
– Ата-бабамыздың байырғы ата қонысы, Сыр топырағы біз үшін қашан да ыстық. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жылы қабылдап, игі тілектерін айтты, сый-құрмет көрсетті. Шын жүрегіммен алғысымды айтамын, – деді «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының президенті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Шаһарбек Усманов 1937 жылы Өзбекстанның Самарқан облысында дүниеге келген. Негізінде әкесі Оспан Есжанұлы ашаршылық жылдарында Сыр елінен көрші елге қоныс аударған екен. Жер ауып келген ағайынға Алаш ардақтыларының бірі Темірбек Жүргенов қамқорлық жасаған. Тағдырдың тәлкегімен туған жерден жырақта туып, ер жеткен Шаһарбек Оспанұлы еңбек жолын мақта зауытында бастаған. 1965-1966 жылдары Түркістан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті. Кейін Қазақстан республикасы комсомолы Орталық комитетінде жауапты қызметтер атқарған. 1966-1969 жылдары Шаһарбек Оспанұлы Шымкенттегі, Түркістандағы мақта зауыттарының басшысы болды. Сол уақыттары ол басқарған ұжым одақ бойынша алдыңғы саптан көріне білді. «Каззаготхлопкопром» бірлестігіне, «Шымкент-мақта» акционерлік қоғамына жетекшілік жасаған жылдары да еңбекқорлығымен ел алғысына бөленді. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атанды. Сондай-ақ, Шахарбек Оспанұлы – Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы». Бұл марапаттар оның ел алдындағы өлшеусіз еңбегін, халқына жасаған қалтқысыз қызметін аңғартары сөзсіз.
Нағымжан САУЯЕВ.
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).