МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

57

0

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ  БЕРУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІКеше Қызылорда қаласында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
жүйесін жаңарту: жаңа сапа және жаңа көзқарас» тақырыбында мектепке дейінгі ұйымдар
басшыларының қатысуымен республикалық форум өтті.

Форумға ҚР Білім және Ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев,
облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі басшысының
орынбасары Фиакра Макези және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ассоциациясының
өкілдері мен облыстық, Астана, Алматы қалалық білім басқармаларының, мектепке дейінгі
ұйымдардың басшылары қатысты.

Қатысушылар алдымен «Жаңа мазмұн – жаңа көзқарас» тақырыбында
ұйымдастырылған көрме жұмысымен және «Республиканың мектепке дейінгі білім беру
жүйесіндегі жетістіктері» бейнеролигімен танысты.

Онан соң пленарлық мәжіліске кезек берілді. Мәжілісті ашқан
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев шараның мақсатымен таныстырып
өтіп, елімізде мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен қамту бағытында атқарылып жатқан
жұмыстарда Сыр өңірінің айтарлықтай нәтижеге жетіп отырғанын, облыстың мектепке
дейінгі білім беру бағытындағы шаралары және «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудағы
жемісті істерінің өзгелерге үлгі екенін баса
айтты.

– Құрметті жиынға қатысушылар! Міне, еліміз бойынша 14
маусымнан бастап жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі тамыз мәслихаттары өткізілуде.
Осының аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі форум да солардың бірі. Республикалық
шараны Сыр өңірінде өткізуіміздің өзіндік мәні бар. Атап айтсақ, бұл аймақ білім
саласында айтарлықтай нәтижесі бар және түрлі ауқымды шараларды жүзеге асырушы өңір
ретінде бағалануда. Республикада жекеменшік балабақшалар үлесі 17 пайызды ғана құраса, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 57 пайызды көрсетеді.
Осыдан-ақ өңірдің білім саласындағы ілкімді істерін көруге болады. Осы орайда облыс
әкіміне айтар алғысымыз шексіз. Бүгінгі шарада, құрметті форумға қатысушалар, осы
аймақтың үлгі боларлық бай тәжірибесімен танысып, өздеріңізге керектісін аласыздар
деп білемін,– деген Есенғазы Иманғалиев форум жұмысына сәттілік тіледі.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлының хабарламасы
тыңдалды. Ол мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту және мектепке дейінгі
ұйымдардың инфрақұрылымын дамытудың басым бағыттарына тоқталып, «Балапан» бағдарла­ма­сының
облыста жүзеге асырылуы жөнінде жан-жақты айтып өтті.

– Бүгінде Қызылорда облысында мектепке дейінгі білім беру
жүйесін дамыту бағытында жекеменшік балабақшалар желісін арттыру арқылы бүлдіршіндерді
балабақшамен қамтуға кең жол ашылған. Мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымдарын ашуды республикада
алғаш болып біздің облыс 2009 жылы қолға алды. Сол жылы облыстық бюджеттен жекеменшік
балабақшаларда ашылған 506 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылып,
оған жергілікті бюджеттен 82 млн теңге қаралған болатын. Бұл бастама сол кездегі
ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапты,– дей келе, Рауан Кенжеханұлы
2010 жылы қабылданған «Балапан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Белгілі болғанындай, аталған бағдарлама аясында осыдан
бес жыл бұрын жұмыс істеген 293 мектепке дейінгі ұйымның 170-і балабақша, 123-і
шағын орталық болса, 170 балабақшаның 48-і жекеменшік еді. Сол кезде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен
қамтылуы 54,2 пайызды құраған. Сонан бері
2010-2014 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісі 318 бірлікке
көбейді. Оның ішінде жекеменшік балабақшалар желісі 155 нысанға жеткен. «Балапан»
бағдарламасы аясында бес жылдың ішінде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен
қамтылу көрсеткіші 38 пайызға өскен.

– Қазіргі таңда аймақтағы балабақшалар мен шағын орталықтардың
жалпы саны 611-ге жетіп, оларда 42 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бағдарлама бойынша
балалардың 92,2 пайызы балабақшамен қамтылса, мектепке даярлық бойынша көрсеткіш
100 пайызға жетіп отыр. Сонымен бірге, жұмыстардың инновациялық тәсілдерін қолданып
балалардың ерте дамуына ықпал ететін балабақшалардың да саны артып келеді. Мысалы,
былтыр 53 балабақша монтессори әдісімен жұмыс істеу үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз
етілді, – дей келе, Рауан Кенжеханұлы ендігі
кезекте алда тұрған міндет 1-3 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту болып
отырғанын баса айтты.

Жиында сонымен бірге «Мектепке дейінгі білім беру мазмұнын
жаңарту – өскелең ұрпақ тұлғасын қалыптастыру негізі» тақырыбында ҚР Білім және
ғылым министрі Есенғазы Иманғалиевтің, «Балаларды ерте жастан бағып-күту және дамыту»
туралы БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының денсаулық сақтау және тамақтандыру бағдарламасының
үйлестірушісі Айгүл Нұрғабылованың және өзге де қатысушылардың баяндамасы тыңдалды.
Сондай-ақ, шарада ҚР білім беру жүйесін жаңғыртуға сәйкес мектепке дейінгі тәрбие
мен оқыту мазмұнын жаңарту, мектепке дейінгі білім беруді мемлекеттік қызметтермен
қамтамасыз етуде шағын және орта бизнестің маңыздылығы және мектепке дейінгі білім
беру жүйесі қызметтерін автоматтандыру мәселелері талқыланып, ұсынымдар қабылданды.

Форум барысында қатысушылар Қызылорда қаласындағы бірнеше
мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда болып, олардың жұмысымен танысты, тәжірибе
алмасты. Шараның екінші кезеңі секциялық жұмыстармен жалғасты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз