«МИКРОБИЗНЕС ҚЫЗЫЛОРДА» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

162

0

«МИКРОБИЗНЕС ҚЫЗЫЛОРДА» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ
«МИКРОБИЗНЕС ҚЫЗЫЛОРДА» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІҚазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті қолдауда «Микробизнес Қызылорда» жобасының жұмысы өте маңызды және пайдалы. Кәсібін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге елеулі көмек деуге болады. 
Негізі «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары 2015 жылы басталған. Ол кезде облыс әкімдігі бастаманы пилоттық тәртіппен жүзеге асырған. Бастама өзінің нәтижелігін көрсетуде. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік инвестиция орталығының көмегімен несие алып, кәсібін дөңгелентіп отырған нысандарға пресс-тур өткізді.
Алдымен Тасбөгет кентінде орналасқан жеке кәсіпкер Гүлнұр Баймаханованың «Дарын» оқу орталығында болдық. Орталық өткен жылдың ақпан айында ашылған. Алғашында мектепалды даярлық, ағылшын, математика және физика пәндері бойынша қосымша сабақтар жүрген. Сонан соң өткен жылдың шілде айында керекті жабдықтар алуға 7 пайызбен 1 млн теңге несие алған. 
«Бүгінде мектепалды даярлық, бастауыш сынып оқушыларына оқу бағдарламасы бойынша барлық пәндерді тереңдете оқытып, сондай-ақ жоғары сынып оқушыларын негізгі пәндер бойынша ҰБТ-ға дайындаймыз. Қазір 30-ға жуық оқушы үшін 5 оқытушы жұмыспен қамтылған», – деді жеке кәсіпкер Гүлнұр Баймаханова.
Екінші нысан – «Ақсәуле Мед» ЖШС-ның «Лор орталығы». «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 5 млн теңге несие алып, «Лор-комбайн» деп аталатын жабдықты сатып алған. Таптырмас құрал тамақ, өңеш, мұрын, құлақ қуыстарындағы iрiң, iсiк не бөгде науқас белгілерін дер кезiнде анықтап, оны емдей алады. Құрылғы Қытайдан алынған. Одан бөлек бейнеэндоскоп құралы бар. 
– Орталықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Күніне шамамен 30-40 адам келіп, ем алады. Оқушыларға, балаларға, зейнеткерлерге жеңілдік қарастырылған. Айта кету керек, «Лор-комбайн» әзірге облыс¬та тек диагностикалық кеңес беру орталығында, «Interteach» медицина орталығында және біздің орталықта бар, – деді І санатты лор-дәрігер Алмат Байнаев.
Сонан соң көлік жуу және дүкені бар орталық ашқан «Игілік» ЖК нысанында болдық. Жеке кәсіпкер Толыбек Игілік бұған дейін құрылыс компанияларында дәнекерлеуші болып жүрген. «2010 жылы жер сатып алып, өз кәсібімді жүргізу үшін екі қабатты ғимарат салып, дүкен аштым. Дүкен бүгінде Тасбөгет кенті тұрғындарына қызмет көрсетіп тұр», – деді ол. 
Өткен жылы кәсіпкер көлік жөндеу орталығын ашуға 4 млн теңге алады. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал, Ж.Маханбетов ауылында жеке кәсіпкер Аймырза Нұрмағамбетов 4 млн теңге несие алып, монша, көлік жуу және автокөліктің майын ауыстыру қызметтерін көрсететін техникалық кешен ашты. 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Наурыз» шағын ауданы мен Ақсуат ауылдық округі арасын жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан кешенге келуші саны көп.
– «Микробизнес Қызылорда» жобасы мен үшін кәсібімді өркендетуге мүмкіндік берді, – дейді жеке кәсіпкер Аймырза Нұрмағамбетов.
Жалпы, пресс-тур кәсіпкерлердің кәсібін көзбен көруге, оның игілігі туралы кең түрдегі мағлұматқа мүмкіндік береді. Біз куә болған нысандар істің адамын танытып бақты.
Шынар БЕКБАН,
фото Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз