Інілік ізет

142

0

«Сыр – Алаштың анасы» деп дәріп­те­луінің діңгегі тереңде жа­тыр. Жер кін­ді­гінен жеті қат көк­ке жол ашылған ар­тық­шы­лы­ғын айт­па­ғанның өзінде киелі то­пырақтан кім туылып, кім түлемеді? Басқаны былай қойғанда, ананың ақ сүті, бабаның ақ батасы, даланың дархан иісі қай қазақтың да қасиетіне қасиет қоспаса көңіл сарайын бір мысқал кеміте қойған жоқ. Әсілі, сырбаз Сырдың сарқыты көп, мұнда шығармашылықтың шоқтығы бір төбе, шабытқа шоқ, жүрекке от сыйлап,  көкірек көзін ашқан, таудай талап, бар­мақ­тай бақ берген әсерін «жыр елі» деп жалпы атауға жинап тұр.
Әдебиет деген – ұлы майдан. Бірақ қарулы емес. Тауып жазса – береке, таппай жазса – келеке. Мұны жалпы оқырман  тал­қы­сы дөп басып айтады.
Біздің буынның көркем әде­биетке деген құмарлығы ерекше болатын. Мектептің маңдайалды кітапханасын місе тұтпай, ауылдық деген аты бар кітапхананың дү­ние­сіне құмарлау болдық. Өйткені бала қиялы өсіп, ой әлемі ордасы кең кеңістікті шарлаған тұста кесек-кесек тұлғалардың кітабын оқыған ұнамды еді. Сексенінші жылдардың басында «Қызыл алма» әдеби-сын мақалалар жинағымен қауышуыма түрткі болғанына, сыншы Сар­балаев­пен сырттай таныстырған ауылдық кітапхана екеніне әліге дейін қуанамын.
Өмір берсе, дәм бұйырса, мүм­кіндік тисе, уақыттың сабақтастығы көп нәрсеге қол жеткізеді екен. Мен үшін сәтті ке­зең­дер сыйы аз болмағанын айтқаным ләзім. Жан шуағы жылытып, айқын шы­рағы адаспас жол көрсеткен жақсы адам­дарға жолыққанымды, олардың өмір мек­тебіндегі орнын үнемі үлгі тұтамын. Әсі­ресе, әдебиет әлемі арқылы әсерге толы шақтардың шоқтығы бір бөлек. Бақыт ағамен үш арнада тоғысқан жолым бар. Алдымен, оның әдеби ортасын тап­қан Алматыда мен жоғары білім алсам, ал, түлеп ұшқан Н.В. Гоголь атындағы пе­до­гогика институтында ұстаздық еттім. Ол туып-өскен Жаңақорған ауданында қызмет ету мүмкіндігі тиді.  Анығын айт­қанда, көрнекті ақын ағамыз Шәкизада Әбдікәрімовтің арқасында жазушымен етене жақын танысуымның реті осы қарт Қаратау етегіне қоныс тепкен Жаңақорған жерінде туындады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның лауреаты, әдебиет сын­­шысы Бақыт Тұрсынұлы Сар­ба­­лаев биыл мамыражай ма­мырда жетпіс жасқа толады. Қа­рымды қа­ламгерді туған жері – Сыр елі оқыр­мандарымен, руханият өкіл­­­­дерімен жүздесуіне түрткі бо­лып, Қы­зылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы ша­қырту жасап отыр. Бұл өз кезе­гінде шығармашылыққа қолдау, қа­лам­гер­ге құрмет деп ойлаймын.
Ол 1947 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Қызыл Жұл­дыз» кең­ша­­рының «Жайылма» ауы­лын­да дүниеге келді.
Н.В.Гоголь атындағы педагогика инс­титутын тәмамдағаннан кейін туған ауы­лын­дағы мектепте сабақ береді. Сонан кейін­гі уақытта  Алматы облысындағы Іле аудандық «Ильич жолы» газетіне жұ­­мысқа орналасады. Республикалық «Қа­зақ­стан мұғалімі», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альмана­хында жемісті қызмет атқарады. Сол жемісті жыл­дар­дың маңдай тер, мол мехнаты Қазақстан Журналистер одағы  сый­лығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атан­дырды.
1982-1986 жылдары Қазақ КСР Мә­де­ниет министрлігінің репер­туарлық-ре­дак­циялық кол­ле­гия­сында аға редактор болды. Ұлт басылымы  «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары, ха­лықа­ралық «Қазақ елі» газетінің, «Сын» жур­на­лы­ның бас редакторы лауазымдарын атқарды. Оның Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшесі, Қазақстан Жа­зушылар одағы бас­қар­масының хат­шы­сы секілді  қоғамдық қызметі де ел өр­ке­ние­тіне үлкен үлес, септігі мол қол­ғабыс деп ойлаймын.
Қаламгер Бақыт Тұрсынұлының 1981 жылы «Қызыл алма» әдеби-сын ма­­қа­­лаларының жинағы жарық көрді. Мұнан соң «Ел мен Елбасы» атты кітап­тары шықты. Жекелеген шығар­ма­лары орыс, өзбек, қырғыз, моңғол тіл­де­рі­не ау­дарылды.
Бақыт ағаның шығармашылық әлеуеті әдебиет сыншысы ретінде биіктей түседі. Әрине, сын – үлкен тез, шығармашылықты ширатуға үйретеді. Ал, оған баруға рухани және біліми күшіне сенген, әдебиет әлемінде терең түсінік, сауатты талдау, тіл ерекшелігі, көркемдік кеңістігі бай қаламгер болуы керек. Сондықтан сыншы болуға екінің бірі дауаламайтыны шындық. Солай бола тұрып, бекем бет бұрған Бақыт Тұрсынұлы өндіріп еңбек етті. Оның  «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Жиырма бес», «Бес мүшел», «Шандоз сөздің шаһы» әдеби сын еңбектері жарық көрді. Мәселе – әдеби шығарманың кемшілігінің алдын алып, қазақтың көркем әде­биетін олпы-солпы дүниеден сақтау еді. Міне, кәсіби сыншы Бақыт аға­ның мұндай қадамға баруының өзі көзсіз ерлік. Себебі, сыншы бейтарап тұлға, біреудің көңіліне, біреудің биігіне қарау жараспайды. Уақытында заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов шығармашылығын да сын талқысында мүше-мүшеге бөліп, жіліктеп тастау шеберлігін «оңай олжа» емес дер едім.
Ал, «Сенің сүйікті жазушың» се­рия­­сымен Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сү­гіров туралы жинақтары, «Нұрлан» шы­ғар­машылық портреті оқырман тал­ғамын толтырған, көр­кем және ізде­ніс нәтижесін көр­сет­кен толымды туын­ды­лары. Осы орайда бір тоқталатын жайт, Қызылорда облысы әкімдігінің қол­дауы­мен шыққан көптомдық «Сыр­дария кітап­­ханасы» се­рия­сымен қа­лам­­гердің «Көккесене» әдеби-сын кітабы жа­рыққа шықты. Өте сәтті шыққан туынды.
Кітаптың бұлай аталу себебі де бар. Оның туған ауылымен іргелес Көккесене бейіті тұр. Жаңа­қорғандық ақын Адырбек Со­пы­беков айтқандай, бұл кесене Алпамыс батырдың жары Гүлбар­шынға қойылған. Уақыт озған сайын тозып бара жатқан көне кесене орнына Бақыт аға тарихты тірілтіп, ескерткіш тұрғызғандай болды.
Біз қаламгердің бітім-болмысын, жан сарайын түгел таныдық дей ал­маймыз. Олай дейтінім, проза жанрын сөйлеткен, әдебиет сын­шысы тұрғысында қалам тер­беген туындыларын ғана тақымға бастық. Ал, қаламгердің өлең сөзден де сыбаға тартар ақындық дарыны бар екендігіне күмән жоқ. Демек, әлі де кемел шағында тұрған қаламгердің қолтаңбасы өз биігінде бағалана берер. Әзірге уақыт  төрелігіне қал­ды­рып, үмітті екенімізді үкілей түсеміз.
Бақыт аға – мінезі тұйық, ал, сыр­ласа келгенде үлкен-кішіге бірдей, жібектей жұмсақ кейіптегі кісі. Қарапайым­ды­лы­ғына найза бой­ламайды. Әдеттегідей, атақ-даңқын салып, тап­сырма айтқыштар «тұқы­мынан» емес, барынша бете­геден биік, жусаннан аласа. Ауданға келіп тұрып, ауылына апаратын көлік сұрауға жоқ, ілінгенге ілесіп, көптің қатарында жүруге дағды адам. Бұл біле білгенге мәдениеттілік екенін де түсіндік.
Әдебиет маңайында жүрген қа­лам­­гер­лер рухани бай, етек-жеңі кең келеді. Дегенмен, қаржыдан қолы қысқа, нарық заманының көшіне ілесе алмайтын тұс­тары болады. Өзі ашып айтпаса да, кейде қамқорлық күтеді. Жаңақорған жерінде мүм­кін­дігіне қарай қаламгерлерге қолдау жа­саудың қажеттігін перзенттік парыз санадым. Өйткені олар халық­тың адамы, ел алдында жүруге тиісті.
Реті келгенде айтқан жөн шы­ғар, көрнекті жазушы Тынымбай Нұр­ма­ғам­бетов ағаның да туған жеріне келіп, біреуге міндет артқанын, «жағ­дай олай еді, жұмыс бұлай еді» дегенін естіген емеспіз. Тұйық, әрі тұңғиық ағаның талантына тәнті көп, ал қарапайымдылығына қайран қалатындар одан көп. Жазушының 70 жылдық мерейтойын атап өтуге өзіне өтініш білдіріп, ауданда бірінші рет ұйымдастырдық.
Бірде ғалым Құлбек Ергөбектің «Кіта­бы шықпаған ақын» атты мақаласы қолыма тиді. Автор жа­ңа­қорғандық ұстаздың  ұзақ жылғы шығармашылығы туралы терең толғана келіп, түпкі түйінінде әліге дейін ақынның бір де бір кітабы жарыққа шық­па­ғанын сөз еткен еді. Мұны оқыған бойда Талап стан­са­сындағы мектептің директоры Тұрар Сүлейменов ағамызды тауып алып, қолжазбасымен та­ныс­тым. Көп ұзамай Тұрар ақын­ның «Жүрекке жетсе жыр өлең» атты кітабын бас­падан шығардық. Ақынды көзі тірі­сінде қуантқанымыз да бір біткен шаруа болды.
Жаңақорған ауданында қыз­мет ат­қар­ған кезімде Бақыт Тұр­сын­ұлына деген құрметімізді қалай жеткізсек деген ой жүрді. Оның орайы өздігінен табыла кетті. Қазақ­стан Жазушылар одағынан ұсыныс түсіп, біз депутаттар кор­пу­сымен ақылдаса келе қарымды қаламгер, кәсіби сыншы Бақыт Тұрсынұлы Сарбалаевқа «Жа­ңа­­қор­ған ауда­ны­ның Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдадық. Бұл жерлестерінің бұған дейін әдебиет әлемінде талай марапаттар мен атақтардан кенде болмаған қаламгер құрметіне біл­дір­ген шын пейіл ба­ғасы, әділ шешімі еді. 

Руслан  РҮСТЕМОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.
Республикалық «Айқын” газеті 12 мамыр 2017 жыл.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз