Мәжіліс БАҚ туралы заңнамаға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

81

0

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұтастай алғанда, талқыланып жатқан заң жобасында үш үлкен саланы – ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер қамтылды. Заң жобасы  ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғаудың механизмдерін күшейтуге;   бұқаралық ақпарат құралдары қызметінде сапалы өзгерістер жасауға; ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға; ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Осы орайда ведомство басшысы ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заң жобасын депутаттар тиісті жұмыс тобының отырысында жан-жақты талқыланғанын айтты.
«Парламент Мәжілісіне Заң жобасын талқылау мен жетілдіруге қатысты жұмысты тиімді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреміз. Осы уақыт ішінде аталған саланы одан әрі дамытуға бағытталған көптеген маңызды ұсыныс түсті.  Бұл бағыттағы бірлескен жұмысымыз уақыт талабына сай сапалы құжат дайындауға мүмкіндік береді деп ойлаймын»,- деді Дәурен Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада 12 заң мен 4 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осы орайда, Д.Абаев заң жобасында қарастырылған басты бағыттарға кеңірек тоқталып өтті.
«Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан әрі нығайтуды қарастырылып отыр. Соның ішінде әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқық бұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде. Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға жауапкершілік жүктейді», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Тағы бір мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін қандай жағдайда рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. «Мысалы, көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларда жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Сонымен қатар қатар қазақстандық контентті одан әрі қарай қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда», – деді министр.
Атап айтқанда,  қазақстандықтардық бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасын реттеу қарастырылады. Бұл ретте зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты, оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу ұсынылып отыр. «Сонымен қатар күмәнді ақпаратты жариялауда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда. Бұл мәселеде тараптарды тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету маңызды. Бұған қоса, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі де ескеріледі. Мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тең бөлінуіне, сондай-ақ балаларға арналған діни және ағарту телебағдарламалары сияқты ұғымдарды нақтылау бойынша шешімдер ұсынылуда», – деді Дәурен Абаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз