ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ

83

0

Кеше Облыс әкімдігінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру мақсатында аймақтық семинар-кеңес өткізілді. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы, жергілікті басқарма басшылары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері, ақпараттық топтардың мүшелері қатысты.
Семинарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғысөзімен ашып, оның жұмысына сәттілік тіледі.
– Cыр өңірі – Елбасы «Алаштың анасына»  балаған, ұлы ойшыл Қорқыт Ата дүниеге келген, ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған, адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Еліміздің өзге де өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай іздері сақталған аймақ, – деген облыс басшысы өңір тарихын тілге етті.
Аймақ басшысы облыстың ежелгі тарихымен, бірнеше мемлекеттің орталығы болуымен тәуелсіз Қазақстанның төл тарихын толықтырып отырғанын айтып өтті. Сыр өлкесінің өзінде билік құрған сақтардың ордасы Шірік Рабат, оғыздардың астанасы Жанкент,  қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ – осы  жердегі ежелгі мәдениеттің дәлелі болса, Қызылорда қаласы – Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Тіпті, бұл өңір – 1925 жылы ұлтымыздың қазақ деген атауға ресми түрде ие болуының тарихи белгісі екенін көпшілікке жеткізген Қ.Елеуұлы қазіргі уақытта өзектілігі айрықша мәнге ие болып отырған идеологиялық мәселелерге қатысты ауқымды кеңестің осындай тарихы мен мұрасы бай өңірде өткізілуіне үлкен мән беріп, қолдау білдіргені үшін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Рыскелдіұлына ризашылығын білдірді.
Сонан соң облыс басшысы Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына тоқталды.
 Ел Президентінің бұл мақаласы – Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы деуге болады. Осы ретте, мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың, қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз.«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылған болса, соның ішінде Сыр өңірінде бұл жұмыстар жүйелі жүргізілді. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері мен Сауысқандық петроглифтері енгізілді. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында облыс архивтері Орынбор, Ташкент, Тәжікстан, Париждің мемлекеттік архивтеріндегі аса құнды тарихи құжаттармен толығып, өңірдің өткен тарихын айқындай түсті. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің қолдауымен Байқоңыр қалалық архиві ашылып, Қазақстан-Ресей Үкіметаралық  комиссиясының 4-ші отырысының нәтижесімен 1000-ға жуық архивтік құжат елге қайтарылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспар аясында ағымдағы жылы ұйымдастырылатын шараларға бүгінгі күні бекітілген бюджетке сәйкес 460 млн. 123 мың теңге қаржы қаралып отыр. Есепті мерзімде өңірімізде 159 ірі көлемді шара осы жоспарға сәйкес өткізілді. Аймағымызда облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, сәуір айынан бастап барлық елді мекендерде тұрғындармен тұрақты кездесу өткізілуде. Мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жемісті жүргізу мақсатында облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-ты бір орталыққа біріктіріп құрылған медиа-холдинг бұл жұмысты жоғары деңгейде жүргізіп отыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын дер кезінде халыққа жеткізіп отыру үшін өңірлік коммуникациялар қызметі құрылды. Оның алаңында ай сайын қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, сарапшылардың қатысуымен брифингтер өтуде. Сұлу Сырдың сол жағалауынан бой көтеретін жаңа қаланың құрылысын биыл бастадық. Сол аумақтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерімен бірге жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, көпсалалы денсаулық сақтау орталығының және Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимаратының үлгісі бой көтереді. Қазақ Орталық Атқару комитетінің тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып,  рухани жалғасын таппақ. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді.
 Ұлттық құндылықтарымыздың ішінде жыршы-жыраулардың алатын орны ерекше. Осы жыршылық өнерді жас ұрпаққа насихаттау, түркі халықтарының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу және өзара мәдени байланысты нығайту мақсатында Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Фирдоусидің «Шахнамасынан» Тұрмағамбеттің «Шахнамасына» айналған әлемнің жыр жауһары – «Шахнама» аудиоэнциклопедиясы жарық көрді. «Сырдария кітапханасымен» 200-ге жуық жерлесіміздің кітаптары басылды. Елбасының тапсырмасымен қайта құрылымдаудан өткен Қорқыт Ата мемориалдық кешені бүгінде туристер табан тірейтін орынның біріне айналды. Одан бөлек аймақта басқа да тарихи орындар жеткілікті. Соның бірі – Сығанақ. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев обылысымызға сапары барысында сол тарихи орынға ат басын бұрды.
 Елдің келешегі жастар десек, облыста оларды қолдау мақсатында түрлі шаралар жүргізілуде. Солардың бірі ретінде Ресейдің жетекші оқу орындарында Қызылордадан 400-ге тарта жастың білім алып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Олар өндіріске аса қажетті мамандықтарға машықтанып, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеруде. Жастар – ел ертеңі, келешек иелері. Оларға осыншама қолдау білдіріп отырған облыс әкіміне аймақ жастарының алғыстан басқа айтары жоқ шығар. Өз сөзін өңір жетістіктерін саралау арқылы қорытындылаған Қырымбек Елеуұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Қылышбай Бисеновті мерейлі 60 жасымен құттықтап, Елбасының, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың алғыстарын, облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады.
Аймақтық семинар-кеңесті жүргізген ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар көп аймаққа үлгі боларлық екенін жеткізді.
Мемлекеттік саясатты жүргізуде БАҚ өкілдерінің де алар орны ерекше. Президенттің рухани жаңғыруға серпін беретін мақаласынан туындайтын мәселелерді көпшілікке  насихаттауда да журналистерге елеулі міндеттер жүктелетіні белгілі. Осы орайда, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі баяндама жасады. Оның сөздеріне сүйенсек, «Егемен Қазақстан» газетінде рухани жаңғырумен сабақтасатын 350-ден астам мақала жарияланған. Мемлекет басшысының мақаласы жарық көргеннен бастап, ол қоғамда қызу талқыланып, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан. Әсіресе, ұлттық кодты жаңғырту, латын әліпбиіне көшу мәселелері шетелдерде де талқыланған. Аталған газетте 30-дан астам шетелдік мамандар мен сарапшылардың пікірі берілген. Сондай-ақ, бұл газетте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатымен 18-35 жас аралығындағы журналистер арасында «Туған жер: көне тарихтың көмбесі» тақырыбында жазылған үздік материалдарға бәйге жариялаған болатын. Байқау талаптары бойынша үміткерлер туған жер, киелі орындар мен көрікті мекендер тақырыбын қамтыған тарихи-танымдық, зерттеу мақалалары мен фоторепортаждарын жолдауы тиіс еді. Соған орай, редакциямызға ел өңірлерінен 20-дан аса материал келіп түсті. Редакция алқасынан құралған конкурстық комиссия осы материалдармен жеке-жеке танысып, ең үздіктерін іріктеді. Нәтижесінде, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Айдана Жұмадинова «Үздік танымдық материал» номинациясымен марапатталды.
«Егемен Қазақстанның» бұл тұрғыдан келгенде көпке үлгі болатындай жөні бар. Арнайы айдарлар ашылып, тың материалдар жарық көрді. Сыр еліндегі басылым беттерінде де 60-қа жуық мақала басылғанын айта кеткен дұрыс. Халықтың рухани сұранысын өтеу үшін халықтың тыныс-тіршілігін білу қажет. Бұл тұрғыдан алғанда облыстағы БАҚ өкілдері елмен етене жұмыс жасауда деуге болады.
Бағдарламалық мақалада айтылған тағы бір жәйт жүз жаңа тұлғамен байланысты. Осы ретте әр кезеңнің өзіндік бетке ұстар қайраткерлері болатынын айтып өткен абзал. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасыр ішінде біздің еліміздің де көпке үлгі етерлік қаһармандары пайда болғанын мойындауымыз қажет. Олар өнер, білім, спрот, тіпті, қорғаныс салаларында да кездеседі. Мұндай адамдарды әрбір елді мекеннен кездестіруге болады. «Қоғамдық келісім» РММ директорының кеңесшісі Нұрлан Жанәбіловтің жасаған баяндамасы осы негізде өрбіді.
Жаңғыру мәселесіне келгенде жастарға тоқталмаса болмайды. Өйткені, елдің ертеңгі тізгіні солардың қолында. Түптеп келгенде, «Мәдени мұра» деп өткенімізді түгендеп, тарихымызды бүтіндеп, жас ұрпаққа қалдырар мирас жинақтадық. «Жастар ғылыми-зерттеу ортылығының» директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев «Жастар ортасына қоғамдық сананы жаңғырту құндылықтарын енгізу» тақырыбында сөз қозғады. Егер жастар толыққанды жаңғыруға ден қойса, онда бүкіл қоғам жаңғырар еді.  Сол себепті, оларға болашағы жарқын болатын бағыттарды көрсетуіміз керек. Табысқа жетудің жолын рухани құндылықпен байланыстырғанымыз абзал. Оның негізі дұрыс отбасын құруда, салауатты өмір салтын ұстануда, көпке үлгі болатындай тұлға болып қалыптасуда жатқанын айтуға тиіспіз. Бұл жерде сананы жаңғыртуда бар. Саясаттанушы Ерлан Саиров бұл мәселені  жетістіктер диалектикасы тұрғысынан тарқатып берді. Сана дегенге қоғамдық және ұлттық тұрғыдан қарау қажет. Оның алғашқысы бұл қоғамдық өмірді сипаттайтын адамдардың рухани құндылығына қатысты. Ал, екіншісі ұлттар мен этностардың рухани дамуымен тікелей байланысты. Ұлттық санаға келгенде сол елдің әдет-ғұрпы мен өмір салттарын, діни, философиялық көзқарастарын, тарихи құндылықтарын негізге алады. Рухани жаңғырудың міндеті де осында жатыр. Қазір өмір өзгеріп келеді. Жастар соған ілесе білгені дұрыс. Қазір ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Әлем бойынша бір секундта 10 сайт ашылады екен. Тіпті, бір дегенде 3 миллион хат жіберіледі. Біздің балаларымыз осы үдерістерден қалып қоймауы керек.
Әрбір елдің өзіндік ұлттық идеясы болады. Әлемді аузына қаратып отырған Қытай мен Жапонияны да табысқа бастаған өз елдерінің ұлттық идеясы. Шынтуайтына келгенде, сана жаңғырмаса болмайды. Мұның бәрі түптеп келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің негізін құрайды. Ұлтты ынтымаққа ұйыстырудың да, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін нығайтудың да басында болашаққа негізделген бағдар жатыр. Қазір Қазақстанның ұстанымы берік, мақсаты айқын. Ол дамыған отыз елдің қатарына кіру. Елбасының 2012 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиялық Жолдауында  осы мақсат көзделген.
Рухани жаңғыру бүгін басталған іс емес. Тәуелсіздік алған тұстан бастап мемлекетіміз Мәңгілік ел құру жолында келеді. Қазақстандықтар бұл жолда аянбай еңбек етуде. Сонау «Мәдени мұра» бағдарламасының өзінде талай жоғымыз түгелденді. Тарих, археология, этнография мен мәдениет бойынша бір жарым милионнан асатын 537 кітап жарық көрді. Қаншама тарихи орындарымыз қорғауға алынды. Аңырақай шайқасы туралы іргелі зерттеулер жүргізілді. Тіпті, көшпенділер мәдениетінің әлемдік қазынасындағы үлесіне ерекше көңіл бөлінді. Шара барысында «Қазақпарат» агенттігінің басшысы Асқар Омаров рухани жаңғыруға бағытталған мақалалардың санын арттыру қажеттігіне тоқталды. Қазір аталған ақпарат агенттігі күніне 130 ақпарат шығарады екен. Ақпарат кеңістігіне шыққан материалдардың 20-30 рухани жаңғырумен тікелей байланысты. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы арқылы барлық тарихи кезеңдер бойынша алдыңғы қатарлы зерттеулер жүзеге асты. Енді алдағы уақытта осы жетістіктерімізбен тоқтап қалмау мақсаты тұр. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы осы идеяларды көздейтін жұмыстарды ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. Сол себепті, барлық саладағы жұмыстарды жандандыру қажет. Ішкі саясат, білім, мәдениет салалары баса жұмыс жасағаны абзал. Басылым беттерінде де осы мақсаттағы мақалаларды көбейту керек. ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева осы негіздегі ойларын ортаға салып, семинар-кеңесті қорытындылады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз