МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

94

0

Ауыл азаматтары атакәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Себебі, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет басымдық беріп отыр. Бұл мол мүмкіндікті тиімді пайдаланған ауылдағы ағайындар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытындағы экологиялық таза өнімді нарыққа молынан шығара бастады. Мұндай игі бастаманы қолға алғандардың бірі – Аққұм ауылының тұрғыны Жандос Әптаев.

Жандос жастайынан төрт түлікті баптап, мал жайғаудың қыр-сырын жетік меңгерді. Ауыл баласы уақыт өте мал басын көбейтіп, оны асылдандыру жайын қарастырып, ойлаған мақ­сатына мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізді.

Аққұм ауылында жайылымдық жер мол болғандықтан, мал басын арттыруға мүмкіндік бар екендігін ескерген іскер жігіт көп ұзамай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында өз кәсібін ашуға өтініш білдіреді. Оның бұл бастамасы мамандар тарапынан мақұлданып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы қаржыландырылды. Осылайша, мал шаруашылығымен айналысу үшін 6 млн теңгеге қаражат алып, оған 24 бас мүйізді ірі қара сатып алды.

– Мал бағу, оны күтіп-баптау бізге таңсық іс емес. «Мал баққанға бітеді» деген ата-бабамыз әу бастан төрт түлікті көбейту жайын жақсы біл­ген. Сондықтан, қазақ даласында тұяқты мал­дың саны өте көп болды. Міне, қазіргі таңда осы атакәсіпті қайта жандандыруға барлық мүм­кіндік жасалған. Тіпті, тиісті мамандарға ба­рып, кеңес алсаңыз да, сізге кәсіп бастаудың қыр-сырын үйретіп, жеңілдетілген несиеге қол жет­кізу тетігін көрсетеді. Осындай мол мүм­кін­дікті елге жасаған, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге жәрдемдескен мемлекеттік бағ­­дарламаларға ауыл халқы дән риза, – деп, ағы­­нан жарылған Жандос Мәдинаұлы бастаған кә­сі­бін одан әрі дамыту бағытындағы ойларымен бөлісті.

Ол қазіргі таңда малдың қыстық азығын қамдап жүр. Айтуынша, мал жарақты болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Төрт түліктің ебін білген іскер жігіт малды бордақылап, ет бағытында нарыққа шығара бастады. Алдағы уақытта, асылтұқымды бұқа әкеліп, мүйізді ірі қара малын асылдандырмақшы. Сөйтіп, көп ұзамай бордақылау ісімен қоса, сүт өндіруді де қолға алуға ниеттеніп отыр. Әзірге мұнда 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жалпы, Аққұм ауылында «Нәтижелi жұмыс­пен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама» ая­сында 10 жоба әзірленіпті. Соның ішінде, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Күзек» шаруа қожалығы 4 млн теңге несие алыпты. Ауыл тұрғыны Қайыржан Сәрсенов те жобасын сәтті жүзеге асырғандардың бірі. Ол алдымен аталған бағдарламаға сәйкес «Бизнес кеңесшісі» бойынша оқып, тиісті сертификат алды. Содан соң, мал бордақылау бағытында 1,5 млн теңге несиеге қол жеткізіп, қазіргі кезде ет бағытында жұмыс жасауда.

Тіректі ауылдағы толымды тірлік мұны­мен біткен жоқ. Аққұмның әл-ауқатын дамы­ту­ға атсалысқан азаматтардың қатарында «Бағ­дәулет-57» ШҚ да бар. Бұл қожалық бұған дейін де ауылдан бірнеше кәсіпорнын ашып, ел игіліне пайдалануға берген болатын. Енді ауыл ор­талығынан жеке қаражаты есебінен дәріхана құ­рылысын жүргізуде. Жалпы, аққұмдықтар ауыл­ды түлетуге атсалысып, шағын және ор­та кәсіпкерлікті дамытуды нықтап қолға ала бастады.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз