«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПОЙЫЗЫ» – ҚАЗАЛЫДА

104

0

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПОЙЫЗЫ» – ҚАЗАЛЫДАТеміржол вокзалының алды таңсәріден жұртшылыққа лық толды. Аумақты
алаңға жиналғандардың жүзінен мерекелік көңіл күй аңғарылады. Көкбайрағымызды асқақтата көтерген нар тұлғалы жігіттер, қолдарына
шар, жалауша ұстаған жастар, көктемгі қызғалдақтай құлпырған қырмызы
қыздар айтулы шараның жақын қалғанын сездіргендей. Міне, тағатсыздана тосқан
сәт те келіп жетті. Қабырғасына айшықты әріптермен «Мәңгілік ел» деп жазылған
пойыз ортаға жеңіл сырғып тоқтады. Шалқыған әуен құйқылжыта төгілген еді.
Қадірменді қонақтарды ақ кимешекті әжелер қауымы ұлттық дәстүрімізге сай шашу шашып қарсы
алды.

Жиналғандар алдында құттықтау лебізін білдірген Қазалы
ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында
еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық патриотизмді
насихаттау мақса­тында жасақталған «Мәңгілік ел» пойызының ауданда болуы өңір
тұрғындарына зор мәртебе екендігін атап
өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов тұргындар атынан
делегация мүшелеріне ақ жол тіледі.

«Мәңгілік ел» пойызының делегация басшысы, Л.Гумилев атындағы
Еуразиялық Ұлттық универ­ситетінің «Халықаралық қа­тынастар» кафедрасының
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісов аталған сапардың
мақсаты қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, қазақстандықтарды Елбасының бейбітшілік пен келісім саясаты
төңірегіне топтастыру екенін айтып, пойыз сапарын республикамыздың 33 елді
мекенінде өткізу жоспар­ланғанына тоқталды. Сыр өңі­рін­дегі сапар тарихы терең
Қаза­лыдан басталғанын, делегация құрамындағы Ауыл шаруашылығы, Денсаулық,
Әділет министрлігі, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы, өзге де салалардың білікті
мамандары, басшылары жұртшылыққа ақыл-кеңес беріп, арнайы қабылдау жасайтынын
жеткізді. Қарсы алу рәсімінің соңында аудан өнерпаздары орын­­да­ған «Қазалы вальсі» әнін қонақ­тар
аса қошеметпен қабыл­дады.

«Мәңгілік ел»
пойызының делегация мүшелері Мәдениет орталығында тұрғындармен жүздесті. Жиынды
аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап ашты. Делегация басшысы, тарих
ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісовтің нақты деректермен шұрайлы тілде
жеткізген әңгімесі мәнді болды.

– Тәуелсіздік – асыл мұратымыз. Біздің егеменді елімізде ширек ғасыр аралығында іргелі істер
атқарылғаны, төрткүл әлемге танылғаны баршаға аян. Достықты ту көтерген сан ұлт
өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешуде. Баршасы Тұңғыш
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатының нақты жемісі – деді
белгілі ғалым.

Сондай-ақ делегация
мүшелері «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Талғат Жақиянов пен
Астана қалалық «Ахыс­ка» түрік мәдени орталығының төрағасы Аскер Пириевтің
лебіздері де көпшіліктің көңілінен табылды. Мұнан соң Қа­залы ауданының
тұрғындары Светлана Крюгер мен Жұма Нафисаөздерінің қазақ ұлтына арналған жү­рек­жарды ризашылықтарын мем­ле­кеттік тілде мүлтіксіз
жеткізгенде со­ғылған шапалақ үні кең
залды кер­неді. Жиын соңында құрметті қо­­нақтар аудандық кітапхана ұжы­мы­на құнды кітаптарды сыйға тартты.

Келесі кезекте
«Мәңгілік ел» пойызындағы білікті дәрігерлердің науқастарды қабылдаған сәтінің
куәсі болдық. Аудандық емхананың іші-сырты адамға лық толы екен. Бәрінің өңінен
үміт нышаны байқалады. Әсіресе кардиолог, бала дәрігері деген атау ілінген
кабинет алдында кісі қарасы мол.Солардың бірнешеуін әңгімеге тарттық. Жанқожа батыр ауылының тұрғыны
М.Қоспан дәрігерге немересі Мадиярды тексеруден өткізуге әкеліпті. Сүп-сүйкімді
балақанды бүйрек сырқаты мазалайды екен. Бұған дейін ауданда, облыс
орталығында емделген Мадиярға астаналық
дәрігерлер ақыл-кеңестерін айтып, қуантса керек.

Қазалы қаласының тұрғыны Гүлнар Пірімбетова Айару атты
кішкентайын тексерген пульмонолог-дәрігер Шам­ша­гүл Наурызалиеваның тарапына
алғысын жеткізсе, Пірімов ауы­лындағы дәрігерлік емхананың фельдшері Бақыткүл Ысмайлдан елді мекеннен бірнеше адам
келгенін естідік. Ал аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ләйла
Ахмет санаулы уақытта көптеген адамның
тексерілуге тіркелгенін, дәрігерлік қызметтің жоғары деңгейде екенін айтты.

«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері бірнеше жерде кездесулер,
жеке қабылдаулар жасады. Жанқожа батырдың кесенесінде болып, баба рухына тағзым
етті. «СПК Қызылорда балық», «Қазалы конфеті» ЖШС, «Рза» АҚ-ның жұмысымен
танысты. Ауданның көрікті жерлерін аралады. Сапар соңы Тәуелсіздігіміздің торқалы мерекесіне
арналған «Мәңгілік ел» акциясының гала концертіне, жастардың флешмобына ұласты.

 

Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы
ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз