МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

220

0

МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕКХалыққа білім мен тәрбие беру білімділікті, адалдықты, қарапайымдылықты, адамгершілікті талап етеді. Сондықтан да ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған адамның бейімі де болуы шарт. Осындай қиындығы мен қызығы мол жолды таңдаған Қармақшы топырағының Қызылтам маңында 1925 жылы дүние есігін ашқан, үлкен отбасының перзенті Қайырбек ¬Жаппасбаев еді. Жетіге енді толған шағында шаңырақтың тірегі – әкесі Жаппасбайдан айырылып, қоғам алмасып жатқан кезеңдегі конфискация, жұтты да көріп, аяулы анасының жанкештілігінің арқасында күн көру үшін жат жер асып, аман қалып, заман өз арнасына түскенде туған жермен, елмен қауышып, туған топыраққа  оралған Қайырбек аға еді. 
Ол 1949 жылы Қызылорда педагогикалық учили¬щесін үздік бітіріп, өзінің ұстаздық ғұмырын бастайды. Мектептің қоғамдық өміріне етене араласқан жас мұғалім өз бетінше де оқып-біліп сабақтарын мазмұнды өткізеді. Оқушылар оның сабағын асыға күтетін болды. Қажырлы еңбегінің арқасында көп ұзамай жас мұғалім  Қармақшы ауданындағы «Қаракөл», «Абыла», «1 Май» бастауыш мектептерінің меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті. Зерек те алғыр азамат арнаулы орта біліммен тоқталып қалмай, 1950-1956 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірді. 
«Тіршіліктің тәлімгері – тарих» депті көне ¬заман ғұламасы Цицерон. Тарих ең көне ғылым, оның көтер¬ген жүгі ауыр, басқа ғылымдар тарихтан енші алып бөлінген. Міне, Қайырбек аға таңдаған мамандық осындай күрделі. Өмір өріне жүзуге талпынған білімді де қайсар жасты  басшылар дер кезінде байқап, 1954-1957 жылдары Панфилов атындағы жетіжылдық мектепке директор етіп жібереді. Ол қарапайым мұғалімдіктен осылай оқытушылар ұжымын тәрбиелейтін ұстаздардың  ұстазы дәрежесіне жетті. 
Өзі сияқты мұғалім, ашаң бойлы, қараторының әдемісі Шадаева Қалдыгүлмен отау тігіп, шаңырақ құрды. Қалдыгүлдің әкесі Шадай ақсақал отбасындағы 4 баласын да оқытады.  Үлкені Мәжит аға Ұлы Отан соғысында Прибалтиканы жаудан азат етеді, кейін шаруашылықта басшылық қызметтер атқарды. Одан кейінгісі Қалдыгүл Жаппасбай әулетіне келін болып түседі. Інісі Тынышбек, сіңілісі Бақтыгүл Шадаевтар да ұстаздық жолды қалап, Қармақшы ауданының білім саласына үлес қосты. «Еріне ұнаған әйел еліне де ұнайды» дегендей, Қалдыгүл  жеңгеміз енесінің де, ағайын-туыстың да тілін тауып, Жаппасбай әкенің қара шаңырағының отын әрі қарай маздата береді. Тілегі де, жүрегі де, мамандықтары да бір екі жақсы қол ұстасып өмір деген айдында 56 көктем бойы қатар жүзді. 
1957 жылы балаларының оқуына байланысты Қайырбек аға директорлық қызметтен өз еркімен босап, аудан орталығына қоныстанды. Жосалы қыстағындағы М.Калинин атындағы, кейінірек №26 Ш.Уәлиханов атындағы мектепке тарих және география пәні мұғалімі, Қалдыгүл  Ү.Томанов атындағы мектепке бастауыш класс мұғалімі  болып ауысады. Екеуі де еңбек демалысына шыққанша аудан орталығында еңбек етті. Қайырбек аға – саналы ғұмырында жанының қалауымен табысты еңбек еткен бақытты жан. Мансап қумады, қатардағы мұғалім болып жүріп-ақ абырой мен атаққа, қадір мен құрметке адал еңбегінің арқасында жетті. 35 жыл ұстаздық ғұмырында талай ұрпақты тәрбие тізгінінен өткізді. Мектептің, ауданның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып, халық арасында танымал, беделді болды. Мектеп мұғалімдерінің, аудан мұғалімдерінің тарих және география пәні мұғалімдерінің бірлестігін басқарып, мұғалімдердің тәжірибе алмасып, білімдерін тереңдетіп отыруларына елеулі үлес қосты. 
Ол дәуірде тарихшы мұғалімдер ел өмірінің саяси дамуының бастауында тұрды. Қарапайым халық саяси оқиғаларды сол кісілерден білетін. Ауданның саяси-қоғамдық өміріне Қайырбек аға¬мен бірге сол кісінің қатарластары Р.Шопанов, С.Кішенов, С.Зәлиев Ш.Баекеев, Г.Кенжебекова, С.Нұртаев, С.Баянов -үл¬кен үлес қосты. Олар да бір-бір ұйым¬ның партия оқуының жалынды насихатшылары болды. Қайырбек жер қозғалып жатса да саспайтын сырбаз болатын. Сырты нұрлы, іші сырлы жанға адамдар жақын жүретін. Дауыс көтеріп дауласқанын  да, әлдекімдермен ренжісіп керіскенін де көрген жан жоқ. Үлкен де, кіші де оның алдында әдеп сақтайтын. 
Қайырбек аға Қалдыгүл екеуі қол ұстасып ұстаздық ете жүріп, өмірге тоғыз ұрпақ әкеліп, тәрбиеледі, сөйтіп балаларының қызығын көре алмай кеткен Жаппасбай әке шаңырағын базар етті. Үйдің үлкені әке екенін, оның сөзі ғана заң екенін білген балалары әке мен анадан, бірге туған бауырдан артық жанашыр әрі мейірімді ешкім болмайтынын біліп өсті. Күнделікті тәрбиеде Қайырбек аға зайыбы екеуі қазақтың «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген аталы сөзінен туындайтын салт-дәстүрді шаршамай-шалдықпай бойларына дарыта білді. Мектепте де ұстаз, үйде де  ұстаз ата-анадан алған тәрбие балаларының өмірден өз жолдарын адаспай табуларына бағыт-бағдар берді. 
Алмат «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атанған, облыс пен аудандарда түрлі әлеуметтік құрылыс нысандарын салуға үлес қосып, республикалық ұлттық бизнес орталығының «Сала көшбасшысы» медалімен марапатталған. Жолдасы Жаниса екеуінің мамандығы да, оқыған институттары да бір еді. Ол да құрылыс мекемелерінде жеткілікті еңбек етіп, кейін жергілікті өнеркәсіп мекемелері кәсіподағының төрайымы болды.  Ата-аналарымен қатар өсіп, олардың өмірде кездескен қиындықтарды қалай жеңгенін көріп өскен Алмат пен Жаниса – бүгінде барлық бауырларының ақыл-кеңес беретін үлкендері, әулеттің ауызбіршілігін, ынтымағын сақтайтын ұйытқысы. Алматтан кейін Ұзақ білім қуып Алматы асып еді, сонда оқып ғалым болды. Техника ғылымдарының докторы, ҚБТУ-да профессор. Екі ұстаздың отбасынан неше түрлі мамандық иелері шықты. Уәлиі – ауыл шаруашылығы маманы – агроном, Талғат – қаржыгер, Әділ – механик, Сәуле өмірден ертерек өтті, артында 2 ұлы қалды, Жомарт –энергетик, Сәкен – құрылысшы. Жомарт заман талабына сай, Қармақшы ауданының белгілі кәсіпкері, Ләззат қана ата-ана жолын қуып, ұстаз болды. Бүгінде «ағаның үйі – ақ жайлау» деген қара шаңырақта балалардың кенжесі Сәкен отыр отбасымен. Әдетте, әулеттің тату¬лығы келіндердің ынтымағына байланысты болады. Әрқайсысы  әр отбасының, әр аймақтың қыздары болса, олардың басын біріктіретін ата-енесі. Келіндер де қайын-ененің топырағынан болып шықты. 
Қайырбек аға мен Қалдыгүл бақытты жандар еді. Иә, «өмір деген келімді-кетімді дүние» деген ғой бұрынғылар. Мерзімді уақыттары бітіп, Қайырбек аға мен Қалдыгүл бір кездері екеуі қол ұстасып құрған отау¬ларын мәуелі бәйтерекке айналдырып, дүниеден озды. Олардың өсірген бәйтерегі бүгінде тамырын тереңге жая түсуде. «Адам – ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар. 
Ж.ИМАНБАЕВА,
ардагер ұстаз. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз