МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

71

0

МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМҚыркүйек айының алғашқы жексенбісі – мұнай-газ саласы қызметкерлерінің
күні. Осыған орай кеше облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев аймақтағы мұнай компанияларының қызметкерлерін қабылдап,
кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті мұнайгаз саласының қызметкерлері! Сіздерді
кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мұнай-газ саласы біздің жас
мемлекетімізде шешуші рөлге ие. Бүгінде
Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде алғашқы он елдің, мұнай өңдеу бойынша
жиырма ірі мемлекеттің қатарынан көрінуде. 20 жылда елімізде сұйық көмірсутегін
өндіру үш есе артты. Көмірсутек шикізатының мол қоры Қазақстанда
индустриялық-инновациялық дамуды табысты жүзеге асыруға және тиімді
энергетикалық саясат жүргізуге айтарлықтай мүмкіндік береді,– деп облыс әкімі
сөзін жалғай түсті. – Өз кезегінде Қызылорда облысы­ның мұнай-газ және тау-кен
өндірісі саласы аймақ экономикасының негізі болып табылады. Бұл салалар
облыстың ішкі жалпы өнімінің 45 пайызын құрап отыр. Осы орайда олардың
өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып және облыс аумағында
пайдаланылмай жатқан табиғи байлықтарды мақсатты пайдаланып, саланы әрі қарай
дамыту мәселесіне баса назар аудару керек. Себебі, бұл саладағы өнімнің 1
пайызға артуы ішкі аймақтық өнімдердің өсуінде басқа салалардың 15-40 пайыз
артқандағы көрсеткішпен тең. Бүгінгі басты мәселе облыстың мұнай өндірудегі
көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермеу болып отыр. Әкімдік тарапынан Елбасының Жолдауында
көрсетілген ішкі нарықты мұнай өнімдерімен, газбен қамтамасыз ету, жоғары
қосымша құны бар экспорттық тауарларды арттыру жөніндегі талаптар орындалуда.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мұнай
компанияларының әріптестік іс-қиылдарының нәтижесінде аймақта
әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мол мүмкіндік туып отырғанын жеткізді. – Мәселен, бір ғана білім саласының өзінде,–
деді Қырымбек Елеуұлы,– Қазақстан бойынша биыл 65 мектеп пайдалануға берілсе,
соның 25-і біздің облысқа тиесілі. Сонымен бірге бізде үш ауысымда оқыту жүйесі
жойылды, мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен қамту бойынша келер жылы 100
пайызға жету көзделуде. Осының бәрінде сіздердің қосқан сүбелі үлестеріңіз
бар,– дей келе, облыс әкімі мереке иелерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

«ҚазГерМұнай» компаниясының бас
директоры Кәрім Медет мұнайшыларды құттықтап, қуаныштарына ортақтасқаны үшін
облыс әкіміне алғысын білдірді және халықтың болашағы үшін, ел экономикасының
нығайып, қызылордалықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аянбай еңбек
ететіндіктерін жеткізді.

Салтанатта Қырымбек Көшербаев сала
үздіктерін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Бірнеше қызметкерге
ҚР Энергетика министрлігінің төсбелгісін табыстады.

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз