МОЛ СУДЫ ӨТКІЗУДЕ МҰҚИЯТ БОЛАЙЫҚ

74

0

МОЛ СУДЫ ӨТКІЗУДЕ МҰҚИЯТ БОЛАЙЫҚ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жедел мәжіліс өтті. Онда су тасқынының алдын алу жайы талқыға салынды.
Аймақ басшысы кіріспе сөзінде «Шардара» су қоймасынан мол су жіберілуі күтіліп отырғандығын, өңірде су тасқынының алдын алу ел Үкіметі мәжілісінде қаралғанын жеткізді. 
– Мәліметтерге сәйкес, 30 сәуір күні Сырдария өзеніне жіберілетін су көлемі секундына 1600 текше метрден аспақ. Синоптиктердің хабарлауынша, мамыр айының 3-і мен 15-і аралығында оңтүстік өңірлерде жауын-шашын мол болады. Бұл өз кезегінде келер суды секундына 1800-2000 текше метрге арттырады. Мұндай төтенше жағдайға тыңғылықты дайындық, қатаң бақылау керек, – деді аймақ басшысы.
Қалыптасқан жағдай өңірдегі 56 елді мекенге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов дария арнасының осал тұстарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қажетті техника мен адам күші жұмылдырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, су тасу қаупі туындаған жағдайда тұрғындарды көшіру жайы да пысықталған. Серік Салауатұлы дариядан секундына 1600 текше метр су келген жағдайда оның 600-ден астамын Жаңақорған, Шиелі аудандары қабылдайтынын, қалғаны Қызылорда су торабынан өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, көрсеткіш 2000-ға жете қалған күнде де Жаңақорған мен Шиелі аудандарына жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені, Қызылорда су торабынан өткен мол су қорғаныс бөгеттеріне қауіп төндіруі мүмкін. 
Мәжілісте аудан әкімдері қалыптасқан жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелерді хабарлады. Айталық, Жаңақорған ауданында 8 қауіпті аймақ бар. Оларда тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне қажетті көмек көрсетілетінін және дер кезінде әрекет етуді тапсырды. Шиеліде де жағдай бақылауда. Су басу қаупіндегі 11 елді мекенде бүгінде қажетті шаралар атқарылуда. Аймақ басшысы өз кезегінде «Күміскеткен» су қоймасын салу қаржысы шешілгендігін, оған қатысты жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сырдария ауданы әкімі Ғ.Қазантаев ауданда төтенше жағдай жариялауды сұрап, аймақ басшысы сұранысын қанағаттандырды. Өйткені, қауіпті учаскелерді ретке келтіру үшін қаржы керек. Ал, Жалағаш ауданының әкімі Т.Дүйсебаев мол су Ақсу, Шәменов ауылдарына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Десе де, тиісті жұмыстар қолға алынған. Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарында қауіпті тұстар жоқ емес, бар. Бұл аудандарда да тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. 
Аймақ басшысы қорытынды сөзінде тұрғындардың жағдайға түсіністікпен қарауын, мамандар мен жергілікті билік өкілдерінің тапсырмаларын тыңдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, төтенше жағдайдың алдын алу үшін жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз