МЕКТЕП ЖУРНАЛЫНЫҢ СЫРЫ

376

0

 
Ешкім көктен түспейді, кемеңгер де кешегі күндерімен кемелденіп,  білім биігіне самғайды. Бұл табиғи заңдылық. Осы ретте Елбасы туралы көп білгісі келетін, оның балалық, жастық шағынан қызықты естелік естісем деген ой бәрімізде бар.Біз Қаскелеңге сапарлаған сәтте Ұлт Көшбасшысының  оқыған Абай атын¬дағы орта  мектебіне соғып, музей жәдігерлерімен танысып едік. Онда қызық дерек аз емес. Әсіресе, мені баураған мектеп журналының сыры болатын.
Бір қабат болса да, бес жұлдызды қонақ үй секілді әсем, ауласы көкпен көмкерілген сұлу, ескі ғимарат нағыз антиквар дүние. Қазір мектеп тарихи-өлкетану мұражайға айналған. Оның директоры Мәрия Қожанова бізге түгелдей таныстырды. Шағын болса да, шынайы, аз болса да, саз мұражай. Оның қорында 1856 экспонат сақ¬талған. Президент қоры – 233, ¬Елбасы өз қолымен 9 экспонат қосқан. Құн¬дылығы мен қазыналық қырынан алғанда, тұтастай тарих. Осы мұра¬жайда Елбасының балалығынан ел басшылығына дейінгі бүкіл өмірі баяндалған. Көрген адам Елбасымен тілдескендей әсер алады. Оның ата-анасы, бауырлары, сыныптастары бәрі де рет-ретімен көрсетілген.
Олар бір сыныпта 42 оқушы болды. Қамшының сабындай ғұмыр емес пе, қазір 11 оқушы өмірден өткен. Бірлігі жарасқан сыныптастар әліге дейін жұбын жазбай, Наурыз мерекесінде бас қосып тұрады. Оны ұйымдастырушы Едіген аға екен. Кезінде Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, сосын облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі болған.
Сыныптастар кездесуіне ¬Елбасы ғана келе алмайды. Оны ¬достары түсінеді. Ел тағдырына жауапты бол¬ғасын уақыт тапшы екенін ұғады. Тілеулестердің осындай лебізін ¬алыста жүрсе де Елбасы сезінеді. Өйт¬кені достар демеуі оған қуат сыйлайды. Жалпы, сыныптастар туралы ой қозғағанда бүгінде ата-әже болса да, бүтіндігін сақтап, мектеп партасының құдіретін, одан түлеп ұшқан қарлығаш қиялын әлі қия жібермеген. Біз оларды түгелдей қамтып, жазғанды жөн санадық.
Сыныптың ең үлкені Наурызбаева Фарзина 1936 жылғы болыпты. Мұнан кейін екеуі 1937 жылғы. Олар: Жақаева Зейнеш, Жексенбаева Келке. Ал, Сексенбаев Жомарт, Искакова Зина, Өтешова Ұлдана, Құрманбаев Нұрғали болса 1938 жылғылар. Қаражанов Андаштан бастап Еркебаева Рая, Төлешова Күләйша, Тастеміров Сабыр, Байғұлова Бәтес, Ағыбаева Райханға дейінгілер 1939 жылы туылғандар.
Қалған тобы түгелдей 1940 жылы дүниеге келгендер еді. Оларды туған айлары мен күндері бойынша келтіргенде реттілігі Қыдыр¬әлиев Сайлаубек, Байбосынов Кеңес, Әжібаев Әуесхан, Сирବзиддинова Рая, Байбеков Қыдырғали, Қоңырбаева ¬Ысбала, Есенбаев Сәдуақас, ¬Назарбаев Нұрсұлтан, Әмірова Күләш, Темір¬құлова Аршанкүл, Жүнісбеков Едіген, Шалданбаева Алмакүл, Баймұқанова Сара, Төтебаева Гүл¬сара, Нәлібаев Мэлс, Шөпбаев Дөненбай, Мұстафаев Болатжан болып тізбек тартылады.
Нұрағаң мектепті Шамалғанда, өзінің туған ауылында бастаған. Аралас мектептің тоғызыншы сыныбында қазақ тілінде оқыту үлкен мәселе болды. Сондықтан 6 бала тоғызыншы сыныптың жармысында Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте оқуын жалғастыруға тура келді. Қысқа уақытта-ақ ол өзге¬лерді баса озып, мектептің комсомол комитетін басқаруға сайланды. Мектеп директоры Баян Мұхамедиярова бізбен әңгімесінде осы тарихты кеңінен тарқатты.
– Біз 1959 жылы жаңа мектепке кірдік. Оған да біршама уақыт өтті. Тарихи мектеп болған соң білім биігі атына сай болуы керек. Қазір 1051 бала оқиды, аудан, облыста шаба озған шеберлік пен дарындылық ұстаханасы қалыптасқан. Мектептен мұражай аштық. Елбасының өзі келіп көрді. Риза болды. Бір қызығы, мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының үздік оқығанын дәлелдейтін класс журналы сақталған, – деді директор.
Көне журналдың кереметі көп екен. Онда 1957-1958 оқу жылының қорытынды бағасы белгілеген. Тізім бойынша 16 қатарда Елбасының есімі тұр. Кілең бестік баға. Бір ғана төрт бар, ол да болса орыс әдебиетінен. Біз бүгінгі ұрпақ ұлағат алса деп журналды арнайы ел назарына ұсынып отырмыз.
Жалпы, Абай атындағы орта мектептің алғашқы қазығы 1937-38 жылдары қағылған. Бүгінде ең көне, әрі ең үздік мектеп қатарында тұр. Содан бері 21 алтын және күміспен бітірген түлек болған. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол күміс медаль иегері. Тек орыс тілінен ғана төрт болды. Бірақ, Елбасы күміс медаль деп күйінбеді, оның нәтижесін ақыл-парасатымен дәлелдеді, теңдессіз еңбегімен танытты.
Мектептің комсомол комите¬тінің хатшысы бола тұрып, комсо¬молдық жолдамаға өзі бастама жасап, Теміртау металлургия комбинатына  жұмысқа барды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған еді. Күміс медаль алған адам алдымен жоғары оқу орнының есігін қағуы дағдылы тұғын. Нұрағаң олай істемеді. Алдымен еңбек майданында шыңдалғысы, ер атанғысы келді. Сол мақсаты орындалды, өмірдің қиындық өткелінен өтіп, бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
¬Мектеп журналы бізді осынша сырға қанық¬тырды.

Қаныбек ӘБДУОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз