МЕТАЛЛУРГИЯ – АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

273

0

МЕТАЛЛУРГИЯ – АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫҚазақстан халқы үшін бас­ты
жетістік – Тәуелсіздігіміз болса, басты идеямыз елді өркендету болып табылады.
Ол ел азаматтарының әл-ауқатын, мемлекеттің әлеуетін арттыру деген сөз. Осы
орайда, Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы
Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілеген «Қазақстан–2050» стратегиялық бағдарламасы
осындай құжат екенін еске сала кетейік.

Иә, «Қазақстан – 2050» страте­гия­сы – ел ертеңін
еңселендірген жоба. Оның қазақстандықтардың екі-үш буыны үшін ойластырған маңызды
міндет екенін Елбасымыздың өзі атап айтқан болатын. Үлкен мақсат қойып отырған
стратегияны жүзеге асыруда Мемлекет басшысы өзінің үзеңгілес серіктеріне сенім
артатыны белгілі. Олардың арасында облыс әкімдерінің орны бір бөлек. Өйткені,
еліміздің өңірлерінде Елбасы саясатының сәтті жүзеге асуы аймақ басшыларына,
олардың біліктілігі мен білімділігіне, қажыр-қайратына тікелей байланысты.
Сондықтан да Президент облыстарды басқаруға тәжірибелі, сыннан өткен жандарды
жіберетіні түсінікті. Қызылорда облысына бұған дейін өңірлерге, министрліктерге
басшылық еткен Қырымбек Көшербаевты жібер­генде де осындай ұстанымда болғаны
ақиқат. Нұрсұлтан Әбішұлы Қызылорда облысы әкімінің алдына бірінші кезекте
аймақ экономикасын әртараптандыру міндетін жүктеді. Өйткені, Сыр елінің
экономикасы осы уақытқа дейін негізінен шикізатқа, атап айтқанда, мұнай мен
уранға байланысты болып келді. Мұнай мен ураннан түскен табыс облыстың кіріс
көзінің 93,4 пайызын құрады. Бұлай кете беруге болмайтын еді. Біріншіден, мұнай
өн­ді­ру жылдан жылға кеми түсуде. Себебі, оның қоры азайып келеді. Сондықтан,
болашақта мұнайдың орнын басатын өнеркәсіп орындарын ашу керек. Екіншіден,
өңдеу өнеркәсібі кенжелеп қалған еді, шағын және орта бизнестің үлесі тым аз
болды. Міне, алдында осындай күрделі
міндет тұрған Қ.Көшербаев бірден іске кірісіп кетті. Алда тұрған міндеттерді
саралап, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын жасады. Әкімнің тікелей бастамасымен
Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды. Осы арқылы
әлеуметтік-экономикалық бағытта дамуы кешеуілдеп, көш соңында қалған кейбір
салаларды республикалық орта деңгейге жеткізу көзделіп отыр. Әлбетте, аймақ
дамуының негізгі бағыты мен бағдары Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан –
2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан бастау алатыны
түсінікті. Әкім тапсырмасымен ғалымдар мен мамандар бірлесе отырып, аймақта
игерілмей жатқан мүмкіндіктерімізге сараптама жасалып, болашақ бағдар
айқындалды. Ол – металлургия саласы. Облыс экономикасын әртараптандырудың
бірден-бір жолы. Қысқасы, облыста металлургиялық кластер құру бағытындағы
жұмыстар басталып кетті.

«Шалқия» кенішінде кен өндіру­мен айналысатын «Шалқия
Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, оған екінші өмір беру солардың бірі. Жаһандық дағдарыстың әсерінен
тоқтап қалған өндірісті қайтадан іске қосу мақсатында бірнеше мәрте әрекет
жасалған болатын, бірақ олардың бәрі нәтижесіз аяқталды. Тек 2013 жылы
Қ.Көшербаевтың тікелей ықпалымен «Шалқия» кен орнына екінші өмір берілді.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен аталған кен орнын қайта жандандыру
жөніндегі келіссөздер жүргізіле бастады. Ағымдағы жылдың 19 нау­рызында
«Шалқия» кен орнының толығымен «Самұрық-Қазына» ак­цио­­нерлік қоғамының
меншігіне өтуі туралы «Самұрық-Қазына» және «Шал­қия Цинк» арасында келісім
шарт­­қа қол қойылды. Ал шілде айын­­да «Шалқия Цинк» АҚ-ның акция­­лары
«Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның жарғылық капиталына енді. Ендігі жер­де, «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның басты міндеті –
«Шалқия» кен ор­нын­дағы полиметалл рудаларын өндіру, оның қуаттылығын 4 млн.
тоннаға дейін жеткізу және кен байыту фабрикасын салу болып табылады.

Бірінші кезекте (2015-2017 жж.) «Кен байыту фабрикасы
құры­лы­сының 1-кезеңін жүргізу, 2017 жыл­дың аяғында полиметалл рудасын
өндіру, кен байыту фабрикасының 1-кезеңін іске қосу» жобасы жүзеге асырылады.
1-кезеңнің құны 467,3 млн. долларды құрайды. Ал екінші кезекте (2019 жылға
дейін) «Шалқия кен орнындағы полиметалл рудаларының өндіру қуаттылығын 4 млн.
тоннаға дейін жеткізу. Кен байыту фабрикасының 2-кезеңін іске қосу»
жоспарланған. Айта кету керек, бұрын өндірілген шикізатты кеніштен 165-170
шақырым жердегі Кентау қаласына тасымалдауға тура келетін. Бұның шығыны көп
болатын. Ендігі жағдайда мұндай шығындардан арылады. Жалпы, кеніштің қайта түлейтіндігі туралы
жақсы жаңалық тарағалы бері бұрынғы кеншілер де бір-бірінен сүйінші сұрасуда.
Кеніш басшылығымен хабарласып, жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізуде.
Кезінде кеніш жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанда жоғары білікті деген 641
жұмысшы мен инженер-техник қызметкерлер еріксіз түрде қысқартылып, күнкөріс
көзінен айырылған еді. Бала-шағаларын асырау қамымен Қазақстанның
түкпір-түкпірінде, одан қалды ТМД елдерінде күн көру кейпін кешті.

Ал енді
«Шалқия» қайта шалқығанда 965 жаңа жұмыс орны ашылмақ және келешекте толық іске
қосылғанда 1540 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. «Шалқия Цинк» кенішінің директоры Мақсат
Жайсаңбаев бекітілген «Тау-кен жұмыстарының даму жоспарына» сәйкес шахтаның
ішкі алаңдық жолдары, «Выдачная» шахтасының қосымша ғимараттары, компрессор,
орталық қойма, механикалық жөндеу шеберханасы, подстанция және әскери құтқару
бөлімі жөндеуден өткенін мәлімдеді. Жыл аяғына дейін 300 орындық асханасы бар 5
қабатты әкімшілік-тұрмыс ғимаратын жөндеу, кең көлемді технологиялық зерттеулер
жүргізу мақсатында мүдделі жақтармен келіссөздер жүргізу секілді басқа да
маңызды мәселелер шешімін таппақ.

Биылғы
Жолдауында Елбасы «Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға
көшуді, ғылымды қажет ететін салалар үшін маңызды болып табылатын сирек
кездесетін металдарды барлауын арттыруды» міндет етіп қойды. Осы ретте Мемлекет
басшысының биылғы Жолдауына идеологиялық түсіндіруге арналған актив жиынында
Қызылорда облысының әкімі аймақтағы инвестицияларды тартудың басты көзі
металлургиялық сала екенін атап өтті. Ол үшін ең алдымен металлургиялық кластер
құруды жолға қою керек екенін көрсетті.

Сыр өңірі әлеуетті минералды шикізатты қазбаларға бай
аймақ саналады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, облыста
қосалқы пайдалы қазбалар көп таралған. Республикадағы ванадийдің 65 пайызы,
цинктің 15,1 пайызы, уранның 13,7 пайызы, қорғасынның 9,6 пайызы, алтынның 0,5
пайызы, күмістің 0,8 пайызы, мұнайдың 2,5 пайызы, газдың 1,8 пайызы біздің
облыс аумағында орналасқан.

Облыс көлемінде «Баласауысқандық» және «Құрымсақ»
кенішінде ванадий кен орындары орналасқан. Аталған кеніштердегі ванадий қоры
әлемдегі ірі бестікке кіреді. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен, қазіргі
таңда пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық клас­тер
құру тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік
инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өндірістік
қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы
металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Олар –
қара металлургия және түсті металлургия.
Қара металлургия саласында қазіргі таңда «Фирма Балауса» ЖШС
«Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеруде. Металлургиялық кластер
қалыптастыруға «Баласауысқандық» кенішін кеңейте отырып, кен өңдеу ісін жылына
1 млн. тоннаға жеткізу жобасы бар.
Аталған кәсіпорын 2011 жылдан бастап облыста «Баласауысқандық» кен
орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасын жүзеге асырып келеді.
Жобаның жүзеге асуы 2018 жылға дейін жалғаспақ. Бұл жоба үш кезеңде жүзеге
асырылады және үш кезеңнің құны 34,9 млрд. теңгені немесе 233,3 млн. АҚШ
долларын құрайды. Жоба бойынша І кезеңде (2011-2012 жылдар) 0,9 млрд. теңгенің
инвестициясы игерілсе, ІІ кезеңге (2013-2015 жылдары) 6,9 млрд. теңге
инвестиция тарту жоспарлануда.

Қазіргі таңда инвестор тарапынан жобаның бірінші
кезеңі жүзеге асырылды. Сонымен бірге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 240 жаңа
жұмыс орны ашылды. Тәжірибелік-өнеркәсіп кәсіпорында жаңа технология бойынша
руданы байыту схемасы қолданылуда. Бүгінге дейін жаңа технология бойынша 13
патент алынды. Кәсіпорын қарқынды даму үстінде және алдағы уақытта жанынан
қосымша қосылған құны жоғары 10 өндіріс орындарын ашу мүмкіндігі бар. Оларды
атап өтелік. Оның алғашқысы сұйық-калийлі тыңайтқыштар шығару, жер қыртысын тұзсыздандыруға
арналған үлкен тоннажды сорбенттер шығару зауыты болса, одан кейінгі кезекте
ферроқорытпа шығару зауыты, құрылыс материалдарын шығару зауыттары келеді. Сол
секілді, кремний карбидін шығару зауыты, аморфты кремний шығару және тазарту зауыты, серобетон шығару
зауыты, ауызсуды ыдысқа құюға арналған зауыт, газтурбиналық электр стансасы
газдандыру стансасы және VRB аккумуляторларын шығару зауыты пайда болуы мүмкін.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар металлургиялық кластерді дамыту
тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Үшінші жоба бойынша Қызылорда қаласында жылдық
қуаттылығы 162 мың тонна болатын ферроқорытпа зауытын салу жоспарлануда. Облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың ХХІХ сессиясында Қызылордада
салынатын ферроқорытпа зауытының стратегиялық инвесторы белгіленгені туралы
мәлім етті. Ол – қытайлық ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical
Technology Industrial Development Co., Ltd» («ВАОТА») компаниясы. Бұл компанияның үлесі 33 пайызды немесе 80 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл ресурстар қоры қазірдің өзінде Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінде сақтаулы тұр. Стратегиялық инвестор 4 мұнай өңдеу зауыты мен 2 машина жасау зауытының иесі болып табылады.

Сөз жоқ, бұл облыс халқы үшін өте жағымды жаңалық. Зауыт салынып, іске қосылған жағдайда мұнда 700-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады. Иә, бұл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан аймақ экономикасын әртараптандыру, оның ішінде металлургиялық кластерді қалыптастырудағы алғашқы ірі нәтижелердің бірі деп сеніммен айтуға болады. Ферроқорытпа дегеніміз – бүгінгі таңда жоғары технологиялық болат өндірісінде берік, сапалы болат алу үшін қолданылатын қоспа түрі. Оның да әр түрі болады. Қызылорда қаласында салынатын зауыт соның ішінде төмен алюминийлі ферросилиций өндіретін болады. Ферросилиций негізінен болаттың барлық қолайлы сорттарын байыту үшін, сонымен бірге трансформаторлық және конструкциялық болаттардың бірқатар белгілерін күшейту үшін қолданылып келеді. Сарапшыларының деректеріне сәйкес, әлемдік нарықта төмен алюминийлі ферросилицийға жыл сайынғы сұраныстың өсуі 300 мың тоннаны құрайды. Ресейлік «МеталлТорг.ру» сауда жүйесінің 2014 жылғы маусым айындағы деректеріне сәйкес, кремний құрамы 75 пайыз болатын ферросилицийдің 1 тоннасының құны Еуроодақ нарығында – 1595, АҚШ нарығында – 2122, Ресей нарығында 1735 долларды құрады. «Ферроқорытпа зауытының құрылысы» жобасының болжамды құны 240 млн. доллар болса, құрылысқа салынатын инвестиция көлемі 211,5 млн. долларды құрамақ. Таза өнімді өткізу бағасы 1 тоннасына 1307 доллар. Жобаның өтелу мерзімі – 6 жыл.

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен тау-кен металлургия және пайдалы қазба байлықтары жөніндегі ҚР Президенті жанындағы жер қойнауын пайдалану сала кеңесінде Қызылорда облысында металлургиялық кластерді дамытудың жол картасы мақұлданды. «Өңір экономикасын тұрақты қамтамасыз ету үшін 2016-2017 жылдары аймақ экономикасын әртараптандырып, басымдықты тау-кен металлургиялық саланы дамытуға беру керек» деді кеңес отырысында облыс басшысы. Үкімет басшысы Сыр елінде қолға алынып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді және «Инвестиция тартуды қызылордалықтардан үйреніңдер» деп өзге өңірлер басшыларын қамшылады. Ал өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевтің төрағалық етуімен ферроқорытпа зауытының құрылысы жобасының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағамдау жайында қоғамдық тыңдау болып өтті. Аталмыш зауыттың құрылысы үшін индустриялдық аймақтан 50 га жер телімі белгіленген. Зауытта әрқайсысы жылына 33 мың тонна ферросилиций шығаратын қуаттылығы 33 МВт-тық 6 пеш орнатылады. Сондай-ақ, жобада ең жаңа энергия үнемдейтін жабдықтар қойылып, заманауи технологиялар қолданатын болады. Жиын барысында баяндамашы С.Большакова зауыттың барлық экологиялық нормаларға сәйкес келетіндігін, сонымен қатар, рудотермикалық пештен шығатын қоқыс шлакоцемент өндірісінің шикізаты болып табылатындығын жеткізді.

Жалпы, тау-кен металлургия кешені әлемдегі көптеген
елдердің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуын анықтайтын маңызды
салалардың бірі. Ал, Қазақстанның тау-кен
металлургия кешені – ел экономикасының маңызды бір бөлігі. Қызылорда облысының
әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде
болашақта Сыр өңірі де осы маңызды салаға өз үлесін қосатын болады. Сонымен жыр
елі, ырысты, күрішті атанған,
мұнайлы-шырайлы өлкеге айналған Сыр елінің енді тау-кен металлургия саласын
дамытатын шағы да алыс емес.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз