ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕУДІҢ ОҢДЫ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ

61

0

ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕУДІҢ ОҢДЫ ТӘЖІРИБЕЛЕРІКеше Қорқыт ата
атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық прокуратура мен облыс бойынша қылмыстық
атқару жүйесі департаментінің бірлесуімен түрме реформаларына арналған өңірлік форум
болып өтті. Онда «Қайта әлеуметтендіру: Сен қоғамға керексің», «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 іс-шарасы»,
«Сотталғандарды жұмыспен қамту – 2017» реформалары талқыға салынды. Форумға облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық
ұйымдар өкілдері қатысты. Жиынды облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов жүргізіп, алғашқы
сөзді аймақ басшысына ұсынды. Қырымбек Елеуұлы еліміздегі қылмыстық атқару жүйесін
реформалауға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын, бұл мақсатта Қызылорда
облысы да өз үлесін қосып жатқандығын айтты.

– Қызылорда облысы әкімдігі жанында осы мәселелермен айналысатын
консультациялық-кеңесші орган жұмыс істейді. Аталған орган биылғы жылы да жоспарға
сай әрекет ететін болады. Қазіргі таңда қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Бүгінгі күні еліміз түрмедегілердің саны жөнінен әлем елдері арасында 57-орында.
1997 жылы Қазақстан АҚШ пен Ресейді ғана алдыға салып, үштікті қорытындылап тұрған
болатын. Қоғамда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру үшін жасалатын барлық жағдай
мемлекет дамуына өз септігін тигізері анық, – деді облыс әкімі.

Облыс прокурорының айтуынша, қоғамда сотталған азаматтардың санын
рақымшылық жасау­мен азайту мүмкін емес.

– Елімізде 20 жылдың көлемінде 8 мәрте рақымшылық жасалғанмен,
одан көрсеткіш төмендеген жоқ. Керісінше, заң бұзушылардың рақымшылыққа сүйенуіне,
теріс көзқараста болуы­­на жағдай жасады. Қазіргі таңда аталған реформаларды жүзеге
асыру аясында 3 колония жабылды. Нәтижесінде, мемлекеттің 12 млрд. теңгесі үнемделді.
Сондықтан да, сотталғандарды пробация қызметінің есебіне алып, олардың қоғамға бейімделуіне,
жұмыс табуына жағдай жасауға тиіспіз. – деді
Сапарбек Нұрпейісов.

Пробациялық қызметті әлемнің
көптеген елдері пайдаланады. Сотталған азаматты бостандыққа дайындау, оның еңбек
ету қабілетіне сай жұмысқа орналастыру, дәрігерлік көмек көрсету секілді қолдау
жұмыстары оның қоғамға бейімделуіне көп ықпал етеді. Нәтижесінде, оның қайта қылмыс
жасау ықтималдығы төмендейді. Бұл орайда Ұлыбритания, Швеция, Франция, Германия
секілді өзге де Еуропа елдерінің тәжірибелерін біздің елде қолдануға болады.

Атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, облыс­та 2015 жылы пробациялық
бақылау белгіленген сотталғандарға көрсетілген әлеуметтік-құқықтық көмектер
2014 жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Айталық, 522 сотталғанға медициналық көмек
көрсетілсе, 30-ның білім алуына жағдай жасалған. Ал жұмысқа орналасқаны –
345.

Сонымен қатар, жиында облыс прокурорының орынбасары Қайрат
Бөрібаев, облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Ғанибек
Отарбаев, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева, облыстық
кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Мирас Төлебаев, «Еңбек-Қызылорда»
РМК-нің облыстағы филиал өкілі Ермахан Төребеков, Қызылорда облысы бойынша
Қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы Серік Теңізбаев баяндама жасады.

Түрмедегілер санын азайту мақсатында қолға алынған
реформалардың бірі – өтелмеген жаза бөлігін айыппұлға ауыстыру. Сондай-ақ,
оларды шартты түрде мерзімінен босату немесе жеңіл жазаға ауыстыруды қолдану.
Бұл бағыттар бойынша да облыста біршама жұмыстар іске асырылды. Мәселен, 14
сотталған өтелмеген 6 246 568 теңге көлемінде айыппұл төлеп, жазадан босатылған.

Жазасын өтеп жатқан жандарды ақылы жұмыспен қамту олардың
қоғамдық бейімделуіне оң әсер тигізеді. Сондықтан да, темір торда құр қарап
отырмай, еңбек етулеріне барынша жағдай жасауға мән берілуде. Айталық, өңірдегі
ЗК-169/5 түзеу мекемесінде бүгінгі таңда 162 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған.
Мекеменің өндіріс аймағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарында олар күнделікті
тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар жасап шығарады.

Форум соңында аталған мәселелер бойынша қатысушылар пікір
алмасып, өз ойларын ортаға салды. Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін
тапқан соң» деген сөз бар. Сондықтан да, қателікке жол берген жандардың қоғамға
бейімделуі үшін қолдан көмекті жасау сауапты іс болмақ.

Форумға қатысушылар жазасын өтеушілердің қолынан шыққан
тұрмыстық, қолөнер бұйымдарымен және өндірістік өнімдерімен танысып, бұл
бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға берді.

 

Нағымжан
САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз