.
Елбасының биылғы Жолдауынан туған толғаныс сезіледі. Шындығында «Қазақстан-2050» стратегиясы нұрлы болашақтың бағдаршамын айқындап бергені ақиқат. Рас, Мәңгілік Ел болу – өз қолымызда. Тек бірлік, ынтымақ, отанға деген патриотизм бізді биік шыңдарға талмай жеткізеді.
Әбдіғаппар ӘМІРҒАЛИҰЛЫ,
«Ұлттық сараптау және сертификаттау» АҚ орталығы 
Қызылорда филиалының директоры, 
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Елбасымыз биылғы жылғы Жолдауында қазақ елінің ұлттық идеясын көтеріп, рухын асқақтататын «Мәңгілік ел» атауын ұсынуы бізді үлкен қуанышқа кенелтіп отыр.         
Жолдауда елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек  көңіл бөлу керек, оларға көмек  және қамқорлық көрсетілуі  тиіс екендігі және оларды  еңбекке кеңінен тарту қажеттігі көрсетілген. Сондықтан да біз оларды жәрдемақы ғана алып қоймай, белсенді өмірге тартуға, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін дәрежеге жеткізуге тиіспіз. 
Егер саралап айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық  қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мемлекет басшысы тарапынан оларға квоталар қарастыруға, әр кәсіпкерге, әр мекемеге оларды мүмкіндігінше жұмысқа тартуға тапсырма беріліп отыр. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін келесі жылдың 1-шілдесінен бастап 25 пайызға арттыруды міндеттеді. 
Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу керектігі көтерілген.
Сондай-ақ, азаматтық қызметкерлер де назардан тыс қалмақ емес. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу тапсырылды. Онда қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз ету жүктелді. 
Елбасы Жолдауда ел дамуының 2050 жылға дейінгі жолына бастар мақсат-міндеттерді айқындап берді. Оның жүзеге асырылуына әрбір қазақстандық азаматтың  қосатын үлесі зор екендігі сөзсіз. Сондықтан өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарға жету үшін бұл басты құжаттың  мағынасын әрбір азамат түсінуге, ең алдымен Стратегиямыздың идеяларын бүкіл халық болып жүзеге асыруға жұмылуымыз қажет. 
Лиман БОРАНБАЕВА, 
Қызылорда облысы бойынша Бақылау және 
әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы.
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ БИІК ТҰҒЫРЫ
Халқымыздың даналығындағы «Білімсіз ғылым, ғылымсыз күнің жоқ» делінетін қанатты сөздің шындығы бүгінгі Қазақстан мемлекеті мен қазақ қоғамының өмірінде ақиқатқа айналып отыр. Елбасы  өз Жолдауында осы екі мәселеге айрықша тоқталды. 
Жолдаудың алғашқы бөлігінде-ақ Елбасы: «Озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру аяқталады» – деді. Бұл жерде әңгіме қазірдің өзінде кең етек жайып, ел өмірінде абырой мен бедел иелене бастаған Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті жайында болып отыр. Сондай-ақ 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларға мектепте дейінгі білім беру орындарымен 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесі, елдегі барлық мектептерді екі ауысымға көшіру туралы, жуық арада дуальдік, техникалық, кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру жайында, студенттердің стипендиясын 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға, білім беру саласының қызметкерлерінің еңбек ақысын 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 29 пайызға өсіру туралы айтқандары еліміздің білім беру саласына көрсетілген нақты көмек, ел болашағына бағытталған мазмұнды да мағыналы іс емес пе? 
Ғылымға келер болсақ, Жолдауда тарихта болмаған жағдай «экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыру» мәселесінің айтылуы болды. Бұл – ғылымымыздың, қоғамдық өміріміздің барлық саласында белсенділігі артып, дамудың даңғыл жолына батыл қадам басамыз деген сөз. Сонымен бірге, Жолдауда бірінші рет «таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау» мәселесіне арнайы тоқталу ғылымға қазір де, алдағы уақытта да ерекше назар аударылатынының айқын дәлелі болып табылады. 
Жолдауда анық айтылғандай «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру» екені сөзсіз. Міне, осы айтылғандар Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында білім мен ғылымға ерекше назар аударылғанын көрсетеді. 
Жолдау «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мазмұны мен міндеттерінен тұрады. Бұл мемлекеттік тіліміздің Мәңгілік тіл статусын алғанының, алатынының айқындалғанын көрсетеді. Елбасымыздың көреген саясаткерлігі мен данышпандығы осы екі ұғым – мәңгілік ел мен тіл аясында айшықтала түскен. 
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, 
профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» 
ҒЗИ  директоры. 
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ӨНІМ КЕРЕК 
Ардагерлер аудан тарихының  қалыптасуына  еңбек етсе,  ендігі жерде туған жеріміздің өсіп-өркендеуі, еліміздің кемел келешегі жолындағы әрбір істің басынан  табылып, тілеуқор болып жүруіміз шарт. Сол себепті Елбасының халыққа дәстүрлі Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттер төңірегінде ой қорытып, оны өскелең ұрпаққа  насихаттай  жүруді дағдыға айналдырдық. Биыл 18-ші Жолдауын елге арнаған Президент Қазақстанның ең озық 30 мемлекеттің қатарына енуі үшін атқарылатын мақсат-міндеттерді айқындап берді. Алғашқы Жолдауларда зейнетақы, жәрдемақы мәселелеріне көбірек көңіл бөлінсе, бұл жолы белгіленген жоспарлардың ауқымы аса үлкен. 
Ел Президентінің  биылғы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Агроөнеркәсіп саласы елімізде өзіндік дәстүрі қалыптасқан сала екенін айта келіп,  ауылшаруашылық өндіріс кешенін ұлғайту  мәселесін алға тартты. «Жермен жұмыс жасайтындар, жаңа технологияларды енгізіп,  өнімділікті үздіксіз  арттыратындар, жұмысын әлемдік  стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» деді Елбасы. 
Сондай-ақ, жерді тиімді пайдалануға бөгет болып отырған  барлық кедергілерді  жойып,  есесіне  ауылшаруашылық жерлеріне  инвестиция тарту мәселесіне ерекше ден қойылатыны айтылған. Өнім өндірудің әлемдік деңгейдегі тиімді әдістерін  іске асырып, бұл салада шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау қажеттігін атап көрсетті. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару мақсатында  агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологияларымен, өзге де инновацияларды қолданудың  кешенді шаралары қажет екенін айтты. 
Әрине, жерді пайдаланумен бірге, оның құнарлылығын сақтауға баса мән берілгені жөн, бұл аса құптарлық жайт. 
Ауданымызда жыл сайын 30 мың гектардан астам жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылады. Оның басым бөлігі, яғни, 18 мың гектардан астамы күріш. Жолдауда атап көрсетілгендей, болашақта көкөніс, майлы және азықтық өнімдер өндіру мәселесі қолға алынып, мал азығын дайындау бағытында нақты шаралар атқарылады деп ойлаймын. Сонымен қатар, ет-сүт өнімдерінің көлемін арттырып, қымыз-шұбат сияқты ұлттық сусындарымыздың өндірісін дамытып, экспорттық  әлеуетін көтеру, төрт түлікті түлету мәселелері алда атқарылар шаралардың басым бағыттарының бірі болары сөзсіз. 
Біржан КӨШТАЕВ,
кент ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жалағаш ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз