МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ

64

0

МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫБейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінде болып, болашақ
мамандарды даярлау мүмкіндіктері барысымен танысты.

Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов облыстағы білім беру жүйесі мен заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтар жайын сөз етті. Одан әрі колледж басшылығы оқу орнының тыныс-тіршілігі мен дуальды оқыту жүйесі барысында қолданып жатқан жаңа оқу әдістерін баяндап берді.

Мамандық таңдау аса жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені сәтті таңдалған мамандық жемісті еңбек етуге, білікті кадр атануға негіз болады. Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында оқытудың дуальды жүйесі енгізілді. Осы негізде облыстық білім басқармасы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік палатасы, оқу орындары мен кәсіпорындар арасында келісімшарттар жасалынып, аталмыш оқу орнында жаңадан «Тоңазытқыш сығымдағыш машиналары мен қондырғылары», «Тігін өндірісі мен киімді үлгілеу», «Радиотехника және байланыс» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» секілді мамандықтар ашылды. Ал, 2015-2017 жылдар аралығында тағы да қажетті «Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру», «Шаштараз өнері және сәнді косметика» сынды жаңа мамандықтар қатарымен толығады деп жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта оқу орнының атауын «Қызмет көрсету және сервис» колледжі етіп өзгерту мақсатында құжаттар әзірленуде.

Еліміздің келешегі саналатын жас мамандарға артылар жүктің салмақты екенін алға тартқан аймақ басшысы «Сіздер үшін еңбек ресурстары арнайы жасалып, қазіргі уақытқа сай қоғам сұранысына ие мамандықтар тізімі белгіленді. Аталған мамандықтардың оқу-зертханаларын заманауи құрал- жабдықтармен жабдықтауға облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, оқу ордасының мұғалімдері Белоруссияның ұлттық кәсіптік білім беру институтында біліктіліктері мен тәжірибе алмасу курстарынан өтті. Сіздердің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман атану жолында барлық жағдай жасалуда», – деді.

Кез келген оқу орнының барлық жағдайы талапқа сай бола бермейтіндігі анық. Жыл сайын оқу ордаларында күрделі жөндеу жұмыстарымен, қосымша жаңа корпустар, жатақханалар, студенттер сарайы ашылып жатады. Осы мәселеге орай колледж басшылығы оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және студенттерге арналған 100 орынды жатақхана, заманауи талапқа сай спорт зал мен зертханалық корпус салу мәселелерін сөз етті. Облыс әкімі Қ.Көшербаев білім басқармасына тиісті құжаттарды тездетіп әзірлеуді тапсырып, өңір бюджетінен қаржы қарастырылатынын айтты.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз