НАҚТЫ ҚАДАМ

94

0

«Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға бет алған кез-келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі.

Осы жолда Елбасымыз Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілінің мәртебесін көтеруге баса назар аударып келеді. Мәселен, Ел Президеті өзінің 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет тарапынан  мемлекеттік тілдің позициясын нығайту бағытындағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігін айтса, өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында: 2025 жылға дейін қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды. Сонда мемлекет басшысы бұл қадамға балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындықтан – барып отырғанымызды атап өткен болатын. Міне, қазақ жазуының латын қарпіне көшу жобасы ұзақ талқылауынан соң Президент соңғы нұсқасына қол қойды.

Әрине, бұл өзгерістердің алдынғы нұсқаларға қарағанда тиімді екені көрініп тұр. Себебі бұған дейінгі талқылаулар барысында көпшілік апострофтар қолданудың тиімсіз тұстарын жиі айтқан болатын. Бірнеше әріптер диграф түрінде жазылып отыр. Бұл орайда, әліпбидің жаңа нұсқасына қарап отырып, жұмысшы топтың техникалық тұрғыда ІТ мамандармен жұмыс жасағандығын, ең бастысы мемлекет басшысының стратегиялық шешім қабылдарда халықтың пікірін ескергендігін анық байқауға болады.

Тарихқа көз жүгіртсек, латын әліпбиін Алаш қайраткерлері де жазу-сызуда қолданды. Сондықтан бұл бізге таңсық дүние емес, еліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадам екенін халыққа жеткізуіміз керек.

Ибадулла Құттықожаев,

«Нұр Отан» партиясы 

Қызылорда облыстық филиалы 

төрағасының бірінші орынбасары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз