«Нұр Әлемді» аралады

95

0

ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы туристік аймақтың жұмысы бас­талуына орай Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев көпшілікпен бірге халықаралық шараның бас ғимараты болған «Нұр Әлем» сферасын аралады.
«Нұр Әлем», арт-орталық, үздік тәжірибелер аймағы және тақы­рып­тық павильон сынды ЭКСПО-ның төрт нысаны туристік орын ретінде қайта ашылған болатын. Осы оқиғаға байланысты Астана тұрғындары мен қонақтары 11-12 қараша күндері ЭКСПО-2017 көрмесінен қалған туристік нысандарды тегін аралау мүмкіндігіне ие болды.  Премьер-Министр мен «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқарма төр­­ағасы Ахметжан Есімов ғима­рат­тың сегізінші қабатына көтеріліп, Аста­на­ның болашағы жөніндегі экс­понат­тарды аралап шықты. Сон­дай-ақ А.Есімов Премьер-Министрге ЭКСПО-2017 аумағының алдағы жос­пары туралы баяндады. 
«Прези­дентіміздің идеясы – көрме келешегінің жарқын болуында. Бұл – болашаққа деген инвестиция, адам капиталын дамыту бағыты. Әзірленген және мақұлданған көрмеден кейін нысандарды қолдану тұжырымдамасы осының жарқын мысалы», деді басқарма төрағасы. Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде танымал болған «Нұр Әлем» павильонына тоқталып, мұнда шара барысында 1 млн 300 мың адам келгенін еске салды. Енді ол «Болашақ энергиясы» музейі ретінде жұмыс істеп, келушілерін әртүрлі жаңғырмалы энергия көздерімен, осы саладағы соңғы жетістіктермен таныстырмақ.
«Мен «Нұр Әлем» павильоны Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналарына сенімдімін», деді ол. Айта кетерлігі, «Нұр Әлем» ғимараты мен тақырыптық павильондар энергия музейі ретінде жұмыстарын жалғастыруда. Ал осы ау­мақтағы өзге ғимараттар «Астана» халық­аралық қаржы орталығына, Халық­аралық «Жасыл» технологияларды дамыту орталығына және Ха­лықаралық IT-стартаптар технопаркіне беріледі. 
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаровтың айтуынша, жұмыстарын қайта бастаған «Нұр Әлем» сферасы, арт-орталық, тақырыптық павильон мен үздік тәжірибелер аймағына келген қонақтардың қатары қазірдің өзінде көп. «Барлық павильондар танымалдылыққа ие. Туристік нысандарды тамашалаушылардың саны түскі 12.00-ге дейін 3 мың адамға жетті. Халықтың қызығушылығы әлі де басылған жоқ. Оларға жаңартылатын энергия көздері және түрлері туралы мол деректер ұсынып отырмыз», деді ол.  
Шара барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қоғаммен бай­ла­ныс департаментінің директоры Сер­гей Куянов 11 қараша күні көр­ме маңынан ашылады деп жос­­пар­ланған мұзайдынның көпші­­лікке пайдалануға берілуі кейінге шегерілгенін мәлімдеді. «Мұзай­ды­нды салумен жеке ұйым айналысуда. Олар бізден жер телімін жалға алды. Қазіргі таңда мұз қатыру жұмысы жүргізілуде. Ауа райына байланысты олардың жоспарлары аздап өзгерді. Жа­санды мұзды ұстап тұру үшін күндізгі ауа температурасы – 5 градус болуы керек. Ал қазір температура бұл талапқа сәйкес кел­мей тұр», деді С.Куянов. 
Оның айтуынша, мұзайдынның қашан жұмысын бастайтыны белгісіз және ауа райына тәуелді болып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз