МІНДЕТТІ УАҚЫТША ТІРКЕУДІҢ МАҢЫЗЫ

49

0

МІНДЕТТІ УАҚЫТША ТІРКЕУДІҢ МАҢЫЗЫАлда-жалда басқа қалаға бара қалсаңыз, бір айдан артық бөгелуіңіз мүмкін болған жағдайда уақытша мекен-жай бойынша тіркелу керектігін біле жүріңіз. Бұл былтыр 22 желтоқсанда қабылданған терроризмге қарсы күрес шараларын күшейтуді қарастыратын заңда міндеттелді. 
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР ІІМ Көші-қон полициясы басшысының орынбасары Галина Сәрсенова мәлімдегендей, заң 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бірақ Үкімет арқылы бекітіп алатын әлі көптеген құжат бар. Сондықтан құқық қорғау органдары уақытша тіркелмеген азаматтарды тек 1 ақпаннан бастап анықтауға кіріседі. Талапқа мойынсұнбағандар айыппұл арқалайды. 
Басқа қалада уақытша тіркелместен бір айдан астам уақыт асыр салып жүрген болса, 16 мың теңге (7 АЕК) төлеуіне тура келеді. Екінші мәрте қайталанған жағдайда қалтасы 29 500 теңгеге (13 АЕК) қағылады. Пәтершілерді тіркеуге қоймаған қожайындарын 10 АЕК немесе 22 600 теңге айыппұл күтіп тұр. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса, айыппұл көлемі – 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 50 АЕК немесе 113 500 теңге. 
– Әрбір азамат тұрғылықты жерін ауыстырған кезде 10 тәулік ішінде тіркеуден өтуі тиіс. Дегенмен, бұл уақытша тұрғындарға байланысты емес. Ол дегеніміз – тұрғын үй иесіне оның үйінде тұрып жатқаны үшін ақша төлемейтін азаматтар. Туыстарымыз бен меймандар. Уақытша тұрғын түсінігі заңда нақты көрсетілген. Сондықтан сіздерге қонаққа келген меймандар тіркеусіз бір ай тұра алады. Мәселе ұзақ уақытқа пәтер жалдап тұратындарға қатысты. Жұмыс істеуге, оқуға, емделуге келгендер, – деді Г.Сәрсенова. 
Басқа қаладағы ауруханаға жатқан адам ем алатын жері, жырақта тіршілік ететіндер мен қонақүйде өмір сүріп жатқандар тұрғылықты орны немесе қонақүйдің мекен-жайы бойынша тіркеле алады. Тіркелген әр адамға пәтерден қандай көлемде орын берілетіні әр аймақта әртүрлі. Мысалы, Алматыда екі бөлмелі пәтердің ауданы орташа есеппен 60 шаршы метр болса, онда тек 4 адам тұра алады. Астанада – 15 шаршы метр, басқа өңірлерде одан көбірек немесе азырақ. 
Тіркелуге төрт-бес құжат, 227 теңге төленгені туралы түбіртек қана керек. Электронды үкімет арқылы тіркелуге де мүмкіндік бар. Ол үшін электронды сандық қолтаңба болса, жетіп жатыр. Және тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. 
«Бұл заңды қабылдауға не себеп?» деген сұрақ туады. Министрлік өкілі Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған террорлық актілерден кейін талапты күшейту қажеттігі анық сезілгенін айтады. Әлемнің көптеген мемлекетінде мұндай тәртіп бұрыннан бар екен. Жаңа заң экстремист немесе террорист болуы мүмкін адамның жүрген жерін анықтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, жемқорлықтан құтылудың бір жолы. 
– Сыбайластық мәселесі – маңызды сұрақ. Біздің қатарымызда қолы таза емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ қайта-қайта пара бергенше, бір рет 200 теңге төлеп тіркелген тиімді, – деді Г.Сәрсенова.
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз