МАҚСАТ – ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН САҚТАУ

55

0

МАҚСАТ – ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН САҚТАУКеше
Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық кәсіподақ орталығы 190-нан астам
жергілікті ірі кәсіпорынмен меморандумға қол қойды. Құжат негізінде мұнай,
құрылыс, сервистік қызмет көрсететін мекемелер жұмыс орындарын қысқартпауға
міндетті.

 

Өңір экономикасының 65%-ы мұнай-газ саласына тәуелді.
Сондықтан облыс әкімдігінде өткен жиын барысында, әсіресе жер қойнауын
пайдаланушы компаниялардағы жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесі қаралды.

Облыстағы мұнай өндіретін компаниялар мен оларға
сервистік қызмет көрсететін мекемелерде 29 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Орта
есеппен бір отбасында 5 адам барын ескерсек, 150 мыңдай сырбойылық тұрғынның
ахуалы «қара алтын» игеруші кәсіпорындар жағдайына тікелей байланысты.
Сондықтан, осындай қиын уақытта олардың жұмыс орындарын сақтап қалу үшін облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты.

– Біз мұнайшыларға бүгінгі жағдайға бейімделіп,
қазіргі нарықта сұранысқа ие экономиканың өзге де салаларына қызмет көрсетуге
бет бұруды ұсынамыз. Біздің негізгі мақсатымыз – жұмыс орындарының қысқаруына
жол бермеу. Қазіргідей қиын кезеңде, бәлкім, қызметкерлердің жалақысы мен
уақыты қысқаруы мүмкін, бірақ жұмыс орындары сақталуы тиіс. Дағдарыс келеді де
кетеді. Сол себепті, жауапты кезеңде Сыр елі сыр бермеуі керек, – деді аймақ
басшысы.

Аймақтағы ірі өндіріс ошақтарының жетекшілері бұл
ұсынысты қолдап, барлық талапты орындауға уәде етті. Меморандумға қол
қойғандардың ішінде «ҚазГерМұнай», «CNEK», «Автомобиль жолдары басқармасы»
серіктестіктері, «ПҚҚР», «Қазпошта», «СНПС АйданМұнай» акционерлік қоғамы
секілді компаниялардың басшылары бар.

«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС директоры Жэнь Лисиньнің
айтуынша, серіктестік басшылығы өз жұмысшыларының әлеуметтік қорғау мәселесінің
маңыздылығын әрқашан түсінеді. Мұнай өндіру және инвестиция көлемі азайған
жағдайдың өзінде жұмыс орындарын қысқартпауға бар күшін салатынын жеткізді.

Әлеуметтік жауапкершілігі мәселесінде үлгілі
компанияның бірі – «Автомобиль жолдары басқармасы» серіктестігінің директоры
Мұрат Үдербаев бұған дейін әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытында
жүргізген жұмыстарды жалғастыратынын айтты.

Ал, «ПетроҚазақстан ­Құмкөл­ Ресорсиз» АҚ басқарма
төрағасы Цин Хунвэй де меморандум міндеттемелерін орындаймыз деп отыр. Ең
бастысы, жергілікті билікпен ынтымақтастық бар.

Сонымен бірге, «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда филиалының
директоры Әнуарбек Әбдімомынов: «Біздің мекемеде облыс бойынша 800-ден астам
адам жұмыс істейді, орташа жалақы – 79 мың теңге. Сындарлы сәтте
жауапкершіліктің зор екенін сезінеміз. Сондықтан, жұмыс орындары сақталады және
әлеуметтік қорғауға бөлінген қаражат көбеймесе, азаймайды», – дейді.

Жалпы, меморандум қатаң бақылауда болады. Құжаттың
іске асуын Қызылорда облыстық кәсіподақ орталығы тарапынан да қадағаланады. Осы
ретте орталықтың төрайымы С.Ілиясова жұмысшылардың еңбек құқықтары мен
мүдделерін қорғауға атсалысатынын жеткізді.

– Меморандум қиын кезеңде әр жұмысшыға қысқаруға
ұшырамауына кепілдік береді, – деді ол.

Міне, осылай үш жақты келісімге келу арқылы әлемдік
қаржылық қысымның салдарынан болатын халықтың жұмыссыз қалу қаупінің алды
алынып отыр.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз