ӨМІР САПАРЫНДАҒЫ БАҚЫТ БЕКЕТІ

149

0

Мына көсіле жатқан үлкен асфальт жолыңыз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» аталатын әйгілі автодәлізіңіз, тақтайдай тегіс жол үстінде кішігірім пойыз секілді үлкен жүк көліктері тынбастан ерсілі- қарсылы қатынайды-ай! Ал жарқ етіп, жоқ болатындар шетелдің жеңіл көліктері, анадайдан ноқаттай ғана қарасын көресің, лезде зу етіп өте шығады. Автожолдың сапалылығын осы¬дан-ақ аң¬ғара беріңіз. Олай да, былай да зымыраған көліктердің ағып өте шығуы заманы секілді адамдар¬дың да асығыстығын сездіргендей. 
Біз де асығыспыз, алайда, көздеген жерімізге жетуіміз қол көтергенде кідіре кететін, кідіргенде жолай ала кететін көлік иесінің ықыласына тәуелді. Үлкен жолдың қап¬талынан батысқа қарай кө¬сілген жол қиылысынан да¬рияға қарай жол шығады. Тө¬менарық ауылы сол жақта. Сонда баруымыз керек, тапсырма солай, ол жерде об¬лыстық «Мерейлі отбасы» бай¬қауында «Ұлағатты отба¬сы» аталымын жеңіп алған Арыновтар әулеті тұрады. Иә, байқауға түскен соншама шаңырақ ішінен ерекшелену де оңай емес. Сол сәт: 
– Жол шетінде жайша тұрсыз ба? – деген дауыс жалт қаратты. «Нивадағы» жас жігіт  күлімсірей қолын созды…
…Кетпенді көп шапқан кісі-ау, алақаны көнтақыланып кеткен екен, салалы сау¬сақ¬тарын сипай отырып, Бахтек көке сабырмен сөйледі. 
– Әкеміз Сұлтанмұрат соғыстан оралмады. Анам Бақтыгүл қарындасым  Тұрғанкүл екеумізді қиыншылық жылдары тісімен сүйрегендей етіп жүріп же¬тілдірді. Еңбекке ерте аралас¬тым, теміржолдың арғы бетінде «Горняк» деген шаруашылық болатын-ды. Бұрын¬дары Кентауға қарады, сонда жай жұмысшылықты атқардым. Кетпен де шаптым, малға да қарадым, жүк артып, жүк түсірдім, қиыншылықта көштен қалмаудың қарекеті дә…
– Нағима апамыз да осы маңның қызы болар?
– Екпіндінің найманы, екі жарты бір бүтін болайық деп ертеде бас құрадық қой, махабат-сахабатыңда оншалықты шаруамыз болған жоқ… Сексен бес деген жасыңды да көрдік, апаң менен 3-4 жас кіші, жастау,– деп әзілдеп те қойды ағамыз. 
Иә, соқтықпалы, соқпалы өмір өз адымынан жаңылыспайды. Бір жаратушыға сыйынып, тіршілік еткен Арыновтар отбасы қарапайым еңбек етсе де, өз қатарларынан кем болмады, азын-аулақ тұяғы алдында, үйі төбесінде дегендей, құбатөбел өмір сүрді. Бәрінен де шаңыраққа келген әуелгі шақалақтың үнін айтсаңызшы!  Өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанған шешесінің  реңі гүл- гүл жайнап кетті-ау сол кезде. Көрші-көлемді шақырып, шілдехана өткізді. Қыз баланың есімін Тұрсынкүл қойды ырымдап. Атқан оқтай, шапқан аттай зымыраған уақыт білдірмей жасты ұрлап, ол келер жылы алпыс деген асуыңды бағындырмақшы.  Алғашқы сәбидің соңы да жалғасты болды, дүниеге Бақтыбек есімді ұл келді сонан соң. Қазіргі қарашаңыраққа ие болып отырған сол жігіт. Өзі білікті маман, сантехник. Осы үйге түскен келін Патманың да соңы базарлы- 5-6 немере сүйгізіп отыр. 
Бахтек аға мен Нағимадан өрген 1 ұл, жеті қыздың бәрі де мамандық алып, тәуелсіз еліміздің сан-саласында қызмет етіп жүр. Әсіресе, осы шаңырақтан өрбіген 4 бірдей қызы адам жанының арашашысы-медициналық мамандықты меңгерген. Және де осы салада абыройлы еңбек еткен, өз ұжымына да, келушілердің де сеніміне енген ақ халатты абзал жандар. Бибігүл болса, Қызылорда қаласында дәрігер, мақтаулы маман. Ал Зәмзагүл Төменарықтағы ауруханада 30 жыл жұмыс істеді. Зина да «Ұлан әскери гвардиясында» мейірбике болып қызмет жасады. Арынова Алия болса, Талдықорған қалалық емханасында балалар дәрігері. Сол секілді Бақдәулет пен Нұрдәулет атты немерелері Алматыдағы Медициналық академияда оқып жүр.   
Көп айтары жоқ, Арыновтар отбасынан өрбіген 26 немере 24 шөбересі көз қуаныштары. Міне, осы отбасы кешегі «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаздар қатарынан көрініп, үлкен биіктіктен көрінді. Бұл отбасында жастарға үлгі-өнеге боларлықтай қасиет аз емес. Бәрінен де жас келді деп әрекетсіз отырған жоқ, қариялар тырбанып тірлік істеу әдеттерінен танбай келеді. Жұртшылыққа берер өнегесі аз емес. Арыновтар бейнеті мен зейнетіне жеткен адамдар. 
– Қарағым, ауызым ораза, енді дәрет-суымды алып, ауызашарыма қам жасайын, – деген қария орнынан көтерілді. 
Блокнотын қалтасына салған тілшіңіз тағы да жолға шықты, тағы біреу кездесер…  
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы, 
Төменарық ауылы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз