Мұстафа жайлы жаңа құжаттар табылды

138

0

Мұстафа жайлы жаңа құжаттар табылдыМенің қолыма 2016 жылы шыққан Сұлтанхан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан» деген 528 беттік керемет кітабы тиді. Бұл жинақта ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алаш ұлттық-демократиялық мемлекетінің төрағасы, ғұлама ғалым, публицист Әлихан Нұрмухамедұлы Бөкейханның (1866-1937жж) өмірі мен сан қырлы қызметі туралы 1990-2016 жылдар аралығындағы жарық көрген мақалалар жинағы қамтылған.
Осы кітапты дайындау барысында көптеген кісі ұзақ жыл жұмыс істегені байқалады.

ЮНЕСКО «Шынайы бүкіл әлемдік даңқты қайраткер» деп таныған Әлихан  Бөкейханның 150 жылдығына арналған.

Ресей мен Қазақстанның ара-қатынасының болуына байланысты ФСБ (бұрынғы КГБ-ның) тарихи құжаттарды көруге, көшіріп алуға рұхсат бергені арқасында аса құпия тарихи деректер жарыққа шыққан.
Әлихан Бөкейхан (1866-1937жж) 71 жасында ұлтшыл есебінде және Нығмет Нұрмақұлы (1895-1937жж) 43 жасында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілсін дегені үшін айыпталып, үштік үкімімен екеуін де 27 қыркүйек 1937 жылы ату жазасына кесіп, атуды сол күні орындап, сол күні Дон зиратына көмілген.  Ә.Бөкейхан соңғы сөзінде: «Мен Совет үкіметін сүйгенім жоқ, бірақ мойындадым» деп айтқан. Бұл шындық 2009 жылы, 72 жылдан кейін ашылған. Ол  зират тізімінде көрсетілген 700-дей адамның бірі болды. Кітапта зираттың суреті бар.
Ә.Бөкейхан жөнінде кітапты дайындау барысында Ресейдің көптеген қаласына арнайы барып, мол тарихи дерек жиналғаны байқалады. Сол тиянақты еңбектің арқасында 2009 жылы Санкт-Петербордың мұрағатынан сәтімен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі жөнінде жаңа құжаттар табылған.
Бұл құжаттар Мұстафаның орыс императоры универститетіне түсуі мен оқуы жайын, сондай-ақ Әлихан Бөкейханмен ашық әрі  құпия байланыста болғанын анықтай түседі.
М.Шоқай жөніндегі құжаттар кездейсоқ жағдайда табылған. Тарихи құжаттарды іздеушілер Ә. Бөкейханның ғалым-орманшы дипломын алғаннан кейін Петербор университетінің заң факультетінде оқуы, негізінен заң факультетін экстернат түрде бітіргені жайлы мұрағаттың айғақ іздеу кезінде М.Шоқайдың құжаттарына кездескен. Жалпы құжаттардың айтуы бойынша, Ә.Бөкейхан большевиктердің көсемі В.И.Ленинмен бірге экстерн түрінде бірге бітіргені және Алаш көсемінің тоғыз тілде еркін сөйлейтіні жөнінде мәлімет бар.
Тың мұрағаттық құжаттар жас қазақ жігіті Мұстафа Шоқайдың 1910-1914 жылдары Петербор университетінің заң факультетін бітіргені айтылады. Мұрағаттағы №281 істе оның аты-жөні «Чокаев  Мустафа Чокаевич» деп көрсетілген.
М.Шокайдың №3 парақта оның 18-20 жасар кезінде түскен суреті  ерекше көзге түседі, араға бір ғасырдан астам уақыт өтсе де сапасын жоймаған. Ал, №4 парақта Мұстафаның Санкт-Петербор университеті ректорының атына өзін студент қатарына тіркеу туралы өз қолымен жазған өтініші бар (Кітапта суреті бар, оқуға болады). Студенттер қатарына 1910 жылдың 6 шілдесінде қабылданған. Сол өтінішінде университет пайдасы үшін оқу ақысы ретінде 1910 жылы 21 маусымда 25 рубль ақша почта арқылы аударғанын жазған.
Мұстафаның Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітіргендігі туралы кәмелеттік аттестат және кейінірек Санкт-Петербор университетінің заң факультетін бітіргендігі туралы диплом, оның аса қабілетті болғанын аңғартады.
Ол он бір пәннің жетеуінен «5» деген баға алған. Құдай заңын үйренуден мұсыл¬ман дінінде болғандықтан босатылған. Латын, неміс, француз тілдері мен «математикалық география» пәндерінен үлгерімі «4» деп бағаланыпты  (Кітапта аттестат пен дипломның суреттері бар).
М.Шоқайдың туу туралы куәлігінде былай деп жазылыпты: «1902 жылдың 10 наурызы. Біз төменде қол қоюшы Градеков болысы №3 ауылдың қазақтары 1890 жылдың желтоқсан айында (туған күні көрсетілмеген) ауылдасымыз Шоқай Торғаевтың заңды әйелі Бақытбикеден ұл туып, оған «Мұстафа» деп ат қойғанын растаймыз. Растап қол қоюшылар: Әліш Торғаев, Әбубәкір Әлішев, Шаймухамед Дүйсенманов және Палмухаммед Айтму¬хаммедов. Балаға ат қойған молда Әбубәкір Әлішев.
Осы куәлік, маған – халықтың биі Оспан Торғаевқа әкелінді. Қазақшаға тілмаш, губерниялық хатшы Ир. Қасымов аударды. Тағы куәлік жөнінде мынадай дерек келтірілген: «Бұл куәлік Перовск оязы, Гродеков болысы қазағының ұлы Мұстафа Шоқаевқа берілді. Ол Шоқаев, Түркістан өлкесінің жергілікті тұрғыны ретінде әскери қызмет туралы жарлығының 42-бабының негізінде әскери қызметке алынбайды».
Петербург университетінің заң фа¬культетін 1914 жылдың 29 қыркүйегінде бітірген жөнінде дипломның суреті басылған.
Университетті бітірген жас маман Мұстафаны 1916 жылы Әлихан Бөкейхан бірінші жалпыұлттық «Қазақ» газетінің бетінде Ресейдің төртінші Мемлекеттік думасының Мұсылман фракциясының бюросына хатшылыққа ұсынған. Бұл ұсынысқа сол кездегі Петерборда тұратын қазақ зиялыларының шағын тобы қарсы шыққаны байқалады.
Олар 26 жастағы Мұстафа Шоқайдың «Саясат үшін әлі жас және тәжірибесі жоқ» деп есептеген. Дегенмен, Мұстафа хатшылыққа сайланды.
Оның жас болса да, басшы болуға жарайтын қабілеті 1917 жылғы Ресей¬дегі ақпан төңкерісінен кейін оның бастамасымен және тікелей басшы¬лығымен Қоқан автономиясы деген атпен белгілі Түркістан Мухтариятының құрыл¬ғандығы жарияланды. Әлихан Бөкейханның тәжірибесі, саяси сабақтары бекер кетпеген сияқты.
Әлихан Бөкейхан жас Мұстафа Шоқайды Ресейдің жоғары саяси орта¬сына әкеліп кіргізді. Мұстафаны А.Керен¬скиймен бірге оқыды деген әңгіме бекер, жас айырмасы 9 жас. Бұл жерде Алихан Бөкейхан Мұстафаны А. Керенскиймен таныстырғаны анық. Себебі олар бұрыннан таныс, саяси көзқарастары бір болған кісілер.
М.Шоқайдың шетелге барып Парижде тұрақтап қалуының себебі, автордың пікірінше, Әлихан Бөкейхан ұстазының ақылы мен ұсынысы болған деп жобалайды. Себебі Азамат соғысынан жеңіліс тапқан Ақ гвардиялықтар сол замандағы Ресей зиялылары Парижде шоғырланған еді. Мұстафа солармен хабарласып, жұмыс істей алады деп есептеген. Ал енді Әлихан Бөкейханның өзі М.Шоқаймен бірге шетелге неге қашпады деген сұраққа нақты жауап әлі анықталған жоқ, ол келешек тарихтың еншісінде.
Большевиктер Қоқан автономиясын 1918 жылы ақпанда талқандағаннан кейін М. Шоқай 1919 жылдың көктеміне дейін (яғни бір жылдан астам уақыт) елде қалып, ұстазы Ә. Бөкейханмен бірге болады. Сол кезде екеуі сенімді серіктес ретінде Томскіге, Самар, Омбыда сапарлас болып бірге жүрді.
«Мұстафа Шоқай» деген көркем фильмінде тарихи шындықты бұрмалап, Мұстафаны, өзінің ұстазына, яғни бүкіл Алты Алаш баласы көсемім деп қадірлеген Әлиханға қарсы қояды. Бұл жағдайды киноға түсірген кісілер М.Шоқайдың кейінгі кезде қолға тиген тарихи құжат¬тарды тағы бір рет оқып шықса, оңды болар еді. Тарихи шындық халыққа өз атымен айтылуы керек.
Алаш көсемінің қызы Елизаветаның (Смағұл Садуақасұлының әйелі) айтуына қарағанда, 1930 жылдардың бірінші жартысында әкесі француздың «Фигаро» газетімен құпия байланысып, газет бетінде оның мақалалары басқа балама жасырын атпен (псевдоним) шығып тұрған. Мәскеуде 1923 жылы француз  елшілігі ашылған, А. Бөкейхан елшілікке жиі барып тұрған, соның арқасында «Фигаро» газетімен тығыз байланыста болуы ғажап емес. Сол байланыстың арқасында М.Шоқаймен де байланысуы толық мүмкін. Сондықтан бұл қосымша зерттеуді қажет ететін тақырып.
Жалпы М.Шоқайдың тарихи құжат¬тары Ә.Бөкейхан жайында кітапты дайын-дау кезінде сәтімен табылған, ал, тарих үшін М.Шоқайдың қалған құжаттарын сол КГБ архивінен қайтадан зерттеп іздеу керек.  
1925 жылы қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаев түрлі халықтардың мәдени күндері өткен Парижде ән салды. Бұл жөнінде Ә.Бөкейханның досы А.Байтұрсыновқа жазған хатында «Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Мен оны әншілердің үйіне апарып, ән салғыздым. Даусы жақсы. Әміремен бірге бара жатқан өзге халықтардың әншілері өздерінің ұлттық киімдерін киіп алған. Ал, біздің Әміре орыс мещанынша киініпті. Ұят болғалы тұр» деген.
Әлихан Бөкейхан Парижде тұрып жатқан Мұстафаға жазған хатын жол жүріп бара жатқан қазақ әншісінің ұлтарағының астына салып жіберген және жауабын да алған. Әміренің өзі Парижде Мұстафамен кездескені үшін елге келген соң КГБ-дан көп қорлық көрген.

Мухитдін СМАЙЫЛҰЛЫ,
еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз