Өмірге құштар Оңғарбай

81

0

Өмірге құштар ОңғарбайОңғарбаймен шүйіркелесе
отырып ауыр ойға берілдім. Шынтуайтында, оның басынан кешкендері кім-кімді де
ойлантпай қоймас еді. Бір қарағанда өзгелерден пәлендей айырмашылығы жоқ
қарапайым жан тәрізді көрінеді. Алайда, жан дүниесіне тереңірек зер салып,
әңгімеге тартсаңыз, ерекше тағдыр иесі екенін байқайсыз. Осыншама қайрат
жұқалтаң жүзді азаматтың шақтас тұлғасынан қалайша табылып тұрғанына тәнтілік
танытасыз.

Желден жүйрік уақыт. Оңғарбай
жол апатына ұшырағаннан бері де отыз
жылға жуық уақыт өтті. Сол тұстағы серіппедей шиыршық атқан жас жігіт енді ел
ағасы атанар шаққа қадам басты. Құдай қосқан ақ некелі зайыбы Сайлаукүлі немере
сүйіп, әже атанды. Жаратқанға мың да бір шүкір. Пешенесіне адал жар жазыпты.
Келіншегі өмірдің ауыр сынағында сыр бермеді. «Ғұмыр бойы өзіңмен бірге
боламын» деген сертінен айнымады. Арадақаншама жыл сырғығанымен қабақ шытып көрген жері жоқ. Бәз-баяғы ақжарқын
қалпы. Оңғарбайды мәпелеп күтуден ешбір жалыққан емес. Екеуінің бар үкілі үміті Ғаниы болды. Көзінің
қарашығындай жалғыз ұлдарын алданыш тұтты. Жанға батқан жарақаттан талай таңды
кірпік ілмей атырған сәттерде Оңғарбай
дерттің зардабын сәбиінің сүйкімді күлкісі жеңілдеткендей сезінетін.

Бәрі күтпеген жерден өрбіді.
Мамырдың жанға жайлы қоңыр түні болатын. Су жаңа машина жүйткіп келеді.
Кенет… аяқ астынан шыққан оқыс дауысты шала-шарпы құлағы шалған. Іле-шала
төмен қарай құлдилаған көліктің тұмсығымен жер сүзе төңкерілгенін жан-тәнімен
түйсінді. Арғы жағын арада көп уақыт өткенде естіді. Машинаның басқару тетігінің білігі қақ
бөлінген екен. Аса қиын халдегі Оңғарбайды тікұшақпен облыс орталығына
жеткізіпті. Жарық ғаламдағы татар талқаны таусылмаған сынды. Тұлабойында сау
тамтығы қалмаған бұл ауруханадан тірі шыққанда таңданбағандар кемде-кем. Мұнан
кейінгі үздіксіз емделулер де нәтиже бермеді. Қарағандыдағы емдеу орталығы,
Әндіжандағы профессор Чань, Гүлстандағы атақты дәрігер, Қырғызстандағы белгілі
халық емшісі… ашпаған есігі қалмады. Амал қанша, сонан бері І топтағы
мүгедек.

Бірақ ауыр сырқат тәніне мықтап сіңгенмен, жігерін жасыта
алмады. Жары Сайлаукүлдің, жалғызы Ғанидың қорғаныш-панасы тек өзі ғана екенін
ұғынған Оңғарбай қатты ширықты. Дүр сілкініп кәсіп жасауға кірісті. Тылсым
деген осы шығар. Сау кезінде қолына тебен ұстап көрмеген Оңғарбай шебер
тігіншіге айналды дегенге сенер ме едіңіз?! Десе де, ақиқаты солай. Әдепкіде
тері илеумен басталған қадамы тұтынушының талғамынан табылды. Алғашқы жеңісі
жетістікке жетеледі. Келесі жолы жұмысшыларға арналған қолғап тігуге кірісті.
Алдынан кедергі кездесті. Дайын өнімді өткізу мұң болды. Не істеу керек? Ел іші
қайырымды жандарға кенде емес екен. «Асыл-Ғани» ЖШС директоры, аудандық
мәслихат депутаты Өмірзақ Түктібаев қол ұшын созды. Серіктестік есебінен бұл
көз майын тауысып, тіккен қолғапты көтере сатып алып, мәрттік жасады. Оқаң енді
ерлер мен әйелдердің бас киімдерін, тон тігуге шындап бел байлады. Жаман болған
жоқ. Бірінен бірі естіп тапсырыс берушілер көбейді. Әрине, бәріне тегеурінді
төзім қажет. Денсаулығы балғадай сау адамның өзін қажытатын ауыр шаруа Оңғарбайға керісінше қуаныш
сыйлады. Келе-келе кәсібін ұлғайтты. Ел
азаматтары да қарап қалмады. Солардың жанашырлығымен «Даму» қорынан тегін
токпен істейтін тігін машинасын иеленгенде төбесі көкке жеткендей шаттанды.

Өткен жылы төменгі пайызбен
қомақты несие алды. Бұл үшін сол кездегі аудан әкімі Бақыт Жахановқа, кәсіпкерлік бөліміне, жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөліміне кейіпкеріміздің айтар алғысы шексіз.
Оңғарбайдың отбасындағы жағымды жаңалықтар жалғаса берді. Сайлаукүл екеуінің
бар бақыты Ғани ат жалын тартып мінді. Жоғары оқу орнын бітірді. Ел ағаларының
қолдауымен мамандығына сай қызметке орналас­ты. Жүрегі қалаған Айгерім атты
арумен отау құрды. Ажалдың өзіне тура қараған құрыш қазақ Оңғарбай той үстінде
тұңғыш рет жас сәбише егілді. Жаратушыға қос құлынының амандығын тілеп
жалбарынды. Шын тілесең, Алла көз жасыңды көретіні рас екен. Әуелі Әлия, сонан
соң Нұрмұхамед есімді бүлдіршіндер дүние есігін ашты. Немересінің есімін
Нұрмұхамед атауының өзіндік себебі бар. Сол жылы Қазалыда әулие әрі батыр
Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдық мерейтойы аталып өтілген-ді. Бұл сәбиіне әз
бабасының аруағы жар болсын деген ниет еді.

Тіл-көзден сақтасын. Ғани
тағылымды жігіт болып өсті. Мықты спортшы ретінде көпшілікке танылды. Ол –кір тасын көтеруден Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері. Спорт
төресі атанған жеңіл атлетикадан әлденеше мәрте облыс, дойбы, қол күресінен
аудан чемпионы. Шәкіртсіз – ұстаз тұл.
Ғанидың шәкірті Жасұлан Алмағанбет – кір тасын көтеруден облыста топ жарып
жүрген өрен. Ғанидың жолдасы Айгерім Байсүйеуова болса, «Балдырған»
балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етеді.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз