«ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰРПАҚҚА АМАНАТ»

101

0

«ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰРПАҚҚА АМАНАТ»Өткен сенбіде А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты мерекелік салтанат өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жиылғандарды құттық¬тады. 
– Халқымыз «Ер – елдің қорғаны» десе, қос мерекенің қатар келуі де заңдылық тәрізді. Әрине, кешегі майдангерлеріміз бен бүгінгі әскеріміздің айбынын асқақтатар сардарларымыз бен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Қай заманда болмасын, ата-бабамыз от пен оққа оранып, жанын қиса да арын сатпаған. Ұлы Отан соғысында қаншама қазақстандық сол кездегі ортақ Отан үшін опат болды, қаншасы майданнан жараланып келді. Сондықтан да бұл жеңіс біз үшін аса қымбат. Кешегі өткен Жалаңтөс баһадүрдей, Жанқожа және Бұқарбай батырлардай елі мен жері үшін, халқының қамы үшін жанын берер азаматтарымыз бүгінгі күні де аз емес. Олар Бауыржан Момышұлының  «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзін ұран етіп қабылдауда. Тәуелсіздігіміз бен тірлігімізді, тыныштығымыз бен  бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға құрылған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Бар өмірін әскери іске арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарларымыз бен сарбаздарымызға алғысымызды білдіреміз, – дей келе, жылы лебізін білдірді. 
Сондай-ақ, жиылғандар майданнан оралмаған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. 
Онан әрі Сыр өнерпаздарының орындауында соғыс жылдарындағы әндерден попурриге кезек берілді. «Сыр сұлуы» халық би ансамблі «Солдат биін» тарту етсе, «Эхо любви», «Ойлан», «Сарбаздар әні», «Айбынды армия» «Темная ночь», «Тос мені, тос» және «Ехал я из Берлина» әндері шара мазмұнын аша түсіп, жиылғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Салтанатты шара Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Елена Әбдіхалықованың шырқауындағы  «Аманат» және «Қазақ елі» әндерімен аяқталды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз