ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КӨНЕРМЕС ҚҰНДЫЛЫҒЫ

65

0

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ  КӨНЕРМЕС ҚҰНДЫЛЫҒЫКеше облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және
пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік кеңестің отырысы өтті.

Онда кеңестің
өткен жылғы оты­рысының хаттамалық тапсыр­ма­­ларының орындалуы, археоло­гиялық
зерттеу жұмыстары бойынша далалық комиссия есебі тыңдалды. Сонымен бірге Хорезм
экспедициясы кезінде Сыр өңірінен Ресейге әкетілген құндылықтарға жүргізілген ғылыми
зерттеулер қо­рытындысы, мәде­ни мұра мәсе­ле­лері
бойынша қолда­ныстағы заң­намасы жетіл­діру жайы талқы­ланды. Оған қоса Қорқыт ата
мұрасы мен түркі әлеміндегі орны турасында ойлар ортаға салынды.

Облыстық
мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов
2013 жылдан археологиялық қаз­ба жұмыстарына қаржы бөлініп келе жатқанын айтты.
Биыл Яссауи атындағы халықаралық қа­зақ-түрік университетінің архео­логтары – Сығанақ
қаласын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­ле­кеттік университетінің археолог­тары
– Жанкент қаласын, ғалым Ж.Құр­манқұлов бастаған археологтар Шірік Рабатты зерттеуді
жалғас­тырды. Сыр бойындағы орта ғасырлық қалалар мен Сауысқандық шатқалындағы таңбаларды
ЮНЕС­КО тізіміне енгізу бойынша жұ­мыстар жүргізілуде. Ғылыми-әдіс­темелік кеңес
мақұлдаған жобалар кезең-кезеңімен іске асып келеді.

Облыс аумағындағы
3 тарихи орынға жүргізілген қазба жұ­мыс­тары бойынша есеп берген кеңес жанындағы
далалық комиссия төр­ағасы Мадияр Елеуов атқарылған шаруаға жоғары баға берді. Далалық
комиссия 3 экспедициядан да архео­логтардың
жұмысы, тапқан заттары жайындағы толық есепті алған. Қазба жұмыстары, тапсырылған
есеп­тер заманауи археологиялық талаптарға сай атқарылған. Осы ретте кеңес мүшелері
археологиялық қазбалар барысында табылған мәліметтерді кітап етіп шығару, ақпараттық
портал арқылы тарату, жекелеген экспедицияларды біріктіру туралы ұсыныстарын айтты.
Мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов материалдық емес мұраларды жаңғырту туралы ойларымен
бөлісті.

Қорқыт
ата университеті «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі Әзілхан Тәжекеев Сырда­рияның
төменгі ағысына Хорезм экспедициясы жүргізген зерттеу жұ­­мыстарын кезең-кезеңге
бө­ліп қа­рас­тырған. Ортағасырлық қа­ла­ларды, сақ дәуірінің мәдение­тін жіті зерттеген
Хорезм экспедициясы жұ­мы­сының нәтижесінде бай мұрағат қа­лыптасқан еді. Бүгінде
сол тарихи экспедиция­ның элект­ронды базасы жасалды.

Қорқыт
ата университеті Сыр өңірінен Ресейге әкетілген тарихи-мә­дени құндылықтардың сандық
жә­н­е виртуалды мұрағатын, ката­логын құрды. Сыр бойындағы ес­керт­кіштерге
қатысты жүздеген барлау жұмыстарының 25 томдық есе­бі та­рихи-мәдени мұражайға тапсырылды.
Хорезм экспедициясының біз­дің аймаққа қатысты есептері, сызбалары, карталары, әуеден
түсірілген суреттер, антропологиялық материалдар Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология
және этнология инс­титуты мұрағатында сақталған. Сон­дай-ақ Мәскеудегі Шығыс ха­лық­тары
өнері, Мемлекеттік Тарих музейлерінің қорында құнды материалдар бар. Ендігі кезекте
олардың каталогын жасау, оған қоса Мәскеудегі жоғарыда аталған музейлердегі жәдігерлердің
көрмесін ұйымдастыру мәселесі тұр. Бұл ұсыныстар кеңес тарапынан қолдау тапты.

Кеңес отырысында
Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директорының орынбасары Күміс Сейітова
тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру туралы баяндама
жасады.

Халықаралық
Түркі академия­сы­ның президенті Дархан Қыдырәлі «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі»
тақырыбымен түркітілдес мемлекеттерде өткен шаралардың маңызын атап өтті. Қорқыт
атаның өмір сүрген дәуірі мен өмірде болған-болмағанына, қай жерде өмір сүргеніне
қатысты әрқилы тұжырымдар бар. Алайда Қорқыт ата туралы көптеген аңыздар мен оның
күйлері, қобыз қазақта ғана сақталған. Таяуда өткен жиында түркітілдес елдердің
ғалымдары «Қорқыт ата мұрасын сақтап отырған қазақ халқы» деген ортақ мәмілеге келді.
Қорқыт атаның мұрасын тану арқылы Сыр бойының түркі дүниесінің қарашаңырағы екені
айқындала түспек.

Кеңес отырысына
келген археолог, мифолог, тарихшы ғалымдар
көтерілген тақырыптарға байланысты өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын айтты.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз