ҮНДЕУ

58

0

Арал жұртшылығы Қазақстан Респуб¬ликасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын зор ықыласпен қабылдады.
Дәуірлік маңызы бар құжатта Қазақстан дамуы мен ілгерілеуінің басты кезеңдері көрініс тауып, Мемлекет басшысының ғаламат рөлі айқындалған. 
Тарихқа көз жүгіртсек, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Елбасының алдында екі Жарлықтың жобасы жатқанын бәріміз білеміз. Біріншісі – Қызылорда облысын тарату жөнінде. Екіншісі – Арал ауданы тұрғындарын басқа аймаққа көшіру туралы.
Сол шешуші кезеңде Елбасы «Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылмасын» – деп, жаңа Астананы құруды бастап жатқан тұс еді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, түйенің қомында, аттың жалында жүріп жеткен кең-байтақ шекарамызды шегендеп, 2500 пайызға өскен инфляцияны жеңумен, тоқтап қалған өндірісті жандандырумен, құлдыраған ауылмен, шамшырағы сөнген қалалармен айналысып жатқанына қарамастан, Алаштың анасы – Сырға сенім ұялатып, айдыны қайтқан Аралға араша болды. 
Елу жыл бойы суы тартылған теңізді толтыруды мақсат етіп,           1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде тұрып, Арал теңізінің тағдырын айтып, бүкіл адамзаттың назарын Аралға аударды. Қызылорда қаласында теңізбен шекаралас жатқан бес мемлекеттің басшысын жиып, арнайы мәжіліс өткізіп, адамзат баласына ортақ мәселені шешудің жолын қарастырды. Халықаралық «Арал теңізін құтқару қоры» құрылды.  Бұл өте тағдырлы қадам еді. 
«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы өмірге келді. «Ғасыр жобасы», «Дүниенің сегізінші кереметі» атанған САРАТС жобасының алғашқы кезеңі бойынша тартылып қалған теңіздің табанына су толды. Кіші Арал теңізі пайда болды. Теңіз Арал қаласына дейін жақындады. Бүгінде одан 23 түрлі балық аулануда. Теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан тұздар азайып, экологиялық ахуал  жақсарып, туризмді дамытуға жол ашылды. 
Бүгінде САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі бойынша келіссөздер жүруде. 
2015 жылдың қыркүйек айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында Елбасы әлем халқының назарын Арал тағдырына тағы да бұрды. 
Экологиялық апат аймағында тұратын тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заңды өмірге әкелген Елбасымыз Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткен кезінде жариялаған өз Үндеуінде ең алдымен, Арал мәселесін көтерген болатын. Бұл да Елбасының Аралға деген ерекше қамқорлығының белгісі емес пе?! Ал, 2005 жылы ауданға арнайы іссапармен келгенде «Ең таза су – аралдықтарда» деп, таза ауыз су құбырын өз қолымен қосып бергені аудан тұрғындарының әлі күнге көз алдында. 
«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін темір жол бойында көптеген нысандар ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Елбасының қамқорлығының арқасында көгілдір отынға қол жеткізілді.
Елбасы салдырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының игілігін көрген аралдық кәсіпкерлер бүгінде Ресей нарығын игеруге кірісті. Жақында ашылған Ресейдің Ульяновск облысы Димитровград қаласындағы балық өңдеу зауыты – бұл сөзіміздің дәлелі.
Мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күннен-күнге даму үстінде. «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген тарихи сөзі аудан халқының жүрегінен осындай жарқын істермен орын алды. 
Қазақстан «Арал өлді» деген тіркесті тұтасымен өзгертті. Өйткені, бүгінде кіші Аралда теңіз толқып жатыр. Бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта пайда болып, ол алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда. Баяғыда үдере көшкен халық атамекеніне қайта оралды. Ал осының барлығы Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында іске асып жатқанын барша жұртшылық жақсы біледі.
Тәуелсіздік жылдарында төбедегі келді, арманымыз орындалды, мақсатымызға жеттік. Сыйлы мемлекет болдық, Тәуелсіздігімізді нығайттық, алпауыт мемлекеттердің басшылары маңызды мәселелерді Қазақстан Президентімен ақылдаспай шешпейтін болды. Астанамыз Еуразияның ордасына айналды. Егерде «Біз үшін Тәуелсіздік бағасы қалай?» десе, біз «Аралдың арнасы толып, өшкені тірілді, тіршілігі оянды, халқының болашаққа деген сенімі артты» дер едік.
Сыр елі халқының, Арал жұртшылығы мен болашағының тағдырындағы Елба¬сының ұшан-теңіз баға жетпес ерлігін бағалай келе, Арал қаласында Елбасы Нұр¬сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткішін орнатуды ұсынамыз және оны қолдауға шақырамыз!
Ал алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға Арал жұртшылығы белсенді қатысатындығына сенім білдіреміз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры баян¬ды, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын! 
Ұсыныс білдірушілер: 
Арал аудандық қоғамдық 
кеңес төрағасы:А. Жоланов
Қоғамдық кеңес хатшысы:
Е. Сарымбетов
Қоғамдық кеңес мүшелері:
Д. Мадинов 
М. Жұмашев
Е. Жеткерұлы
Ғ. Тоғысова
Қ. Еңсепов
Т. Бисенбаев
Б. Прекеев
А. Бөлекбаев
Г. Дошниязова
С. Евилхан
М. Сейітов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз