“МИКРОБИЗНЕС-ҚЫЗЫЛОРДА”: РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБА

44

0

“МИКРОБИЗНЕС-ҚЫЗЫЛОРДА”: РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАҚызылорда облысы «Микро­бизнес-Қызылорда»
пилоттық жобасын жүзеге асыр­мақ. Сейсенбі күні облыстық әкімдік жанындағы
Ахуалдық орталықта аталған жобаның таныстырылымы болды. Оған облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев және мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мүдделі мемлекеттік
органдар мен ұйымдардың басшылары, аудан, ауылдық округтер әкімдері қатысты.

«Микробизнес-Қызылорда» жобасының өзге бағдарламаларға
қарағанда артықшылығы көп. Дәлірек айтсақ, ауылда бизнес бастағысы келетіндер
кепілдемесіз 10 миллион теңге көлемінде несие алып, кәсіп аша алады. Тек оларға
кәсіпкерлік палатасының өңірлік бөлімшелері мен ауыл әкімдері сенім білдіруі
қажет. Бұған дейін ауылдықтар кепілге қоятын мүлік таппай қиналатын. Облыс
тұрғындарының 65 пайызы ауылда тұратындығын ескерсек, бұл Сыр жұртшылығы үшін
үлкен мүмкіндік болмақ. Айта кетейік, бұл жобаны Қызылорда облысы республикада
алғаш болып жүзеге асырып отыр.

– Өңірлік кәсіп­керлік палатасы­мен бірлесіп «Микро­бизнес-Қызылорда»
пилоттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту
мақсатында 2013 жылдан бастап облыс әкімдігі ЛУКОЙЛ компаниясымен бірігіп,
«Ақниет» жобасын жүзеге асырып келеді. Соңғы 3 жылда «Жұмыспен қамту жол
картасы» бойынша микронесиелендіру көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар, бүгінгі
күні қаражат көлемі 6 миллиард теңгеге жуықтады. Біз дағдарыс жағдайында
халықтың, әсіресе ауылда тұратын тұрғындардың әл-ауқатын төмендетіп алмауымыз
керек. Ол үшін бизнеске жаңа қадам басқысы келетіндерге қаражат қолжетімді
болғаны қажет. Сондықтан осы пилоттық жобаны жүзеге асырмақпыз. Микробизнес
саласында Польша елінің осы тәжірибесі Еуропада үздік саналады. Соның арқасында
халқын талай экономикалық тығырықтан алып шықты. Сол сияқты Қытайда да мұндай
жоба қабылданған, – деді облыс әкімі.

Жиында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік
кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов пилоттық жобаның бағыттары мен шарттарын,
қаржыландыру көздерін таныстырды. Оның айтуынша, микробизнес құру арқылы
жұмыссыздықты болдырмау және жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

– Ауылдық жерлерде кәсіп­керлікті дамыту үшін ең алдымен
тұрақты инфрақұрылымын құру қажет. Сонымен қатар, әр ауданның ерекшеліктерін
ескере отырып, бизнес жоспарларды әзірлеу керек, – дейді Асқар Аралбайұлы.

Пилоттық жобаны үйлестіруші ретінде «Қызылорда» өңірлік ин­вес­тициялық
орталығы» ЖШС бекітілді.

– Ауылдық жерлерде кәсіп ашқысы келетіндер өте көп. Елді
мекендерді жұмыс барысымен аралап жүргенде осыған көз жеткіздік. Сол себепті,
бастағалы отырған жаңа жоба өзінің жемісін береді деп ойлаймын, – деді
серіктестіктің басшысы Самат Ерниязов.

Жиынның басқа қатысушылары да жаңа жобаның игілікке
бастайтынын айтты. Енді көп кешікпей кәсіп жасауға ынталы ауылдықтарға жобаны
түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ең алдымен, оның шарттары мен жұмыс бағыттарын
аудан және ауыл әкімдерінің, жауапты мамандардың өздері терең түсініп алуы
керек. Осыған байланысты, облыс әкімі Қ.Көшербаев тиісті тапсырмалар берді. Сонымен
бірге, аймақ басшысы өңірде микробизнесті дамыту үшін әкімдік тарапынан барлық
қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

 

Дәурен ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз