МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ

280

0

 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ12-13 мамыр күндері Қызылордада І-ші аймақтық жас мемлекеттік қызметшілер слеті өтеді. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігі ұйымдастырып отыр. Мақсат – мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, жас мамандарды ынталандырып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген кәсіби мемлекеттік аппарат құруға жұмылдыру.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ ҚАДАМ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған институттық реформалар аясында ең бірінші кезекте заманауи, кәсіби және автономдық мемлекеттік аппарат қалыптастыру жүктелді. Әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарынан көріну үшін бұл өте өзекті. Мемлекеттік қызметті дамыту – Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, әрісі жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды міндеттердің сапалы атқарылуына қатысты салмақты саясаттың көрінісі. 
Егемен еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін қолданысқа енгізді. Әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрып, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шараларды іске асырды. ҚР Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күші бар Жарлығы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет жүйесін институттандырудың бастауы ретінде мемлекеттік басқару жүйесінің кадрлық ұйытқысын сақтауға мүмкіндік берді. Мемлекеттің маңызды инс¬титуты ретінде мемлекеттік қызметтің даму негізін қалады.
1997 жылы мемлекеттік дамудың ұзақмерзімді басымдығы ретінде кәсіби үкімет құруды айқындап берген «Қазақстан-2030» стратегиясы мемлекеттік қызметті дамытудағы келелі кезең болды. 1998 жылғы 18 қыркүйекте мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырушы, ҚР Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.
«Қазақстан-2030» стратегиясына сәйкес 1999 жылы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қабылданды. 2000 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізу тәртібі мен талаптарын айқындаған ҚР Президентінің «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы» Жарлығы қабылданды. Осы жылы мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ереже бекітілді, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпарат және тестілеу орталығы құрылды. 2001 жылы еліміздің барлық облысында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталықтары жұмысын бастады. 
2003 жылы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік қызметші мен мемлекеттік қызмет саласындағы өкілетті органның келісімі бойынша конкурс¬тан тыс ауысу тәртібі арқылы тағайындау мүмкіндігі туды. ҚР Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығымен агенттіктің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы Тәртіптік кеңесі құрылды. Осы жылы ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің «Ар-намыс кодексі» бекітіліп, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот және Дипломатиялық академиясы қосылып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына айналды.
2007 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қызметші лауазымдарының санаттар бойынша тізімі, келесі жылы тізімге сәйкестендіру мақсатында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына үлгілік біліктілік талаптары бекітілді. Осы кезеңде мемлекеттік кадр саясаты тұжырымдамасы әзірлене бастап, 2011 жылдың 21 шілдесінде Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың басты принциптері ретінде қоғам алдындағы есептілік, меритократия және транспаренттік белгіленді.
ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР ЖЕМІСІ
Тәуелсіздік жылдары жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде елімізде халықаралық сарапшылардың оң бағасын алған мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Себебі мемлекеттік қызмет –  адам өмірінің айнымас бір бөлігі. Дамыған елдерде ол азаматтар мен мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынастың барометрі саналады. 
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласында түбегейлі өзгерістер болды. Бұл жетістіктердің негізгі арқауы – Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге бейімдеуге бағытталған саяси жігері. Қазақстандағы мемлекеттік қызмет реформасын жоғары бағалаған халықаралық сарапшылар «А» басқарушылық корпусының құрылуын және саяси мемлекеттік қызметшілер санының қысқартылуын меритократия принциптерін күшейту және мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жолындағы маңызды шара деп санайды. 
Бүгінгі таңда нормативтік-құқықтық база құрылды: 2012 жылы Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңы қабылданып, ол 2013 жылы күшіне енді. Мемлекет басшысының 14 Жарлығы, ҚР Үкіметінің 1 Қаулысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 18 нормативтік-құқықтық актісі қабылданды. 2015 жылы «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі құрылды. Бұл жүйе онлайн режимінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты кадрлық ақпараттарды алуға, кадр қызметтерінің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді.
ҚР Президентінің 2016 жылғы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ретінде қайта құрылды. Агенттіктің ведомствосында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы, облыстарда, Астанада және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық органдары бар. 
Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны бүгінде 3760-ты құрап отыр. Олардың 7-і – саяси, 14-і – «А» корпусының және 3739-ы – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 3 619. Соның 93,3 пайызы (3375) жоғары білімді. Атап айтқанда, 36,7 пайызы (1 316) – экономистер, 20,7 пайызы (742) – заңгерлер, 19,9 пайызы (713) – техникалық мамандық иелері. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының 263 маманы (7,3 пайыз) мемлекеттік қызметте. 
Зор жауапкершілік жүктейтін салада қызмет етіп жүрген әйелдердің үлесі – 46 пайыз (1 676). Соның 368-і түрлі басшылық лауазымда. Бес және одан да көп балалы 207 мемлекеттік қызметші бар. Сондай-ақ, 3 мемлекеттік қызметші екі және одан да көп баланы асырап алған. Олардың арасында 5 бала асырап алған кеңпейілді, жомарт жүректі жандар да бар. Мемлекеттік қызметте жүріп спорт, өнер және мәдениет саласында айтулы жетістікке жеткен мемлекеттік қызметшілер де аз емес. Мұндай қызметшілердің жалпы саны 50-ге жуықтайды, оның ішінде 5 адам «спорт шебері» атағын алған.
Қазіргі таңда білікті мемлекеттік қызметшілердің корпусын қалыптастырудың негізгі бір шарасы ретінде мемлекеттік қызметке алғаш кірген азаматтарды қайта даярлаудан өткізу, мемлекеттік қызметте тұрақты қызмет етіп жүрген қызметшілерді жүйелі түрде біліктілігін арттырып отыру, сондай-ақ басшылық лауазымдарға алғаш қабылданған қызметшілерді қайта даярлау шаралары қолданылуда. Еліміздегі мемлекеттiк қызмет принциптерiнің бірі мемлекеттiк қызметшілердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделген. 2016 жылы мемлекеттік органдар бойынша өңірлік оқу орталығында 1 249 қызметші оқытылса, жыл басынан бері 296 қызметші оқытылған. Оның ішінде қайта даярлаудан – 57, ал біліктілігін арттыру курс¬тарынан 239 мемлекеттік қызметші өтті. 
 ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ!
Мемлекеттік қызметтегі басты ұстаным – халыққа қызмет көрсету болуы тиіс. Өйткені халық қашанда бәрінен биік тұрады. Бұл салада еңбек ететін әрбір адам күш-жігерін халықтың игілігіне жұмсап, елге қолайлы жағдай туғызуы керек. Осы орайда «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген Елбасы сөзі әрбір мемлекеттік қызметші үшін, әсіресе, жастар үшін басты қағидаға айналуы тиіс. 
Жалпы, қазіргі кезде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 608-і немесе 17 пайызы 30 жасқа толмаған, яғни жастар. Осы санаттағы 25 адам бөлім басшысынан төмен емес лауазымдарды арқалап жүр. Жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау, олардың кәсіби тәжірибесін, мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында Сыр өңірінде айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. 
2016 жылы жас буынды адамгершілікке, азаматтыққа, патриоттыққа тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп кезінен қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары құрылып, қауымдастықтың тұңғыш рет облыстық слеті өтті. Слет кезінде үздік шығарма жазудан, сурет салудан, бейнеролик түсіруден клуб мүшелері арасында сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды. Айта кетейік, «Адал ұрпақ» еріктілер клубы облыстағы 284 мектепте жұмыс істейді. Оған 6 мыңға жуық оқушы мүше.
Сонымен қатар тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жас мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық «Жайдарман» ойыны өтті. Оған аудандар мен Қызылорда қаласы, облыс әкімдігі және аумақтық орган мамандарынан жасақталған 10 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Командалар екі кезең бойынша сынға түсті. «Сәлемдесу» кезеңінде ойыншылар өздерін әзіл арқылы таныс¬тырса, «Үй тапсырмасын» орындау еркін тақырыпта өтті. Яғни, командалардың бірі қызықты бейнеролик ұсынды, ал кейбірі көрермендерді қойылымдарымен қуант¬ты. Сайыс нәтижесі бойынша І орынды Шиелі ауданынан келген «Шиелі 88» командасы жеңіп алды. 
«Мемлекеттік қызметшінің бір күні» шарасы мемлекеттік қызметте жүрген түрлі мамандық иелерінің күні қалай өтетініне, қауырт тірлікке қалай үлгеріп жүргеніне жауап іздеді. Шара аясында жастар мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар, үлкен жетістіктерге жеткен ардагерлерлердің өмір жолына үңіліп, бағыт-бағдар алды. Арнайы бейнефильмдер әзірленіп, әлеуметтік желілерде таратылды. Уақытпен санаспайтын жандардың кешегі һәм бүгінгі буыны осылайша өзара тәжірибе алмасып, жұмыстың қиындығын жеңіп, нәтижелі тұстарын көрсетті. 
Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттық шаралар да ұдайы өткізіліп тұрады. Оның ішінде спартакиадалар салауатты өмір салтын таңдауға көмектесіп, патриоттық рухтың жеке үлгісіне дәлел бола алады. 
Мемлекеттік қызметшілер – мемлекет дамуының қозғау¬шы күші. Қазіргі уақытта оларды әлеуметтік қорғау мен ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жос¬парын іске асыру барысында облыс орталығынан тек ротация бойынша қызметке тағайындалатын мемлекеттік қызметшілерге арналған 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік қызметшілерге мұндай қолдау еліміз бойынша тек Қызылорда облысында ғана көрсетіліп отыр. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін жандар үшін баспана мәселесінің оң шешімін табуы – құптарлық қадам, оң бастама. 
Биыл департамент сайты (ordakyzmet.kz) ашылып, онда мемлекеттік қызметке түсуге тілек білдіргендерге арнап сынама тестілеу қызметі іске қосылды. Сайт өз кезегінде үміткер азаматтардың заңнамаға қатысты әзірленген тест сынағынан сүрінбей өтіп, оң нәтиже көрсетуіне көмекші бола алады. 
2017 жылдың 1 наурызынан бастап «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және агенттіктің облыс бойынша департаментінің бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен «Жастар кадрлық резерві» жобасы басталды. Мемлекеттік қызметтің кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған жоба жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар мен жоғары оқу орындарының соңғы курс студенттері арасынан білікті кадрларды анықтау, іріктеу, тәрбиелеу және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, оларды жұмыспен қамту мақсатын көздейді. «Жастар кадрлық резерві» жобасы үміткерлерді тіркеуден бастап, ресми іріктеу кезеңі, сұхбаттасу сатысы, оқыту курсы, сынама тестілеу, ресми тестілеу, тағылымдама және қорытынды секілді 8 кезеңнен тұрады. Осыған дейін жобаға жасы 30-ға толмаған 270 жас қатысып, соның 101-і ресми тестілеу кезеңіне өтті. Жоба сынақтардан сүрінбей өткен білімді, білікті жас мамандардан мемлекеттік қызметке кадрлар резервін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілерге деген сұранысты қанағаттандыруға септігін тигізеді. 
Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы мемлекеттік қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы айрықша көңіл бөліп отыр. Өйткені еліміздегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Ал әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы – мемлекеттік қызметкер. Сондықтан ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі де мерейлі міндет. Олардан еліне абыроймен қызмет атқарып, халықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарту жолында күш-қайратын жұмсау талап етіледі. Елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру, өз халқы үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт.
 
 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ
 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ
 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ
 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК МЕКТЕБІ
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз