МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР САНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШІРІЛУДЕ

401

0

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіс екеніміз айтылған. Сондай-ақ, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігі назарға алынған.
Елбасы Жолдауын бағдар еткен облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері де цифрлық технологияға жіті мән беруде. Әсіресе, келешек ұрпаққа мирас етерлік рухани қазынамыз болып табылатын мәдени құндылықтарды жаңа әдіспен сақтау жүйесіне көшкен.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуалды музей» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар әзірленіп, жұмыстар атқарылуда.
Кітаптарды электронды нұсқада оқу, аса құнды сирек кітаптар мен өлкетану құжаттарын сақтау үшін электрондық көшірмесін жасау және оған қашықтан енуді қамтамасыз ету мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Аймақта жергілікті баспалардан шығатын басылымдарды цифрлы форматқа көшіру, виртуалды анықтама, қашықтықтан пайдаланушыларға электронды құжаттарды жеткізу қызметтері көрсетілуде.
Бүгінде санды форматқа 4 мыңнан аса кітап пен 6 газет көшірілді. Қазіргі таңда облыс бойынша өлкетану бағытындағы 4196 кітап цифрлы форматқа көшірілген. Сонымен қатар, 1941-1969 жылдары басылып шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» облыстық газеттері де жаңаша сақтау әдісі арқылы санды қалыпқа көшірілді.
Облыс архивтері қорларында 700 мыңға жуық құжат сақталуда. Архив саласы бойынша цифрлық жүйеге бірінші кезекте құнды құжаттар енгізілуде. Бүгінде архив құжаттарының 67 мың 917 сақтау бірлігінің 10 млн-ға жуық парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды. Облыстағы архив мекемелеріне 15808 сақтау бірлігіндегі құжаттар мемлекеттік сақтауға қабылданды. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 13180 сақтау бірлігінің 1 324 827 парағы сандық жүйеге енгізілді. Архив ісі мен құжаттама жүйесінің заңнамалық және ғылыми-әдістемелік құжаттарын түсіндіру, тәжірибеге енгізу мақсатында архивте түрлі тақырыптарда 57 семинар, 26 лекция, 70 экскурсия және мектеп оқушыларына 83 сабақ өткізілді. Облыс тарихындағы даңқты оқиғалар мен атаулы күндерге арнап архив қоры құжаттарына арналған 44 көрме болып өтті.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға дыбыс жазу студиясы алынып, қазіргі таңда еліміздің, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары Брайльша және дыбыстау түрінде басылып шығуда. Бүгінгі күнге дейін оннан аса ақын-жазушының шығармалары дыбысталып, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға ұсынылды.
Аймақтағы кітапханалардың кітап қоры 4 522611 дананы құрайды. Оның 2 375 314 данасы қазақ тіліндегі әдебиет екенін айта кеткен жөн. Биыл облыс кітапханалары 29299 дана жаңа кітаппен толықты. Он бір айда облыс кітапханалары 217770 оқырманға қызмет көрсетті. Кітап берілімі 3 641976-ны құрап отыр. Ұлттық кітапхананың Қазақстандық корпоративтік каталогтау орталығына барлығы 56 654 жазба жіберіліп, 64 503 жазба алынды. Ауыл кітапханаларын дамыту, қызмет көрсету аясын кеңейту, заманауи ақпарат орталықтарына айналдыру мақсатында облыстағы 44 ауылдық кітапхана модельді кітапхана мәртебесіне ие болған. Модельді ауыл кітапханасы ‒ бұл заманауи байланыс құралдарымен, компьютермен жабдықталған, интернет желісіне қосылған және ауыл тұрғындарының кез келген ақпаратқа тең дәрежеде қол жеткізе алатын жаңа үлгідегі кітапхана.
Облыста 14 ауылдық кітапхана базасында «Ауылдық онлайн орталықтары» жобасы іске асырылды. Жобаның мақсаты облыс кітапханаларында ақпараттық қызметтерді кеңейту, ауыл тұрғындарының қоғамдық-маңызды сапалы ақпарат алу мүмкіндіктерін арттыру болып табылады. Ауыл тұрғындары онлайн орталықтан мемлекеттік онлайн қыз­меттерді пайдалану, құжаттарды электронды түрде жеткізу, виртуалды анықтамалық қыз­мет көрсету, электронды кітапханалардың қор­ларын пайдалану және интернет ресурс­тарға тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кітапхана пайдаланушылары үшін соңғы жаңалықтардың тағы бірі – мобильді кітапхана қызметі. Мобильді кітапхана қызметін планшет пен смартфон иелері пайдалана алады. Пайдаланушылар виртуалды көрмеден қажет кітаптың QR-кодын сканерлеп, оны өзінің мобильді құрылғысына жүктей алады. Мобильді кітапхана қорында Сыр бойының белгілі қаламгерлері шығармаларының электронды нұсқалары бар.
Мәдениет саласының мамандары осы­лайша жаңа жүйенің игілігін көріп, рухани құндылықтар мен құнды құжаттарды цифрлы жүйеге көшіруде. Бұл – болашақ игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс. Санды технология арқылы көшірмесі жасалған құжаттардың сақталу мерзімі де ұзақ болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз