ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

333

0

Қызылорда қаласындағы өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлік ны­сан­дардың жұмысымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдас­ты­рыл­ды. Алдымен журналистер Тасбөгет кентінде орналасқан «Нұр Строй ЛТД» ЖШС-ның жұмысын көрді. Зауыт өндірістік, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы құрылысына арналған өнімдер мен электр желісіне темір-бетон бағаналары, жол, тротуар тақталары және бетонның сан түрлі өнімін  шығарып келеді. 

Бүгінде кәсіпорын 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыспен қамту орталығы  арқылы келген жастар тұрақты жұмысқа орналасып, біліктіліктерін арттыруда. «Нұр Строй ЛТД» ЖШС директоры Нұрлыбек  Қалекеев  темір-бетон өнімін өндіретін зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігін толығымен баяндап берді.

– Зауыт жұмысы жылдан жыл­ға жанданып келеді. Тапсырыс кө­лемі ұлғайған.  Өзге облыстарға да өз өнім­де­рімізді жөнел­тіп жатырмыз. Атап айтар болсақ, Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қос­танай, Тараз, Шымкент және Түркістан қаласынан келген тапсырыстар орындалды. Жұмысшылар үшін де барлық жағдай жасалған. Асхана, тасымал көлігі қызметкерлерге оңтайлы шешілген. Сый­ақы үлестіріліп тұрады. Мұнда өнім­нің 276 түрі шығарылады,-деді.

Кәсіпорында ауыр заттарды көтеруге арналған 24 кран болса, жүргі­зу­шілер кілең әйелдер. Солардың бірі – Сәулекүл Дүйсенова.  Ол 17 жасынан бастап мекемеде  еңбек етіп келеді. Бүгінде инженер- технолог. Білікті маман әрбір  тапсырыстың өлшеміне жауапты. Қазіргі кезде зейнет жасына жеткен Сәулекүл көпжылдық тәжірибесін жастармен бөлісіп, үйретеді.

Мұнан кейін журналистер жақында ғана іске қосылған «НефтьПромСнаб» ЖШС-ның шыныпластикалық құбыр­ларды өндіретін зауыттың жұмы­сы­мен таныс­ты. Зауыт директоры Қазбек Қуанышбаев жоғары қысымды шыны­пластикалық құ­быр­лардың дайындалу барысын көр­сетті. Жалпы бұл  құбырлар мұнай және газ саласына пайдаланылады. Өнімді шы­­­ғаратын аппарат Қытай елінен арнайы алынған. Соңғы үлгідегі автоматты құрылғы барлық қызметті өзі атқа­рады. Алдымен жіп арқылы өріліп, кейін кептіріліп, қырқылады. Ал, шыны­п­лас­тикалық құбырдың дайындалуында қолданатын  заттар Ресей, Оңтүстік Корей елдерінен алынады. Негізінен кәсіп­кер жұмысын бастау үшін «Жол картасы – 2020» бағдарламасы мен «Даму» қоры­ның қолдауы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.  Зауыт басшысының айтуынша, жылына 120-130 мың метр шыныпластикалық құбыр шығаруды жос­парлап отыр екен. Бүгінде кәсіпорында 20- дан астам адам еңбек етеді. Бұған дейін тек Қытай елінен тасымалданатын өнім енді Қызылорда қаласында шығарылады. Бұл – қуанарлық жайт.

Соңғы нысан «Қызылорда құрылыс  материалдары» ЖШС-ның пенобетон шы­ға­­ратын базасымен танысу болды. Ком­панияның негізгі қызметі иннова­ция­лық технологияларды дайындау және облыста өндіріске жоғары технологиялы, тиімді және экологиялық қауіпсіз зерттемелерді енгізу болып табылады. Өткен жылы аталған кәсіпорын «көбікті бетон әзірлеуге арналған көбікті түзуші өндірісі» жобасы арқылы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ тарапынан 32 млн теңге инновациялық гранттың иегері атанған. Кәсіпорын директоры Юн Вячеслав жұмыстың жүйелі жүргізіліп  жатқанын айтып берді.

Жалпы, пресс-тур барысында түйген түйін: соңғы жылдары облыста өндірістік сала қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, жұмыс ауқымын жылдан жылға кеңейтуде. Сонымен бірге жас­тарды   жұмыспен қамтудың озық үлгісі бар.

Сара АДАЙБАЕВА.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз