МӘМС ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ – АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ АЛҒЫШАРТЫ

112

0

МӘМС ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ – АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ АЛҒЫШАРТЫЕлбасымыздың 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауында 5 басым бағыт айқындалғаны бізге мәлім. Түпкі мақсат – әлемдік озық отыздыққа еніп, экономикалық-әлеуметтік даму жағынан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жету.
Жолдауда осы мақсатқа жетудің бір тетігі ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы адами капиталдың сапасын арттыру көзделген.
Медициналық сақтандыру жүйесі – әлемдік тәжірибеде өзінің өміршеңдігін көрсетіп отырған үрдіс. Бұл жүйе Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде, соның ішінде Нидерландтар, Франция, Германия, Чехия, Румынияда тиімді жұмыс жасауда. Сақтандыру жүйесі – медицина саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің, денсаулық үшін ынтымақтастық жауапкершілік пен жүйенің тиімділігін арттырудың озық үлгісі.
Біздің елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу көзделсе, 2015 жылдың қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бүгінгі таңда аталған Заң жобасына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларға байланысты МӘМС қорына жарналарды аудару мөлшерлемелері азайтылып отыр. Атап кететін болсақ: әлеуметтік осал деп танылған 14 санат бойынша мемлекет аударатын жарна көлемі 2018 жылы – 3,75% , 2019 жылы – 4% және 2022 жылдан бастап 4%-5% аралығында болады, ал жұмыс берушілердің аударымдары 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – 1%, 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2% және 2022 жылдан бастап 3% шамасында, дара кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жарналары 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап екі еселенген ең төменгі айлық жалақының 5% мөлшерінде болады, ал белсенді емес халық болса 2018 жылдан бастап ең төменгі айлық жалақының 5% айма-ай аударып отыруға міндетті. 
Осыған орай ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер сақтандыру қорына жарна төлеуге кіріссе, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» өз жұмысын бастап кететін болады.
Жарна төленбеген жағдайда еліміздегі әрбір азаматқа мемлекет тегін медициналық көмектің түрлеріне кепілдік береді, олар: жедел жәрдем және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға медициналық көмек (онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті және т.б.), профилактикалық екпелер (вакцинация), 2020 жылға дейін амбулаториялық- емханалық көмек және амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (2020 жылдан бастап сақтандыру пакетіне кіреді).
МӘМС қорына жарна аударған жағдайда медициналық қызметтің мына түрлерін:  жоспарлы стационарлық медициналық көмек, мейіргерлік күтім, паллиативтік көмек және де 2020 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық көмек және амбулаториялық дәрімен тегін қамтамасыз етуді ала алады. 
Сондықтан қазірден бастап отбасының әрбір мүшесі үшін қай санатқа жататыны және ол қалай және қанша жарна төлеп, қандай көмек ала алатынын алдын ала анықтап алу маңызды. 
Егер отбасы мүшесі жұмыс беруші, дара кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушы, адвокат, кәсіби  медиатор, азаматтық-құқықтық шарт негізінде табыс табатын жеке тұлға болса, қорға аударымдар мен жарналарды 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ең аз жалақының 2 есе мөлшерінен 5% көлемінде аударады, ал жалдамалы қызметкерлердің жарна төлеуді бастау мерзімі – 2019 жылдың 1 қаңтарынан – 1%, 2020-дан бастап – 2%, ал белсенді емес халық 2018 жылдың 1 қаңтарынан 1 ең аз жалақы мөлшерінен 5% төлей бастауы тиіс.
Әрбір азамат өзін қай санатқа жататынын анықтау үшін республика көлемінде  ағымдағы жылдың 5 сәуірінен  «Өз емханаңды таңда» және «Өз мәртебеңді анықта» ұранымен бастау алған жаппай халықтың ҚР МӘМС заңына сәйкес мәртебесін анықтайтын науқан басталды. Осыған орай, облысымыздың әрбір тұрғыны өзі таңдаған және тұрғылықты жеріне мүмкіндігінше ең жақын орналасқан бастапқы медико-санитариялық көмек ұйымына барып тіркелуі және сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін анықтауы қажет.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласында тұрғындардың мүддесін қорғауға бағытталған әлеуметтік бағдарлама. Негізгі мақсаты – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулыққа мемлекет, жұмыс беруші және  әрбір азамат арасындағы ынтымақтастық жауапкершілікті нығайта оты¬рып, денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, саланың тиімділігін қамтамасыз ету арқылы түпкі мақсат медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.
Қаржысы МӘМС қоры арқылы өтелетін сақтандыру пакетіндегі медициналық қызмет әрбір азаматтың аударған жарналарының мөлшеріне тәуелсіз тең дәрежеде көрсетіледі. 
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды  көрсеткіштерінің бірі де бірегейі – ел халқының денсаулық жағдайы мен өмір ұзақтығы екенін ескерсек, елімізде енгізілгелі отырған МӘМС жүйесі шынайы бәсекелестік ортаны қалыптастыру арқылы жеке медицинаның дамуына да зор серпін беріп, денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіруге, әрбір азаматтың сапалы да қолжетімді медициналық қызмет алуға деген конституциялық құқығын барынша қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосары сөзсіз.
Абылайхан РАХЫМОВ,
Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз