МЕРЕКЕДЕ 270 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

58

0

МЕРЕКЕДЕ 270 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ«Қазақта қос тойың қабат болсын» деген жақсы сөз бар. Ел
бірлігі мерекесі қарсаңында 270 қызылордалық жаңа пәтердің кілтін алып,
шат-шадыман күйге бөленді.

Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген шағын ауданда 640
пәтерлік 12 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілген болатын. Өткен жылы 7 үй
пайдалануға берілсе, қалған 5 үйдің егелері мерейлі мереке тұсында жаңа
қоныстарының табалдырығын аттады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қатысқан
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:

– Қадірлі жерлестер, ең алдымен Сіздерді Қазақстан халқының
бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ «Бірлік бар жерде тірлік
бар» дейді. Халқымыздың бірлігінің, Елбасының сарабдал саясатының,
Тәуелсіздіктің, әрбір қазақстандықтың еңбегінің арқасында өркениетке, дамудың
жаңа сатысына қадам басып келеміз. Болашаққа деген сеніміміз зор. Сіздер жақсы
білесіздер, 2012 жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі
бойынша Сыр елі 16 аймақтың ішінде соңғы орында еді. Ал, 2014-2015 жылдар
көрсеткішімен алдыңғы бестіктің қатарына енді. Аймақтың даму қарқынын
құрылыстың өзінен де байқауға болады. Егер қоғам жақсы дамыса, құрылыс көлемі
артады. Облысымызда құрылыс саласы өткен жылы 3,5 есеге, Қызылорда қаласында 8
есеге өсті. Өткен жылы 2862 пәтерді құрайтын 53 көпқабатты үйді ел игілігіне
бердік. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2015 жылы Алматы қаласында 51 үй тапсырылды,
– деді жаңа қоныс егелеріне құттықтау
сөзінде.

Көркіне көз тоятын, әсем үйлер құрылысы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ
арқылы жүргізілді. Осынау игілікті іс биыл да жалғасын таппақ. Жыл аяғына дейін
3329 жанұя баспаналы болады деп күтілуде.

Шараға Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, «Бәйтерек
девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов қатысып, қоныс
тойын тойлаушылар қуанышына ортақтасты. Өз кезегінде жаңа пәтер иелерінің
атынан Бақыт Насырова ыстық ықыласын жеткізді.

– Мен бүгінгі қуанышымды айтып жеткізе алар емеспін. Пәтер
алу қашаннан арманымыз болатын. Осы игі істің басында жүрген барлық азаматтарға
алғысымыз шексіз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын, – деді жаңа пәтер иесі.

 

Нағымжан
САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз