Металлургия: Қаратаудың құрышы

60

0

Металлургия: Қаратаудың құрышыЕлбасы Жолдауында: «Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің  белсенді роліне негізделген», деп атап көрсетті. Бұл батылдық пен ашықтық Сыр өңірінде де жаңа идеялардың жүзеге асуына бастама болды деп айтқанымыз жөн. Атап айтқанда, бұрындары негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы Қызылорда облысында тау-кен ісі, оның ішінде металлургия саласына батыл қадамдар жасалынды.
Орталықтан келген экспедиция зерттеушілері Қаратаудың қойнауында бағалы қазба байлығы барын растады. Содан кейін-ақ, тау-кен ісін жетілдіру, оны игерудің тың тәсілдері қолға алынды. Ауқымды жоба Шиелі ауданынан бастау алды. Аграрлы салада жетістігі мен жаңашылдығы бар ауданда бағдарлы жұмыс соңғы үш жыл бедерінде қарқынды жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың пәрменді әрекетімен өңірлік Индустрияландыру картасына сай жүзеге асырылуға тәуекел етілген жобаның бірі Сыр металлургиясына қатысты болатын. Ол  жобалық құны 1 млрд теңге көлеміндегі ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіруді қолға алатын зауытты іске қосу еді. Осы ұстанымдағы «Фирма Балауса» ЖШС-ның бастамасы қолдау тауып, жүйелі жұмыстарға кірісті. Аталған өндіріс орны өте сирек кездесетін металл – ванадий өндірумен шұғылданады. Ванадий – автокөлік, әскери техникаларды жасап шығару барысында темірге қосылып, оның беріктігін арттыратын металл. Егер ол қосылмаса, техникалардың салмағы бірнеше есеге артып, беріктігі өте төмен болар еді. Оны әлгіндей қасиеті үшін  броньді транспортер, бронежилет жасауға да пайдаланады.
Геологиялық барлау нәтижесі «Баласауысқандық» кенішінде 69 млн тонна ванадий рудасының қоры бар екендігін көрсетіп отыр. Бұл, әрине, орасан зор байлық. Оны игеру мақсатында фирмада әзірге екі жүзден астам адам еңбек етіп келе жатса, алдағы уақыттарда олардың саны мұнан еселеп артары сөзсіз. Әрине, бұл үшін әуелгі жоспардағы өндірісті сатылып іске қосу тәжірибесі кеңінен өріс алуы тиіс. Кәсіпорын басшылығы, инвестиция салушы орынмен бірлесіп, оның тиімді жолдарын қарастырып келеді. Алдағы уақытта осы жобаның жүзеге асырылуы аймақтың келешегін кемел етері, жүздеген жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етері айқын.
Нақты кезеңде өндіріс орнын қайта жаңғырту, жаңадан жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Өнеркәсіп саласын жолға қою мақсатында тынбай ізденіс үстіндегі компания 20 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салса, оның соншалықты ел байлығын арттыруға мол үлес қосатындығына жоба басшысы Андрей Кузнецовтің сенімі мол.  Оның мәлімдеуінше, жоба үш кезеңмен іске асырылуы тиіс. Сол арқылы алдағы жылы мұнда 664 адам еңбек етсе, өндірілген ванадидің көлемі де арта түседі.  Осы жоба толық жүзеге асқан кезде мұнда ванадийден өзге оған сабақтас өндірілетін өнімдер – ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа керекті заттарға қажетті шикізаттар да молынан болады. Демек, осы жерде көптеген сабақтас кәсіпорындар жұмыс істеп, жүздеген аймақ тұрғындары жұмыспен қамтылады деген сөз.
Иә, Сыр өңірі жаңаша қарқынмен дамып келеді. Өнеркәсіп саласы қатарына металлургияның қосылуы индустриялық-инновациялық жобалардың өз дәрежесінде өркендеуі мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы өңірдің дамуына да игі әсерін тигізері хақ.  
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз